«Жас қауым көп басқа тілде сайрағанды бақ санар, Ұлтымыздың болашағын күйрететін нақ солар!..»

20.09.2016
Қаралды: 2345

Бүкіл ғұмырын ұлт тағдырымен сабақтастырып, халықтың мүддесін қорғау жолына арнаған ақиық ақын Мұхтар Шахановты білмейтін жан жоқ шығар, сірә. 

Ол кісі таяуда ғана 74 жасқа толып, туған күнін өзі туып өскен өңірде, яғни Оңтүстік Қазақстан облысында атап өткен болатын. Сәті түскенде біз Мұхтар ағамен сұхбаттастық.

– Мұхтар аға, елдің сөзін сөйлейтін атпал азамат ретінде халық сіздің әрдайым аман-сау жүргеніңізді тілейді. Сондықтан әңгімені қазіргі хал-ахуалыңыздан бастағымыз келіп отыр. Денсаулығыңыз, жалпы жағдайыңыз қалай?

– Енді... мен кезінде екі рет инфаркт алдым ғой. Жүректің көлемін алақандай дейтін болсақ, соның тең жарымынан астамы беріш боп қатып қалған екен. Жартысы ғана жарамды. Кейде шалқамнан жатқан кезде ауа жетпей қалады, аздап қиналамын. Мүмкіндік туғанда Түркиядағы кезінде мені емдеген барып тексеріліп тұрамын. Жақында ғана сол дәрігерге көрініп едім, ол ұрысты. «Жүрегіңіздің кейбір жерлері дұрыс істемей қалыпты. Өзіңізді күтуіңіз керек, күніне кемінде бес шақырым жаяу жүрген жөн», – деді. Жүректі тексеретін бір аппаратқа түсіреміз деп еді, соған әзірге мүмкіндік болмай тұр. Жағдайымыз әзірге осындай.

– Сіз секілді ақын болуды армандайтын адам көп шығар. Осы орайда ақындыққа бет бұрғысы келіп жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазір мен ақын-жазушыларға басқаша көзбен қарайтын болдым. Олай дейтінім, бүгінде айналасына мұрнын шүйіре қарайтын ақынсымақтар көбейіп кетті. Таяуда ғана теледидардан бір ақынды жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр екен. «Қазақтың аса көрнекті ақыны» деп. Бірақ шынымды айтайын, әлгі «көрнекті» ақынды мен танымайды екенмін.

Міне, осындай жағдайларды көріп жүрген соң мен іштей бір ұйғарымға келдім. Меніңше, ақын болғысы келетін адам өзіне іштей «Ақын болу деген не?» деген сұрақты қойып, соған лайықты жауап табуы тиіс. Ал мен бұл сұраққа былай деп жауап берер едім: Ақын болу деген – өзіңді туған ұлттың бар ауыртпашылығын, жеңісі мен жемісін, қателігін, басқа да болмысын өзіңнің жүрегіңнің елегінен өткізу. Мейлі, жүз жерден жақсы ақын бол, бірақ сенің пендешілігің ақындығыңнан басым түссе, онда ол – ақындығыңа сатқындық жасағаның. Осыған сәйкес жазған өлеңімнен үзінді оқиын:

Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.

Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.

Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,

Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды...

Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,

Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?

Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..

Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер.

...Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,

Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы…

Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын,

Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын,

Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу,

Және оның қасіретін,

Ұлтқа, тілге бас иетін,

Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу.

Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу,

Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.

Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан,

Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!..

…Ақынға егер ойына сай шындық парқы қонбаса,

Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса…

– Аға, жалпы, бала-шаға, немерелеріңіз бар, Құдайға шүкір дейік. Солардың тәрбиесіне байланысты қандай да бір ұстанымыңыз бар ма? Жалпы, бала тәрбиесінде нені ерекше назарда ұстау керек деп ойлайсыз?

– Мен бұған өлеңмен жауап берген жөн деп ойлаймын.

Парқына сай азабы бар рухани жолдың да,

Қайсар бағыт-бағдарымның тұруы үшін құламай,

Бір күні мен ұл-қызымды түгел жинап алдым да,

Барлығына екі ортақ талап қойдым мынадай:

«Өздеріңнен өзек жарған менің әрбір немерем,

Өз ұлтына менсінбестік көзбен қарап тебеген,

Орысша оқып, орысша ойлап, тек орысша түс көрсе,

Космополит-мәңгүрттіктен тәлім алар іс көрсе,

Сезінбесе Ана тілдің зор аналық қуатын,

Қасіретті ұғынбаса ұлтсыздықтан туатын,

Ол, әрине, сормаңдай жан – қансыз әрі тамырсыз,

Тамырсыздың кез келгені халқымызға қадірсіз!

Болса-дағы білімі зор, мінезінің міні жоқ,

Маған ондай немеренің бір тиындық құны жоқ!

Жас қауым көп басқа тілде сайрағанды бақ санар,

Ұлтымыздың болашағын күйрететін нақ солар!

Екіншіден, кім жоғалтып алар болса шындығын,

Көп ұзамай әйгілейді ол талғамның сұмдығын.

Телеарнада сайрағыштар – шындығы өлген пенделер,

Ертелі-кеш өтірігін алға тартып сенделер.

Қанша қарттар жас қауымды жалғандыққа баулуда,

Сондықтан да жағымпаздық айналды үлкен ауруға.

Бұл істерге сенімменен, оймен қарап жебеген,

Өз шындығын жойып алса, емес ол да немерем!»

Масқара ғой, қырандармен шатастырса тауықты,

Ал мен үшін ол немере бәрінен де қауіпті.

Жас буынға қояр өзге мүдделер көп десек те,

Осы екі дара талап тұрар басты есепте!

– Ақын жаны нәзік келеді дейміз. Кейіреулер ақындар жиі ғашық болады деп те айтады. Осы Сіздіңше махаббат деген не? Қазіргі жастардың арасында махаббат бар деп ойлайсыз ба?

– Махаббатты мен екі адамның сана биігінде жолығуы деп түсінемін. Яғни бірін-бірі ұнатқан еркек пен әйелдің сана-сезімі, парасат-пайымы бірдей дәрежеде болса, бірі айтқан әңгімені екіншісі іліп әкете алса, ойлау деңгейі шамалас болса, онда оны махаббат деп атауға болады. Ал үйленіп, балалы-шағалы болған ерлі-зайыптылардың бәрінің арасында махаббат бар деп айту дұрыс емес.

Бұл тұрғыдан қарағанда мен сана биігіндегі адамын кездестірді деп Шыңғыс Айтматовты айтқан болар едім. Енді кезінде екеуміз дос болдық қой, сырын да, мұңын да менен артық ешкім білмейді. Содан айта­йын дегенім, ол Бүбісара деген бір қызға ғашық болды. Екеуі тең сөйлесетін, сырласа білетін. Бертін келе Айтматов әр жерден Бүбісарасын іздеп жүретін, алдынан шыға қалатындай қатты алаңдайтын. Онымен өткізген күндерін, Бүбісараның айтқан әңгімелерін көзіне жас алып тұрып есіне алушы еді...

Кейде мұңсыз төзімді де,

Шолақ, қызба сезімді де,

Махаббат деп мадақтаймыз, және соған сенеміз.

Тойға ұласқан үйленудің бәрін де,

Жұбайлыққа үйренудің бәрін де,

Нағыз егіз махаббатпен шатастырып келеміз.

Солай ғұмыр кешкен талай әжеміз бен атамыз.

Тіпті ұрпақ өрбітуді махаббат деп жатамыз…

Зор ақырған дауысымен селт еткізер даланы,

Есектер де сүп-сүйкімді қодық туа алады.

Әр жыл сайын бірнеше лақ тудырады текелер,

Теке сезім қандай жеке сезімменен өтелер?

Биік сана жоқ жердегі істің бәрі доғал ғой.

Әрі оларды махаббатпен шатастыру обал ғой.

Иә, махаббат неге жиі айналады елеске,

Талпынғанның бәрі неге шыға алмайды белеске?

Шын махаббат екі дара, екі іңкәр жүректің,

Шырқау сана биігінде жолығуы емес пе?!

Шырқау сана биігінде жан шындығы қалбырап,

Теңін таппай, жалғыз жүрген тұлғалар да бар бірақ…

– Әңгімеңізге рахмет, аға! Ауырмаңыз, аман болыңыз!

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ