Балаға әкесін сыйлата білген әйел – нағыз әйел

20.09.2016
Қаралды: 1109

Елімізде Отбасы күні мерекесі жыл сайын қыркүйек айында аталып өтуде. Бұдан бөлек, бұл айда Аналар күні мерекесі де бар. 

Шындығында отбасының ынтымақ-берекесін сақтауда ананың орны ерекше. Анадан жақсы өнеге, дұрыс тәрбие алған бала әдепті, ибалы, үлгілі болып өсетіні шындық. Осы орайда ғаламтор парақшаларының бірінен өзіміз оқыған авторы белгісіз мына бір жазбаны көпшілікке, жас шаңырақ иелеріне ой салар деген үмітпен жариялап отырмыз.

...Алты жасар балам: «Су ішем, мама, су ішем!» – деп еді, ана жақта бала емізіп отырған әйелім кітап оқып отырған маған: «Анаған су құйып бере салшы!» – деді. Мен осының алдында ғана осы «Намыс» сайтындағы «Әкенің беделі қалай өседі?» деген анау бір мақаланы оқымағанда баяғыша ұшып түрегелер едім, бұл жолы міз бақпадым. Естімеген кісідей есінеп-құсынап, кітабымды оқи бердім.

Бір кезде емшектегі баланы сілке тастап, әйелім жұлқынсын. «Кішкентай ғана нәрсе ғой, тұяғың қимылдаса өліп кетесің бе?!» – деп шаптықты кеп. Үндемедім. «Күн күркіреп, найзағай жар­­қылдап, жаңбыр сіркіреп» басылған соң ештеңе болмағандай, жұмсақ қана: «Келші, – дедім. – Мен де мұны кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен. Отыр, сөйлесейік!» – дедім.

«Бүгіннен бастап баламның жұмысына мені қолқанат қылуды тоқтатқаның дұрыс, – дедім сосын. – Оның шамасы келмейтін, өзім әке ретінде атқаратын, көмектесетін жұмыстарды, көрсетер мейірімнің мөлшерін өзім білемін. Ол он минут кешігіп су ішсе шөлден өліп қалмайтын еді. Балаңды емізіп болған соң жұлқынбай, бұлқынбай барып құйып бере сал. Әйтпесе өзі құйып ішетіндей қылып үйрет. Дәл осылай кете берсек бұл балалар ертең екеумізді де құл қылып, дегенімен жүргі­зетініне көзім анық жетті. Қысқасы, сен мені құр­меттетіп, балаларды тәр­би­е­леуің керек екен. Балаларымыздың бойына қорыққаннан емес, құрметтегеннен сыйлайтындай дән егіп үлгеруіміз керек. Ертең үлкейгенде кішкене кезінде қор­қытып басқарған амалың жү­зеге аспай қалады. Сонда не амал істемексің? Міне, ол қазір алты жаста. Ке­шіктік, сонда да «Ештен кеш жақсы.

«Балам, әкеңнің киімін жоғары көтеріп қой», «Балам, әкеңнен ұят болмасын!», «Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр, үйді жинастырыңдар!», «Әкеңнің мазасын алма!» … Осындай сөздердің бір күнде кем дегенде біреуі айтылып тұруы керек. Және мұны балаға істете біл. Ал мен күнде емес, аптасына бір рет болса да: «Мамаларыңа рахмет айтыңдар», «Мамаларың ренжіп қалмасын», «Мамаларыңа сыйлық әперейік», «Мамаларыңмен ақылдасыңдар» деген сөздерді айтып тұруым керек. Иншалла, солай болады.

Ойындағысы болмай қалса жер тепкілеп, жер тырнап жылап, екеумізді тілдеп жат­қан мына боқмұрын ертең басымызды қай оңға қаратар дейсің?! Сен мені қа­зірден бастап өзіңе қолқанат, балама құл қылмай-ақ қой. Мұны тыймасаң ертең-ақ сен де менің қатарыма қосылып, келініміз бен баламыз отырған арбаға же­гілген қосар аттай қосаяқтарымыз ғажап емес. Ақырып қалайын десең жүрек қабы жарылып кете ме, түртіп қалайын десең қабаттан секіріп кете ме деп тірі күйік тартудан Құдай сақтасын!

Баланы жұмсап үйрен. Ауылда өскен баламыз ғой, жұмсалғаннан жаман болған жоқпыз.

Баяғыда Жиреншеге біреу: «Қолқанатың бар ма?» дегенде ат үстінде тұрған Жиренше: «Бар», – деп үш жастағы баласын көрсетіпті. «Үйбай-ау, мынау да қолқанат па?» – депті жолдасы. Сонда Жиренше жерге қамшысын тастай салып, үш жас­тағы баласына: «Балам, қамшымды әперіп жіберші», – депті. Баласы домалаңдап келіп қамшыны жерден көтеріп әкесінің қолына жеткізіпті. Сонда Жиренше: «Қолқанат деген осы емес пе?» – деген екен. Оған қарағанда одан екі есе жастағы бала су құйып іше алмайды деген не сұмдық?

Баяғы демей-ақ қояйын, өз әкемді, өз ауылымдағы әкелерді көрдім. Кедейін де, байын да көрдім. Қонаққа барса да бала көтеріп, безілдеп немесе шынашақтай баласына: «Сүйтесің бе? Бүйтесің бе? Кәне, мынаны көрші!» – деп маймылша билеп тұратын бүгінгідей әкелерді көрген емеспін.

Қайдар дейтін кісі есімде қалыпты. Шай ішіп болып, жамбастай жатқанда кіш­кентай балалары үстіне үймелеп алатын. Жарықтық маң­ғаз адам еді, кіші әйеліне дауыс­тап: «Ой, мыналарды алсаңдаршы, әй!» – деп қойып жата беретін еді. Кіші әйелі келіп анау қарадомалақтарды шалының үстінен шыбын үркіткендей қуалап жіберетіні есімде. Сонда әйелі аузың бар ғой, өзің неге айтпайсың демейді. Өйткені ол әке ғой, көкем-ау, әке ғой! Ол балалармен тәжікелесіп, олар оны қылжақ қылып, мынау сөз ұқтыра алмай жатса… ол кезде ондай жағдай әкеге жараспайтын».

Қысқасы, мен әйеліме осындай әңгіме айтып бердім. Бұл оған қатты әсер етті.

Баласына әкесін сыйлата алған әйел – нағыз әйел! Ол әйелдің басы баласының алдында да, жарының алдында да қадірлі боларына күмәніңіз болмасын! Мұндай әйелдің Алладан алар сыйы да молынан болмақ.

Ендеше, қымбатты әйелдер, мұны да біліп, есте сақтай жүріңіздер!»

Ұларбек НҰРҒАБЫЛҰЛЫ.

P.S. Бұл азаматтың сөздеріне қосып-аларымыз жоқ. Ең бастысы, балаға «папа», «мама» деген сырт­тан енген сөздерден гөрі қазағымыздың «апа», «көке» деген әдемі атауларын үйретуді де естен шығарып алмайық, ағайын!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ