Министрлердің көбі орнын сақтап қалды

19.09.2016
Қаралды: 831

Кешегі аптада Үкімет пен бірқатар мемлекеттік органдарда кадрлық ауыс-түйістер орын алды.

Осыған дейін Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары болып келген Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет басшысы қызметіне тағайындалғаны белгілі. Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары лауазымына 2008-жылдан бері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті болып келген Асқар Мамин тағайындалған болатын. Ал кешегі аптада Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Ол мынадай:

Ерлан Ыдырысов – Сыртқы істер министрі, Қалмұханбет Қасымов – Ішкі істер министрі  (бұл қызметті 2012-жылдан бері атқаруда), Бақыт Сұлтанов – Қаржы министрі,  Тамара Дүйсенова – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі (2013-жылдан бері басқаруда), Арыстанбек Мұхамедиұлы – Мәдениет және спорт министрі (2014-жылдан бері осы қызметте), Қанат Бозымбаев – Энергетика министрі, Ерлан Сағадиев – Білім және ғылым министрі, Жеңіс Қасымбек – Инвестициялар және даму министрі, Дәурен Абаев – Ақпарат және коммуникациялар министрі,  Қуандық Бишімбаев – Ұлттық экономика министрі (бұлардың барлығы да қызметке 2016-жылы тағайындалғандар).

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі де өз орнында қалды. Бұл қызметке биылғы мамыр айында Асқар Мырзахметовтің тағайындалғаны белгілі. Ол сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары қызметін де қоса атқаруда.

Қысқасы, министрлердің көбі Үкіметтегі өз орындарын сақтап қалды десек болады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ