Енді жетпегені камуфляж еді

19.09.2016
Қаралды: 1446

«Замананың» электронды почтасына С.Елеубаевтың атынан хат келіп түсті. Бүгінгі күн тәртібінен түспей тұрған мәселелердің бірі туралы болғандықтан оны қаз-қалпында жариялап отырмыз. С.Елеубаев былай дейді:

«Қатты керек болса, қалталарынан төлеп әперсін!

Бүгін Мәжілістегі коммунистер фракциясындағы Айқын Қоңыров бастаған депутаттар Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев пен су жаңа Қорғаныс министрі С.Жасұзақовқа қызық әрі әділетті талап қойды.

Депутаттар күнделікті, мерекелік және спорттық болып үш түрге бөлінген мектеп формасы Білім және ғылым министрінің 2016-жылдың 14-қаңтарындағы бұйрығымен бекітілгенін еске салады.

«Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, ХХІ ғасыр есікте тұрғанда балалардың бәрін инкубатордан шыққандай бір түсті етіп киіндіргенге ата-аналар көніп, қалталарын қағып балаларына форма әперді дейді депутаттар. Сөйтіп баласын мектепке жіберген 10 – 11-сыныптардағы балалардың ата-аналарына тағы бір мазасыздық туыпты. Бастапқы әскери дайындықтан беретін мұғалім менің сабағыма камуфляжды костюммен келесіңдер деп қиғылықты салып жатқан көрінеді.  Ал ондайдың бағасы 20 мың теңгеден басталып, одан әрі өсе беретін көрінеді. Қалт-құлт етіп күндерін зорға көріп отырған кейбір ата-аналар балаларымды мектепке жібердім-ау әйтеуір дей бергенде тағы мынадай талап шығыпты. Бұл талаптың шеті мен шегі бола ма деген бір топ ата-ана Мәжілістегі  коммунистер фракциясына шағым айта келіпті.

Коммунист депутаттар Білім және ғылым министрінің жоғарыда аталған бұйрығында мұндай талаптың жоқ екенін айтып, егер спорттық формамен сіздің ведомствоңызға қарайтын пәнді өткізуге мүмкіншілік болмаса камуфляжды костюмдердің қысқы-жазғы түрлерін мектептерге министрліктің есебінен алып беріңіздер деген депутаттық сауал жолдады.

Мұның әділетті талап екені көрініп тұр, бірақ соған жаңа министр көне қойса жақсы ғой...

С. ЕЛЕУБАЕВ, сарапшы».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ