Тұңғыш көрмесін мектепке бармай тұрып-ақ ашқан адам

19.09.2016
Қаралды: 1727

Ғұмыр-дарияда ұрпаққа өнеге боларлықтай мәнімен қариялыққа қадам басу – екінің біріне бұйырмаған бақыт. 

Барын дабылдатпай, жоғына мойымай, ұлтының өнеріне өшпес үлесін қосып жүрген қарапайым ағаларды көргенде дана қария­лардың жоғалмағанына шүкіршілік етесің.  Жерлесіміз,  Қазақстан Суретшілер және Журналистер одақтарының мүшесі, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Қасымбек Нұрбекұлы – сондай жандардың бірі. Ол кісі сексеннің сеңгіріне сүбелі шығармашылығымен жетіп отыр.

Қасымбек ағаның балалық шағы сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өткен. Сурет салуға деген қызығушылығының басымдығы сонша, қылқаламды есектің құйрығынан немесе аттың жалынан жасап, оны сиясауыттағы сияға батырып бояйды екен.

«Тұңғыш көрмемді мектепке дейін-ақ ашқанмын, – деп күледі Қасымбек аға. – Сол кездегі әліппеге басылған арыстан, жолбарыс­тардың суретін салып, үйдің қабырғасына іліп, бүкіл ауылды көрмеме шақырдым. Ауыл-үй түгел келіп көріп, мақтады. Сол кездегі қолпаштаған мақтаулар өзіме деген сенімділігімді нығайтты».

Шеберханасында  1000-нан аса туындылары бар суретшінің сүйікті тақырыбы – қазақи ауыл өмірі, ұлтының өткені мен ұмыт қалғанын қылқалам ұшында тірілту.

Қасымбек аға жайлы талай мөлтек сырлар жазылып, талай хабарлар берілді.  Ол кісі – жұртты фото өнерімен де тәнті еткен жан. Оның түсірген «Қас-қағым сәттері»  Халықаралық көрмелердің төрінде ілініп, көрерменнің ілтипатына сан рет іліккен. Еңбегі далаға кетпей, өзі басқарған «Тюльпан» фотостудиясына  кезінде «Халықтық фотоклуб» атағы берілген болатын. «Қаратау сілемдері» сериялы суреттері, «Қыз қуу», «Көкпар» сынды полотналары, «Қызылқұм сериалдары», «Отырардың күйреуі» және басқа да көркем туындылары – талайды толғандыратын дүниелер.

Өткеніміз бен өшкенімізді қылқалам шеберлерінің еңбегімен жаңғыртып алатынымыз рас. Осы орайда Қасымбек Нұрбекұлының болашаққа жоспарлаған туындыларының тарихымыздың көшіне қосатын лайықты үлес болатынына сенімім шексіз. Тек деніңіздің саулығын тілеп, зерлі саусақтан зерделі дүние туында­уын күтейік!

Сая ҚАСЫМБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері, драматург.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ