Ешкім де еріккеннен Ақ үйге арыз жазбайды

19.09.2016
Қаралды: 1437

Шымкенттегі Мақталы және Д.Құрманбеков көшелерінің тұрғындары біраз уақыттан бері бір үлкен мәселе көтеріп жүр. 

Олар көше аумағынан өтетін 35 киловаттық жоғары кернеулі электр желісін және оларды ұстап тұрған 11 бағананы алып тастауды өтінуде. Бұл жөнінде редакциямызға хабарласқан Бақытжан есімді азамат айтып берді.

«Бұған қатысты облыс және қала басшылығына жазған шағымдарымызға жауап болмаған соң Президент Әкімшілігіне хат жазған болатынбыз, – дейді ол. – Таяуда ол жақтан жауап келді, онда мәселе облыс әкімдігінің қарауына жіберілгені туралы айтылыпты. Ал облыс әкімдігінен ол қала әкімдігіне өткен. Сосын қаланы электр қуатымен қамтамасыз ететін мекеменің мамандары келіп жұртты тыныштандыруға әрекет жасады. Осыдан кейін тұрғындар аталған көшелер қиылысында үлкен жиналыс өткіздік. Оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Тал­ғат Қасымбеков келіп қатысты, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап болғасын бұл мәселеге қатысты жауапты он күннен кейін беретін болып уәде етті.

Біз сіздердің газеттеріңізде бұл жөнінде де жазылғанын қалаймыз. Қол ұшын беріңіздер. Жоғары қуатты электр желісінің адамдар денсаулығына елеулі түрде зияны бар екенін жұрт біледі. Осындай екенін кезінде «Т.Жұманов» автокөлік базарын көшіргенде заң орындары да айт­қан болатын. Интернетті ашып қараңыздаршы, «ЛЭП»-тің денсаулыққа зияны жөнінде онда егжей-тегжейлі жазылған. Бұдан бөлек, осы электр желісі өтетін көшелер өте тар, онда жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Тура жолдың ортасында орналасқан бағаналарға талай көлік соғыс­қан. Мұндай оқиғалар жүздеп саналады. Жол апаттары кезінде 20-дан аса адам қаза тапқан. Сондықтан біз жоғарыдағыларға осыған қатысты 10 түрлі талап қойдық. Жол үстіндегі 11 бағананы құртып, электр желісін жер астымен жүргізуді, көшелерді кеңейтуді, аяқжол салып, канализация жүргізуді, жарықтандыруды, қатерлі тұстарға түнде жанып-өшіп сақтандыратын белгілер қоюды, Қошқарата өзенінің үстінен өтетін көпірді кеңейтуді, өзенді тазартқызуды өтініп отырмыз. Егер басшылар жүре тыңдап, өтірік уәде беріп бұған құлақ аспайтын болса, біз Президент Әкімшілігіне хат жазбақпыз. Өткендегі хатқа 102 адам қол қойған еді, енді жазуымызға тура келсе оған мыңнан аса адамның қолын қойғызамыз. Себебі бұл көкейтесті мәселе осы төңіректе тұратын талай тұрғындар мен мекеме, кәсіпорын жұмысшыларын да толғандырып жүр».

Редакциямызға хабарласқан азамат осылай дейді. Ол кісі таяуда аталған аумақта ашылған «Фиркан» дүкені иелерінің аталған электр желісінің 250 метрдейін үздіріп, жер астынан жүргізіп алғанын да айта кетті.

«Олар мұны үш-ақ күнде іске асырды. Сонда жоғары кернеулі электр желісін осындай тәсілмен алмастыруға мемлекеттің шамасы келмей ме? Мемлекет шындап қолға алып, тиісті қаражат бөлсе, бұл жұмысты ретке келтіруге болады деп ойлаймыз. Ерте ме, кеш пе, бұл мәселе бәрібір де қозғалмай қалмайды. Сондықтан басшылар тұрғындардың денсаулығын, қауіпсіздігін ойлар болса, жұрттың айтқанына құлақ асып, бұл мәселені тезірек шешкені жөн болар еді. Әйтпесе біздің тікелей Президенттің өзіне шағымданудан басқа шарамыз қалмайды», – дейді ол.

Қысқасы, Шымкенттегі екі көшенің тұрғындары облыс пен қала басшыларының басын ауыртатын осындай күрделі мәселе көтеріп отыр. Олар өз өтініштері орындалмайынша тоқтамайтындарын білдіруде.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ