Дәрігерлер 12 күн «комада» жатқан қызымды аман алып қалды

17.09.2016
Қаралды: 1269

Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Ал денеңізді дерт меңдеп, өміріңізге қатер төнгенде арашаға түсетін дәрігерлер десем, артық айтқандық емес. 

Сондықтан да осы хатым арқылы дәрігерлерге ал­ғыс айтуды жөн көрдім.

Менің қызым Айсұлу Тұрлыбаева үшінші перзентіне жүкті болатын. 3-ші тамыз күні айы-күні жетіп, Шымкент қаласындағы №1 перинаталдық орталыққа түскен. Аллаға шүкір, аман-есен босанды, ұлды болды. Дегенмен босанғаннан кейін күтпеген жерден жағдайы нашарлап, қан кетіп, өміріне қауіп төне бастады. Бастапқыда дәрігерлер мұның себебін жатырдан болуы мүмкін деп болжап, ота жасауға келісімімізді сұраған. Перзентіміздің көз алдымызда жанұшыра қиналғаны кімге оңай тисін? Келісімімізді бердік. Сол сәтте перинаталдық орталықтың дәрігерлері отаны бастап кетті. Дегенмен қызымыздың ұзақ уақыт бойы қансырап жатуы жатырға байланысты болмай шықты. Сол ота барысында қызымыз есінен айырылып қалды. Шамасы бірнеше күннен бері толғатқаны, көп қан жоғалтқаны әсер етсе керек.

Қош, сонымен не керек, түрлі талдамалар жасаған дәрігерлер Айсұлудың екі бүйрегі дұрыс жұмыс істемейді деген тұжырымға келіп, бүйрекке ота жасады. Ол отадан да еш нәтиже шықпаған соң жан-жақтан білікті деген дәрігерлерді жинап, арнайы кеңес өткізді. Бәрі ақылдаса келе бар кінәні бауыр жұмысының бұзылуынан деп тапты. Бұл уақытта қызымыз «комаға» түсіп қалған. Ес-түсін білмей жатқан балапанымыздың енді бауырына ота жасайтын болды.

Сөйтсек, бар кінә бауырдан боп тұрған екен. Дәрігерлер қызымыздың денсаулығын тексере келе «Ауыр дәрежелі детекция, клик-синдром. Бауыр жетіспеушілігі және ауыр дәрежелі анемия» деген диагноз қойды. Сөйтіп дереу бауырды тігіп, оны арнайы аппаратқа жалғады. Шындығын айтқанда, мұндай диагноздан соң аман қалудың өзі екіталай екен. Бірақ дәрігерлер Айсұлудың аман қалуына бар жағдайды жасады.

Осылайша бас-аяғы 12 күн «комада» жатқан қызымыз алдымен Алланың, содан кейін дәрігерлердің арқасында есін жиып, аман қалды. Қазір де аталмыш перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында ем қабылдауда.

Шынымды айтсам, мен үшін осы 12 күн 12 жылға татыды. Дүние есігін ашқан сәбиін емірене иіскей алмай, өмір мен өлім арасында жатқан, үрленген шардай болып ісініп кеткен қызымды көрген сайын қайғыдан қан жұтқандай күй кештік. Сондай сәтте жылы сөздерін аямай, балама барынша жақсы қараған ақ халатты абзал жандарға, әсіресе облыстық №1 перинаталдық орталықтың дәрігерлеріі Перизат Әміроваға, Николай Петрович Ли мырзаға, Ғалия Айнабековаға және басқа да дәрігерлерге, Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасынан келген хирургтарға, сондай-ақ қызыма қан керек кезде бәрін бір кісідей жұмылдыра білген Қазығұрт аудандық емханасының бас дәрігері Айгүл Күзенбайқызына қандай алғыс айтсам да артықтық етпес деген ойдамын.

Рас, кейде қарапайым адамдар дәрігерлердің ақшаға құнығып кеткенін, алдына барған науқастарға немқұрайдылықпен қарайтынын айтып жатады. Сондай сөздерді жиі естіген соң дәрігерлердің де біліктілігіне күмәнмен қарайтының жасырын емес. Бірақ қызымның басынан өткен жағдайды сараптай келе менің бұл өмірде ары таза, антына берік мамандардың да бар екеніне көзім жетті.

Рахмет Сіздерге, дәрігерлер! Еңбектеріңіз жана берсін! Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер!

Ізгі ниетпен – Айсұлудың анасы Гүлнәр МАНАСОВА.

 

Қазығұрт ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ