Қаракөл қойы араб еліне экспортқа шығарылды

17.09.2016
Қаралды: 1163

Облыс әкімі Б.Атамқұлов Созақ ауданында болған сапарында қаракөл қойын өсіруге баса көңіл бөлу керек деген болатын. 

Бүгінгі таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрі етті қой түрлерін өсірумен айналысып кеткен. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсір болатынын айтады.

Осы бағыттағы жұмысты жандандырған Теріскейде қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыс өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық – «Құмкент» және «Қарақұр» өндірістік кооперативтері қаракөл қойын өсірумен айналысады. Тамыз айында «Қарақұр» өндірістік кооперативі өз қойларын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа тиімді бағада сатты.

Кооператив басшысы Ж.Садырханұлы: «Араб Әмірліктерінен мамандар келіп, 1238 бас еркек қаракөл  тоқтыларын алды. Жыл соңына дейін тағы экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әрине, шетелдіктердің қой алуда өз талаптары бар, біз сол үдеден шықтық», – дейді.

Аудан әкімі М.Исаев жуырда ғана кәсіпкерлермен кездесу барысында мал етін өндіруші агроқұрылым басшыларына шетелге мал етін экспортқа шығаруға зор мүмкіндік туып тұрғанын айтып, оларды осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ, Созақ ауданы әкімінің

баспасөз хатшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ