«Бұлақ» ауылының тұрғындары жол салып, су жеткізіп беруді сұрайды

13.09.2016
Қаралды: 1365

Редакциямызға Төлеби ауданының «1-Мамыр» ауылдық округіне қарасты  «Бұлақ» деп аталатын елді мекен тұрғындарынан хат келді. Олар өз хаттарында былай деп жазыпты:

«Біздің ауылда 17 отбасы тұрады. Мұндағы 102 тұрғынның 80 пайызы – зейнеткерлер, Батыр аналар. Елді мекен Алғабас ауылынан 2,5 шақырым қашықта орналасқандықтан дүкенге, мектепке, медпунктке Алғабасқа қатынаймыз. Жолымызға тас төселгенімен ол тегіс емес, ой-шұқыры көп, кей тұстары қазылып кеткен. Сол себепті ауылға автобус, такси жүрмейді. Балалар мектепке 2016-жылдың ақпан айына дейін жаяу қатынайтын еді, кейін ауылға автобус бөлді. Оған да шүкір деп қуанып қалдық.

Біздің ең басты мәселеміз – жол азабы. Сол жолды аудан басшылары және сайланып жатқан депутаттарымыз өте жақсы біледі, бес-алты жылдың жүзі болды, жөндейміз дейді, бірақ уәде орындалмайды. Депутатымыз жол мәселесі биылғы бюджетке кірді деп ауыл ақсақалдарынан сүйінші де сұраған екен, бірақ ұзаққа бармай, биыл мектеп салдыратын болдық, жолға ақша жоқ деп қуанышымызды су сепкендей басты.

Су демекші, ауылымызда су мәселесі де шешілмеген. Оны ағып жатқан арықтан ішеміз. Шамасы келгендер құдық қаздырып алған.

Біздің өтінішіміз – «Бұлақ» елді мекеніне баратын ұзындығы бар-жоғы үш-ақ шақырым жолды асфальттап берсе екен.  Сондай-ақ су мәселесі шешілсе, ауыл тұрғындары риза болар еді.

Біздің осы өтінішімізді «Замана» газетінде жариялауларыңызды сұраймыз. Бұл жөнінде облыс, аудан басшылары оқып, жәрдем береді ғой деген үміттеміз».

Бұл хатқа Б.Талқанбаев, Н.Сайыпов, А.Досалиев, Т.Ырсалиев, Н.Мұңашов, Ж.Нартаев, Л.Әбдіраев – барлығы 17 адам қол қойған.

Біз «Бұлақ» елді мекені тұрғындарының бұл өтініші басшылардың құлағына жетіп, тиісті шешімін табар деген ойдамыз. Зейнеткер қарияларымыз бен Батыр аналарымыздың жағдайын жасауымыз керек қой.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ