Әкім «Оңтүстік-Циркке» 2 «КамАЗ» сыйлады

13.09.2016
Қаралды: 1148

Таяуда Шымкенттегі үлкен өнер ордаларының бірі – «Оңтүстік-Цирк» ұжымы үлкен қуанышқа кенелді. 

Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов  аталған мекемеге  екі «КамАЗ» ауыр жүк көлігін сыйға тартты.

«Біздің басты мақсатымыз – көрермендерге қуаныш сыйлау, – дейді «Оңтүстік-Цирктің» директоры Арман Әлиев. – Осы мақсатта тынбай ізденіс үстінде жүрміз. Ал облыс әкімінің бізге жасаған мына керемет сыйлығы ұжымға үлкен мүмкіндіктер ала келді. Тағы бір жаңалығымыз, алдағы қараша айында жылжымалы цирк аламыз деп жоспарлап отырмыз. Оған қол жеткен соң қысы-жазы Оңтүстік өлкесін ғана емес, өзге барлық облыстардағы ауыл-аудандарды аралап өнер көрсетеміз деген ниетіміз бар. Бізде осыған дейін цирк өнерпаздары тек қана сахналық қойылымдар қоюмен шектеліп келсе, енді кәсіби тұрғыда өнер көрсетуге қол жетпек. Сондай-ақ қараша – желтоқсан айларында шымкенттіктер мен қала қонақтары үшін бұрын-соңды болмаған ерекше жаңалық орын алмақшы. Бұл жолы көрермендер дүние жүзі бойынша үйретілген жалғыз керіктің өнерін тамашалауға мүмкіндік алады».

«Оңтүстік-Цирк» басшысы бізбен сұхбатында алдағы уақытта цирк жанынан арнайы студия ашуды да жоспарлап отыр­ғанын сөз етті. Қазір бұл ұжымда мамандар тапшылығы сезілмейді. Дегенмен ел ішінде осынау өнерге бейім балалар өте көп. Арман Әлиев ендігі жерде ауыл-ауылдардан талантты балаларды тауып, оларды құпиясы мен қызығы мол цирк өнеріне баулысақ дейді.

«Әрине, цирк әртісі атану оңай шаруа емес. Сондықтан жас таланттарды осы бастан үйретуді қолға алсақ, олардың ертеңгі күнгі дайын маман екені сөзсіз»,  – дейді ұжым басшысы.

Елімізде Шымкентте өзге Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында ғана цирк жұмыс істейді. «Оңтүстік-Цирк» осылардың ішіндегі ең жасы. Оның осы аз ғана уақыттың ішінде жеткен жетістіктері аз емес. Ал бұл бүкіл Оңтүстік халқы үшін үлкен мерей.

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ