Қытайдың 51 зауыты Қазақстанға көшірілетін болды

13.09.2016
Қаралды: 1517

Кешегі аптада Қытайдың Ханчжоу қаласында әлемнің индустриалды дамыған 20 мемлекетінің кезекті, 11-ші саммиті болып өтті. 

Оған қатысуға Еуразия мен Африкадан қосымша 8 елдің басшылары арнайы шақырыл­ған болатын, қатарында Қазақстан Президенті де бар. Елбасы Н.Назарбаев «Үлкен жиырмалықтың» бас қосуына қатысып қайтты. Қытайлықтар Қазақстан Президентінің арнайы шақыртуды қабыл алғанына үлкен мән беріп отыр, бұл жөнінде «Аспан асты елінің» бұқаралық ақпарат құралдарында жазылуда.

Н.Назарбаев осы сапарға аттанар алдында қытайлық ақпарат құралдарына сұхбат берген болатын. Сол сұхбат кезінде Қытайдың 51 ірі кәсіпорындарын Қазақстанға көшірудің басталғаны жөнінде айтты. Яғни бұған қатысты мемлекетаралық үлкен бағдарлама жасалған, енді оны іс жүзінде орындау қолға алынуда екен.

«Бізде бүгінде Қазақстан бойынша транзиттік тасымалға қатысты 16 жоба іске асырылуда. Ол Қытай компанияларына да транспорттық мүмкіндіктер ашады», – деді Президент.

Ал аталған қытайлық кәсіпорындар немен айналысатын болады?

Жарияланып жатқан деректерге қарағанда, Қазақстанға көшірілетін Қытай зауыттары химия, тау-кен, машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдарын шығару, инфра­құрылымдық салаларды қамтитын жобалар бойынша жұмыс істейтін болады.

Бүгінде осы жобалардың екеуінің – ұнтақты полипропилен шығару мен автомобиль жасаудың жұмыстары бас­талып та кетіпті.

Көпқабатты үйлерді бірер күнде тұрғызып, қалашық салып тастайтын қытайлар үшін бұл 51 зауытты Қазақстанға көшіре салу түк те қиындық тудырмайтын сияқты. Соған қарағанда, еліміздің үлкен қалаларынан қаптаған қытайлықтарды көру енді көп ұзамай-ақ үйреншікті құбылысқа айналатын шығар...

Ал осы тірлік қаншалықты дұрыс? Ойланыңыздаршы!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ