Қазақ жігіттен намыс кетсе, қазақ қыздан ұят кетеді

12.09.2016
Қаралды: 2606

Жәнібек Иманмәзір есімді азамат әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасында осындай тақырып қойып, бір оқиға туралы жазыпты, жанына Алматыда өзі түсірген бейнекөріністі орналастырыпты.

Мұндай мінезі бұрыннан бар екен

Жәнібек Иманмәзір өзінің осы жазбасында былай дейді:

«Мына шетелдік азаматты Алматыдағы саябақта қазақ қызбен енді ғана танысып, әлдебір жаққа әкетіп бара жатқан  жерінен ұстап, қыз екеуін екі жаққа қуып жібердім. Қыз басында маған: «Бізбен шатағың болмасын!» – деп оның артынан қалмай қойған соң шапалақпен бір тартып тоқтаттым. Амал жоқ, қайтем енді?

Ал мына жүн-жүн жігіт өтіріктен кетіп бара жат­қансып менен тығылып, қыздың келуін күтіп отырды. Мысықша тығылып отырған жерінен ұстадым да, жоқ болуын тағы да айтып ескерттім.

Оян, қазақ!»

Біз Жәнібектің өзі түсірген осы және басқа да бірнеше бейнежазбасын бастан-аяқ көріп шықтық. Ол өзге ұлт өкілімен бірге жүрген немесе әңгімелесіп отырған қазақ қыздарын көрсе, мұндайға төзбейді екен, жандарына жетіп барады да, олардың сөзді доғарып, әрқайсысы өз жөндеріне кетуін батыл түрде талап етеді. Әлгілердің бірен-сараны қарсылық көрсетуге әрекеттенгенімен Жәнібек­тің айтқанын істетпей қоймайтынын аңғарғасын оның үзілді-кесілді талабын орындауға мәжбүр болады.

Жәнібекті орысшаны бұза сөйлейтін «акцентіне» қарап ауылды жерде өскен жігіт пе деп қалдық. Бұл бір өзгеше азаматпен «Фейсбук» арқылы әңгімелескіміз келген, бірақ қолы тимей кетті ме, бұл жөнінде қалдырған жазбамызды Жәнібек әзірге көрмеген сияқты. Сондықтан оны жұртқа «Фейсбуктегі» жазбалары мен желі қолданушыларының оған қатысты білдірген пікірлері арқылы таныстыруды ұйғарып отырмыз.

Жеке парақшасында көрсетілген деректе Жәнібек Иманмәзірдің 1970-жылы 31-тамызда өмірге келгені ғана көрсетіліпті. Ал желі қолданушылардың бірімен болған сөзінде ол өзінің өзгеше әрекеттері жөнінде былай деп жазыпты:

«Қыздарды қорғап, келімсектерге тиісу мінезім талай жылдардан бері бар. Әшейін бір видеоны «Фейсбукке» салып едім, жұрт жауды жеңген мықты батырды көргендей шулап қолдаған кезде ойланып қалдым. Бұл видео істің біреуі ғана ғой. Біреулер бұл видео хит болды ғой деп жатыр».

Қорқақ – қалтырайды, батыр – жарқырайды

Жәнібек ұлтжанды, батыл, иманды жігіт сияқты. Мұны біз оның «Фейсбуктегі» жарияланымдарына, ұлттық рух, батырлық, имандылық, әйел тәрбиесі тақырыбына орай жазғандарына, желі қолданушылармен бөліскен ойларына қарап айтып отырмыз. Мысалы, ол өткен 1-қыркүйек күні өзінің жеке парақшасына былай деп жазыпты:

«Қорқақ қалтырайды, батыр жар­қырайды.

Батыр өлсе, аты қалады, қорқақ өлсе несі қалады?

Ей, қазақ! Өмірге ұл болып келіп құл боп кетіп немесе «артты» қысып, қорқақ боп өтудің несі қызық? Ерте ме, кеш пе, өлесің, өлген соң қорқақ қасиетің бәрібір ұрпағыңа қонады. Ұрпағыңның қорқақ болғаны саған ұнай ма? Ендеше, батыр бол!

Текті ерге ермеген ел ел болмайды. Егер ере білсе, ел де, жер де жауға жем болмайды.

Халқы қорқақ болса әрі ауызбіршілігі болмаса, онда бұл елдің бақытты таңы атпайды!»

Әйелдер жағы да қолдау білдіруде

Жәнібектің жоғарыда аталғандай бейнежазбаларының бірін – 4,7 мың, тағы бірін – 9,5 мың, қысқасы, мыңдаған адамдар көріпті. Яғни ол осынша адамдарға ой тастап отыр деген сөз. Солардың барлығы дерлік оның ісіне ризашылықтарын білдіріпті. Ішінде әйелдер де аз емес, олардың бірқатары мынадай жазбалар қалдырған:

Нұргүл Шапағатова: – Жарайсыз! Қазақтың әрбір ер-азаматы сіздей болса ғой! Өзге ұлт өкілдерімен жүрген қыздардың мұрнын бет қылу керек! Әр ер-азамат осылай істесе өзге ұлт білетін болады қазақтың намысы бар екенін.

Күләш Жалбырова: – Қуаныштымын, Жәнібек, сендей азаматпен достасқаныма! Бақытты бол! Нағыз намысы бар қазақ екендігің үшін төбем көкке жетіп отырмын. Рахмет, айналайын! Алла қолдасын сені!

Зәмира Қамбар: – Басқаны қайдам, өз басым Жәнібек ағаның іс-әрекетіне дән ризамын!

Өзгелердің сіздің түсірген видеоңыздан сабақ алары сөзсіз. Шетел азаматының қолынан (етегінен) ұстағанда бірінші болып сізді есіне алады. Ұяты оянып, есін жияр. Осы алған беттен қайтпаңыз, аға!

...Ар-ұят, намыстан жұрдай, өзгенің құшағында кете беретін жеңілтектердің ісін кім де болса құптамайтыны рас. Дегенмен кей қазақ қыздарының оқу, жұмыс барысында дегендей өзге ұлт өкілімен араласатын кездері де болмай тұрмайтыны бар ғой. Бір қыз осыны айтып, өзінің Жәнібектің ісін құпатамайтынын білдіріпті. «Сондай кезде видеоға түсіріп алып «Фейсбукке» жарияласа не болады?» – дейді ол өз қаупін білдіріп.

Қысқасы, Жәнібек Иманмәзір есімді бұл азаматтың іс-әрекеті төңірегінде айтылып жатқан түрлі пікір көп. Ал сіз оның бұл ісіне қандай баға берер едіңіз, оқырман?

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ