Түрген шатқалы жаныңды жадыратады

06.09.2016
Қаралды: 1248

Қазір ел ішінде той-томалақ маусымының қызып жатқан шағы. Алматыда тұратын жиеніміз Нұрбол үйленіп, біз де кешегі аптада оңтүстік астанада болдық, құдалық пен тойға қатысып қайттық.

Сол күннің ертеңіне Нұрбол нағашыларымды демалдырамын деп бізді Алматыдан 90 шақырымдай қашықтағы Түрген шатқалына алып барды. Оған төңірегінен әйгілі «Алтын адам» табылған Есік қаласы арқылы өттік. Шатқалға апаратын жол түрлі ағаш, бұта, өсімдіктер көмкерген тау, төбелер арасымен ирелеңдей алға тартып отырады екен.

Демалыс күндері бұл жаққа адам көп баратынын білдік. Өйткені шатқал ішінде түрлі демалыс орындары, ашық аспан астындағы тарихи-өлкетану мұражайы бар, «Алтын адам» табылған беткейге оның ескерткішін орнатып, сақ дәуіріндегі қорғанның макетін жасап қойыпты. Мұнда түйеқұс фермасы бар екен, аралап көріп, құс еті мен жұмыртқасына тапсырыс беруге болатын көрінеді.

Сондай-ақ өзенде тіршілік ететін алабалық (форель, оны бақтақ деп те атайды) өсіретін шаруашылықтар жұмыс істейді, қалаған адамға ол жерден балық аулап, пісіртіп жеуге жағдай жасап қойыпты.

Ал ішкеріде мұздай суы сарқырап асау тау өзені ағып жатыр. Суының тұнықтығы сонша, түбіне дейін көрінеді. Екі-үш адам болып, отбасымен, ұжымымен барғандар шатқалдың әр тұсынан жайлы жер тауып, демалыстарын қызықты өткізуде екен.

Біз бас-аяғымыз жинақталып, Түргенге жетеміз дегенше сағат 12-ні шамалаған еді, кешкі 7-де Шымкентке қарай шығуымыз керек болғасын демалысымыз асығыс өтті. Дегенмен табиғаты тамаша жерде жақсы тынықтық. Тау басынан құлап ағатын әйгілі «Аюлы» сарқырамасын да көрдік.

Тау етегінен бастап санағанда «Аюлыға» шыққанша жол ұзақтығы үш-төрт шақырымдай болады деседі. Дегенмен біз оны байқамадық, өйткені көлбей жоғары жетелеген соқпақ жол адамды аса шаршатпайды екен. Бұл жолда тіпті кішкентай баласын жетелеп бара жатқандарды да көрдік.

Ал сарқырама жанына жеткесін тынысымыз кеңіп, көңіліміз көтеріліп сала берді. Биіктігі шамамен 25 – 30 метрдей болатын жердегі жартас арасынан арындаған су төмен қарай құлай құйылып ағып жатыр. Жел тиген кездегі шашыраған су тамшылары мен желпи тараған салқын леп тұла-бойды сергітіп-ақ жібереді екен. Таудың төбесін бұлт шал­ған тұстарында жайқалып мәңгі жасыл ағаштар көрінеді. Оған да шыққың-ақ келеді, бірақ ендігі жол құлама жартасты, биік болып келеді екен. Дегенмен оған дейін де жетіп, шырша арасында демалып қайтатындар бар көрінеді. Одан әрі қарай әйгілі Асы үстіртіне қарай кіруге болады, сосын Қырғызстан жері басталады екен.

Сәтін салып тұрған соң біз сарқыраманың суына да түсіп алдық. Тастай суық суы алғашында сүйекке дейін қарып өткенімен кейін оған денеміз үйренді. Сарқырама астына төрт-бес мәртеден кіріп шықтық. Төбеден ұра аққан мұздай су астында басты тік ұстау қиын, тұқыртып, деміңді тарылтып жібереді. Ал сыртқа шыққан соң ерекше бір жеңіл күй кешесің, шаршағаның басылып, тіпті өзіңді бір жасарып қалғандай сезінесің. Осы күйде тау етегіне жас балаша желкілдеп, тіпті арқарша орғып түсу дегеніңіз де түк емес сияқты көрінді бізге.

...Біз Түргенде бір-екі сағаттай болып, Алматыға қайттық. Жалпы, Алматы мен Есіктің арасында тақыр жер деген атымен жоқ, жаппай көк-жасылға оранып, жайқалып жатыр. Кей жерлерде шет-шегі көрінбейтін алма, жүзім алқаптары көрінеді. Бұл жақтың халқы осы өнімдерді саудалап-ақ күн көре ме дедік. Топырағына лақтырып тастай салған дәннің өзі өніп, өсіп кете беретіндей жер екен.

Біз сол бетімізбен Алматыға оралып, әпкеміздің үйінен керек-жарағымызды асыға алған бетте «Барлық» автобекетіне тарттық. Ал жолда көлік тығынына килігіп, бір жарым сағаттан аса уақыт бойы төрт қапталымыздан да оңды-солды ентелеген көліктерді «тамашалауға» мәжбүр болдық. Оның үстіне бұл кезде қаланың ауасы да тарылып кетеді екен. Шынын айтқанда, «Барлыққа» шаршап жеттік. Сосын қалааралық автобусқа отырып, Шымкентімізге тартып кеттік.

Есептеп көрсек, Алматыда тойымыз бар, түнеп, табиғат аясында тыныққанымыз бар – барлығы 36 сағаттай уақыт өткізіппіз. Осының бәрі алысты жақын еткен көліктердің арқасында. Сол көліктердің арқасында ертеңіне жұмысқа да жетіп, Алматы жақта көрген-білгеніміздің біразын қағаз бетіне түсіріп те тастадық. Бұл күнді біз көп уақытқа дейін ұмытпайтын шығармыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ