Шардараға ұшақ қашан қатынайды?

06.09.2016
Қаралды: 1198

Биылғы жыл басынан бастап Шардара мен Шымкенттің арасына ұшақ қатынайды, оның билеті 5 мың теңге болады екен деген сөз шыққаны белгілі. 

Жұрт ұшақ екінші нүктеге жарты сағатта жеткізетін болады десіп жатты, төрт сағаттық жолды 30 минутта жүріп өтетін болдық деп қуанғандар аз болмап еді. Бірақ бұл жылдың да жартысынан көбі өтіп барады. Ұшақ қатынау былай тұрсын, әлі әуежай да дайын емес. Сонда бұрын берілген уәде қайда қалды? Осы сұрақты біз аудан әкімі Арман Абдуллаевқа қойдық (суретте).

«Биыл Шардарадан Шымкентке ұшақ қатынасын ашу жоспарда болған жоқ, – деді аудан әкімі. – Бірақ келесі жылы жолаушылар ұшақ қызметін пайдалана алады. Ол үшін атқарылуға тиіс біршама жұмыстар бар. Аудандық бюджет есебінен күту залын салуымыз керек. Бес шақырымдай жер көгалдандырылады. Мұның барлығы қаржы мен уақытты талап етеді. Әуежайға су, жарық керек. Басқа да жұмыстар бар. Ұшу алаңы жөндеуді қажет етеді. Оның бәріне қаржыны бюджеттен ала алмайсың. Сол үшін инвесторлар іздестірдік. Дегенмен бұл мәселе де шешіліп тұр деп айта аламыз. Биыл күзде осы жұмыстарды бітірсек, келесі жылғы шомылу маусымы басталғанға дейін барлық мәселе шешімін табады. Яғни таңертең шыққан шымкенттіктер Шардарада демалып, кешке үйлерінде болуға мүмкіндік алады. Ол үшін қазіргідей сегіз сағат жолда жүрудің қажеті болмайды.

Әзірге бір ұшақ алу жоспарлануда. 10-15 адамдық шағын ұшақтың бағасы 2 миллиард теңге болып қалуы мүмкін. Бір ұшақ күн сайын Шымкентке барып келе алады. Алдағы уақытта сұраныс артып жатса, онда ұшақ пен рейс санын көбейту қарастырылады. Бұл – ауданымызда туризмді дамыту аясында атқарылып жатқан жұмыстар. Шардара секілді туризмді дамытуға қолайлы жерді облысымыздың басқа аймағынан табу қиын. Сондықтан Шардарадан Шымкентке ұшақ қатынасын ашу құр сөз болып қалмайды, ол жүзеге асады».

Қысқасы, осы кезге дейін ұшақ мінуді армандап келген шардаралықтар Арман Абдуллаевтың тұсында сол ойларына қол жеткізуі әбден мүмкін сияқты.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ