Шудың мектебіне кітап жетіспей жатқаны рас па?

06.09.2016
Қаралды: 1327

Оқу жылы басталмастан бірнеше ай бұрын Білім министрі Ерлан Сағадиев биыл оқушылар оқулықпен толық қамтамасыз етіледі дегенді айтты. 

Онсыз да тапқан ақшасы баласының киміне жетпей отырған кейбір ата-ана бұған қуанып қалған еді. Ал мектептер алғашқы қоңырауға дайындалып жатқанда редакцияға Созақ ауданының Шу ауылынан Ерлан Жүсіпов есімді оқырман хабарласты.

«Біздің Шу ауылы аудан орталығы Шолаққорғаннан 200 шақырым қашықтықта орналасқан, – деді ол кісі. – Шымкентке бір күнде барып-қайта алмаймыз. Сондықтан болар, бізде көп нәрсе әлі ескіше қалып жатыр.

Ауылымыздағы Қаламбаев атындағы мектепте 150-дей ғана оқушы бар. Солардың өзіне де кітап жетіспейді. Басшылар толық беріледі деп еді, ал мұндағылар кітап жетпейді дейді. Біздің кішкентай мектепке кітап жетпесе, Шолаққорғандағы 1000 оқушысы бар мектептердің жағдайы не болады?

Менің балам 7-сыныпта оқиды, оның 6 кітабы жоқ. Мұғалім үш балаға бір кітаптан беріп, бір-біріңнен алып оқыңдар депті. Біз өзі қай заманда өмір сүріп отырмыз?»

Газетіміздің тұрақты оқырманы Е.Жүсіпов өз ойын осылай білдірді. Бұдан кейін біз сол ауылдағы Қаламбаев мектебінің директоры Ғабит Мүсіреповке хабарласқанымызда ол кісі былай деді:

«Мектебіміздің шағын екені рас. Мектепалды даярлық тобын қосқанда 170-тей бала бар. Кітап жетіспеуі мүмкін емес. Үш балаға бір кітап дегенді кім айтыпты? Оны анықтаймыз. Сіздерге хабарласқан Ерлан Жүсіпов шығар. Ол кісі маған да келген. Баласына екі кітап жетпей қалған екен. Кітапханашыға айттым, тауып береді. Басқа балалардың мәселесін алдағы уақытта өзім назарда ұстаймын».

Мектеп директоры редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғынының шағымына қатысты осылай деді. Бұл жерде кімнің шындықты айтып отырғаны алдағы уақытта белгілі болып қалар деген ойдамыз.

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ