Ауылдастарынан ақшасын аямайды

06.09.2016
Қаралды: 1373

Бүгінде елімізде қалталы азаматтар көп. Бірақ солардың арасында жылына екі-үш рет Дубайға барып келгенімен өз ауылындағы жаңалықтардан хабарсыз жүретіндері де жоқ емес. 

Дегенмен тапқанын ауылдастарымен бөлісіп, ауылдың әлеуметтік мәселе­сіне әкімнен кем атсалыспайтын азаматтар да баршылық. Солардың бірі – Шардара ауданындағы Сырдария елді мекеннің тұрғыны  Құрманғазы Әкбаров (суретте).

Ауылдағы атқарылатын барлық қоғамдық жұмыстар бұл кісінің қатысуынсыз өтпейді. «Ауыл сервис» қазынашылық кәсіпорнын басқаратын Құрманғазы Тұрсынәліұлы өзі туралы айтқанды ұнатпайды екен.

«Мен жақсылықты өз ауылыма, жерлес-бауырларыма жасап жатырмын, – деді ол кісі. – Бұл туралы мақтанғаным дұрыс емес. Шариғатта бір қолыңның бергенін екінші қолың білмесін деген сөз бар ғой. Мүмкіндік бар болса қолдан келген көмекті елден аямаймын. Мен ел алдына шыққан миллионер емеспін. Өзгелер секілді мыңдаған малым да жоқ.  Бірақ көмек сұрап келген адамды құр қол қайтарған емеспін. Тілейтінім – адамдар мені мақтамаса мақтамай-ақ қойсын, тек жамандамаса болды».

Бізге бұл кісі жөнінде осындағы Т.Айбергенов атындағы мектеп гимназияның директоры Ұлықбек Назарұлы айтып беруге келісті.

«Құрманғазы ағамыз – ауылымыздың жанашыры ғана емес, мектебіміздің тұрақты демеушісі. Барлық іс-шараға келеді. Мектепте жетім және жағдайы нашар отбасының балалары бар. Құрманғазы Тұрсынәліұлы оларға оқу жылының соңына дейін киімінен бастап мектепке керек-жарақтың барлығын әперіп тұрады. Әрбір жаңа оқу жылы қарсаңында акция ұйымдастырып, балаларды киіндіреміз. Қ.Әкбаров ондай кезде де көмегін аяған емес.

Біздің мектептің 70-80 оқушысы көрші ауылдан қатынайды. Олар шағын өзеннен өтетіндіктен күн сайын үйлеріне аман-есен оралуын тілейтінбіз. Қ.Әкбаров биыл өз қаржысына сол арықтан өтетін үлкен көпір салып берді. Біз ол кісінің азаматтығы мен балаларға жасайтын қамқорлығына ризамыз.

Ауылымыз аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Жасы ұлғайған кісілер көп. Олар күн сайын алыс жол жүріп барып денсаулығын тексеруге мүмкіндіктері бола бермейді. Осыны түсінген Қ.Әкбаров азаматтық жасап, Сырдария дәрігерлік емханасына өз қаржысына жүрек тексеретін кардиограмма аппаратын алып берді. Содан бері ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылуды қойды. Бұл кісінің мұндай жақсылықтарын тізбектеп айта берсек өте көп».

Қысқасы, Қ.Әкбаров жайлы ауылдастары осындай пікірде. Бұл кісі қаражатты ауылға тегін инвестиция ретінде беріп, жерлестерінің жағдайын жақсартқанды дұрыс көреді екен. Құрманғазы Әкбаровтың: «Менің шетелде ем қабылдағанымнан не пайда, егер көршілерім қан қысымын тексерте алмай отырса», – деген  сөзі талайларға ой салса ғой. Жұрттан шын мәнінде алғыс алатын осындай азаматтарымыз аман болсын дейміз.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ