Шардарада «шатақтау» бір кафе бар...

06.09.2016
Қаралды: 2216

Таяуда Шардара жақ­қа жолымыз түсті. Сонда бұл ауданда да жеңіл жүрісті қыз-келін­шектер кездесетінін естіп жаға­мызды ұстадық. 

Өйткені мұндағы халықтың не­гізгі бөлігін жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Соған қарамастан Шардарада жеңіл жүрістілер мекен ететін арнайы орын бар екен. Әрине, әкімдік жер беріп жезөк­шелердің жұмысын заңдастырып қойды дей ал­май­мыз, бірақ мұндай келең­сіздікке қарсы шара жасай алмай отырғаны анық. Бұл жөнінде шардаралық зейнеткер Жамантай Жаңабаев былай дейді: 

«Шардарада халық бір-бірін таниды десем, қателесе қоймайтын шығармын. Соған қарамастан кейбір жаман әдеттерден арыла алмай келеміз. Біздің қаладағы орталық базардың төңірегінде бір дәмхана бар. Оған адамдар тамақтану үшін емес, аз-кем демалып, «белін босату» үшін барады. Халық шоғырланған жер. Ең жаманы, соған жақын жерде бір білім ордасы орналасқан. Жазда терезені ашып қойғанда оның ішінен неше түрлі дауыстар естіледі.

Балаларды әдепке, мәдениетке үйрететін мекеме маңында, жалпы, жұрт көп жүретін жерде мұндай болмауы керек қой. Бұған шек қою турлы ақсақалдар талай айттық. Жуырда мен ауданның жаңа әкіміне: «Сол дәмхана­ны бақылауға алыңыз. Егер ол біреулерге тиесілі болса, жаңа ғимарат салып, теңіз жағасына көшіріңдер. Салық алыңдар, сонда жұмысын да бақылауға мүмкіндіктерің болады», – деген ұсыныс айттым. Бұл ұсынысты басшылар қалай қабылдау керектігін өздері біледі. Біз оларға ұсыныс айтқанмен ақыл айта алмаймыз ғой».

Бұл кісінің сөзінен кейін біз аталған маңайда тұратын Майрамбек есімді жігітті әңгімеге тартып, Жамантай ақсақалдың сөзін толықтыруды сұрадық.

«Ондай дәмхананың бары рас, – деді Майрамбек. – Өздері  бастарын алып қашқа­нымен солай екені шындық. Тіпті онда Өзбек­стан мен қырғыз елінен де келген қыз­дар бар деп естідім. Бірақ олар бұл жақта жыл он екі ай бойы жүре бермейді. Басқа қалаларға да барып тұрады. Жалпы, бұлар басқа жер­дегілермен байланыста болатын секілді. Мысалы, он күннен кейін бұл жердегілер Жетісайда немесе Сарыағашта жүруі мүмкін. Ол жақтағылар бізге келеді. Менің ойымша, бұларды басқарып отыратын біреу бар-ау, шамасы».

Қысқасы, Шардарадағы аталған дәмхананы жұрттың барлығы біледі екен. Онда қандай «жұмыс» жүретіні ешкімге құпия емес.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ