Айтулы ардагерлер арнайы төсбелгімен марапатталды

05.09.2016
Қаралды: 1593

Таяуда Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мәжіліс залында қалаға қарасты төрт ауданның ардагерлер кеңесінің төрағалары, 

бірқатар бастауыш ұйым өкілдері, белсенді ардагерлер мен қариялардың бас қосуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған жиын өтті. Жиынды Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай ашып, күн тәртібіне байланысты бірқатар мәселелерге тоқталды, Ата Заңымыздың қоғам өміріндегі маңызы жөнінде таратып айтты.

Бұл жиында Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 145 жыл толуына байланысты өткізілетін іс-шаралар жөнінде де ортаға салынып, талқыланды. Оның мақсаты мен алда тұрған жоспарлар туралы «Қажымұқан» қорының төрағасы, белгілі тарихшы, профессор Сағынғали Әбубәкір айтып өтті. «Іс-шаралар мақсаты – Қажекеңнің балуандық еңбек жолын келешек ұрпаққа өнеге ретінде насихаттау, өтелмеген парыздарын орындау болмақ», – деді ол кісі.

Іс-шараға байланысты бірқатар ардагерлерге арнайы дайындалған «Қажымұқан Мұңайтпасұлы» төсбелгісі табыс етілді. Оны ардагер Сексенбай қажы Тұрысбеков, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мыңжасар Асқаров, шымкенттік ардагер Сейдахмет Байдәулетов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдіманап Ақмолда, белгілі кәсіпкер Дәуренбек Сандыбай мырзалар өңірлеріне тақты.

Қалалық ардагерлер кеңесінде қаралған мәселелер бойынша бірқатар ардагерлер пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салды.

Бүгінгі күні Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысы өмір талабына сай жаңаша қалыптасқан. Ол әрбір ардагермен тығыз байланыста болуды, қайырымдылық қолдау көрсетуді, аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайтуды қолға алып отыр. Әрбір мерекеге орай түрлі жарыстар өткізіледі.  Қалалық кеңес төрағасы өз бастамасы бойынша демеушілер тауып, ардагерлерге қолдау көрсетуде.

Біз өмірлік тәжірибесі мол қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Исамуддин Нәштайұлы Рысбайға аға буын өкілдері мен жас ұрпақтың атынан алғысымызды білдіреміз.             

Мыңжасар АСҚАРҰЛЫ, ардагер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ