Ит пен мысыққа жұмақтағыдай жағдай жасап қойған (видео)

28.08.2016
Қаралды: 1578

Шымкент қаласындағы Қазыбек би және Нәзір Төреқұлов  көшелерінің қиылысқан жерінде көпшілікке онша беймәлімдеу бір ғимарат орналасқан.

 Оның маңдайшасында «Зооветсервис» деген жазу бар. Таяуда сәті түсіп, біз осы мекеменің ішінде болдық. Ол жерде бұрын-соңды көрмеген, білмеген жайлардың куәгерлеріне айналдық.

«Зооветсервис» мекемесінің басшысы – Владислав Кляцкий. Ол кісі жиырма жылдан бері ветеринар болып еңбек етеді. Бастапқыда тек жан-жануарларды емдейтін мекеме ретінде ашқан «Зоовет­сервистің» бүгінгі қызметі сан салалы. Оның ішінде ит пен мысық сияқты үй жануарларына арналған әсемдік салоны бар, олардың денсаулықтарына күтім жасайтын емхана жұмыс істейді. Тіпті ит пен мысыққа ота жасап, оларды босандырып алатын арнайы акушерлер де бар. Бұл мекемеде сондай-ақ иттер мен мысықтарға арналған қонақүй де күндіз-түні өз қызметін көрсетіп жатады. Осы ғимарат ішінде кішігірім зоологиялық дүкен орналасқан.

«Зооветсервистің» дәрігері әрі әсемдік салонының маманы Вероника Икленко ит-мысықтардың түктерін заманауи үлгіде қию әдісін жетік меңгерген екен. Оның әсемдік салонында тек италиялық «Милорд» компаниясы жасап шығарған парфюмериялық өнімдер қолданылады. Иттердің жүнін қырқу, оларды шомылдыру және «фенмен» кептіру, құлағын тазалап беру ақысы 5 мың теңге тұрады. Ақшасын төлесеңіз, тіпті мысығыңыздың тырнағын да алып береді.

...Техниканың дамығаны дейміз бе, әлде адамдардың ой-өрісі күннен-күнге өсіп жатыр ма, соңғы кездері жан-жануарларға арналған медициналық құрылғылардың да түр-түрі шығарылуда. Солардың бірі – УЗИ аппараты. Егер сіздің итіңізді немесе мысығыңызды қандай да бір ауру мазаласа, онда диагнозды аталмыш аппарат арқылы тез арада анықтауға болады. Дегенмен әдетте бұл аппараттың көмегіне иті «жүкті» болған адамдар көп жүгінеді екен.

Бұл мекемеде сондай-ақ жан-жануарлардың қан қысымын өлшеуге, дене қызуын тексеруге, көз жанарындағы ақауларды анықтауға арналған құрылғыдар да бар. Керек десеңіз, ит-мысықтың қан құрамын зерттейтін шағын  зертхана мен рент­ген аппараты да жұмыс істейді.

«Зооветсервис» мекемесінің жұмысы әсіресе жаз және күз мезгілдерінде қыза түседі екен. Себебі дәл осы уақыт аралығында шет елдерге демалысқа кететін қала тұрғындары үйіндегі ит-мысықтарын осы мекеменің ішінен ашылған қонақүйге қалдырып кетуді құп көреді. Онда мысықтар мен ұсақ тұқымды иттерге және ірі төбеттерге арналған 15 орын бар. Олар барлық керек-жарақтармен жабдықтал­ған. Қонақүйдің әр «номері» ит-мысыққа арналған үйшік, жұмсақ жиһаз, ыдыс-аяқ, ас-ауқатпен қамтылған.

...«Зооветсервис» мекемесінен түсірілген арнайы бейнежазбаны Сіздер «Ютуб» желісінен және «Zamana.kz» сайтынан көре аласыздар.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ