Жаңа көпір пайдалануға берілді

05.09.2016
Қаралды: 1587

Шымкенттің Қапал батыр көшесіндегі темір жолдың үстінен өтетін көпір жөндеу жұмыстарына байланысты 2014-жылдың соңында жабылған болатын. 

Төлеби ауданы мен Шымкентті және оның іргесіндегі елді мекендерді байланыстыратын негізгі жол жабылғалы көліктер қалаға айналма жолдармен жүрсе, қоғамдық көліктер қатынауды тоқтатып, тұрғындарға көп қиындық тудырған еді. Амалы таусылған жұртшылық көпірге дейін таксимен келіп, одан 500 метрдей жаяу жүріп, қайтадан автобусқа немесе таксиге отыратын. Күн сайын жұмыс деп шұбырған халықтың саны мыңдап саналды. 

Біз кешегі 1-қыркүйек – Білім күні қарсаңында көпір ашылады дегенді естідік. Сосын сәрсенбі күні осы көпір құрылысын жүргізіп жатқан «Береке» корпорациясының бас инженері Тәңірберген Сүлейменовке хабарластық.

«Жұртшылыққа жеткізер жағымды жаңалығымыз бар, – деді ол кісі. – Құрылысы екі жылға созылған көпір пайдалануға беріледі. Біз қазір дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Түсінбестік болмас үшін ескерте кетейін. Біздің әлі екі ай мерзіміміз бар. Сондықтан бүгін көпірдің бір жағын ғана пайдалануға бермекшіміз. Екінші жағын қазан айына дейін толық бітіреміз».

Бұл көпірдің ашылуы расында да мыңдаған адам үшін жағымды жаңалық болғалы тұр. Енді жолаушылар такси күтіп, жаяу жүріп қиналмайтын болды.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ