77 жасында диплом алған апа

05.09.2016
Қаралды: 2223

Жаңа оқу жылы қарсаңында 77 жасында диплом алған апа жөнінде естіген едік. Шымкентте тұратын Ботагөз Есжанова деген бұл апамызды іздеп тауып алдық.

 Апаның талай адамды таңқалдырып, білдей бір жоғары оқу орнын тәмамдағаны рас екен.

«2009-жылы «Мейір» ардагерлер үйінде демалып жатқанда Ғалымжан деген ұлым қажылыққа жіберді, – дейді Ботагөз апа. – Арада үш жыл өткенде Иерусалим қаласына қыдырып барып қайттым. Осы сапардан аман-есен оралған соң Алматыдағы Қазақ экономика және консалтинг университеті жанындағы рухани білім жетілдіру институтына оқуға түстім. Оқуға түсуіме ең бірінші аталған оқу орнының ректоры Амангелді Еренғайып мырзаның өзі себепкер болды. Алдында Иерусалимге аттанғанда Аманкелді ініммен бірге сапар шеккен едік. Сол кісі маған өзі жетекшілік ететін оқу орнына түсуге ұсыныс жасағанда бас тарта алмадым. Өйткені менде қайтсем де діни сауаттылығымды арттырсам екен деген ой жатсам-тұрсам есімнен шыққан емес. Сондықтан төлем­ақының сол кездегі құны 70 мың теңге екеніне де қараған жоқпын, төрт жыл бойы Алматыда тұратын Венера деген қызымның үйінде жүріп оқыдым».

Ботагөз апа осылай дейді. Ол кісілер алғашқыда 25 студент бір топта оқыпты. Студенттердің алды 60 жаста, ең жасы 23-те екен. Оқудың алғашқы жылы тек қана араб әріптерін оқып үйренумен кетіпті. Сабақтың қиындығынан шығар, бірінші курсты 17-ақ адам бітіріпті. Осы 17 студенттің үшеуі екінші курста Құран ережелерін жаттағанда үлгерімі төмендігіне байланысты оқудан шығып қалыпты. Сонымен үшінші курста қалған бар-жоғы 13 адам келесі жылы оқуды ойдағыдай бітіріпті.

Жалпы, Ботагөз апаның өмірбаянында пәлендей ерекшелік жоқ. Ол сонау 1960-жылы Шымкенттегі сол кезде «Медициналық техникум» деп аталатын оқу орнын бітірген соң бақандай 33 жыл бойы облыстық туберкулезге қарсы диспансерде еңбек етіпті. Сағындық Әжіметов деген азаматпен отау құрып, 13 құрсақ көтерген. Қазір оның жетеуі аман-есен, түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Бүгінде апаның 30-дан астам немере-шөберелері бар.

Ол кісі жұрт жиналған жерде имандылық жөнінде көптеген ғибратты әңгімелер айтудан жалыққан емес. «Оқығысы келген адамға оқу ешқашан кештік етпейді. Мұндайда адамға ең бірінші керегі – ықылас пен ниет қана. Білім алу адамның ең алдымен өзіне жақсы», – дейді ол кісі. Апаның бұл сөзіне қосып-аларымыз жоқ.

77 жаста диплом алу дегеніңіз расында керемет емес пе?

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ