«Сардобаның» суы Мырзакентке дейін жетті

04.05.2020
Қаралды: 722

1-мамыр күні таңертең Өзбекстанның Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасында апат орын алғаны белгілі. Нөсер жауын мен қуатты жел қоймадағы судың көбейіп, толқуын тудырған, соның салдарынан бөгет бұзылған, алапат су тасқыны сол төңіректегі бірқатар елді мекендерді шайып өткен. Оның екпіні Өзбекстанмен шекара аумағындағы Мақтаарал ауданына дейін жетіп, ондағы бірқатар елді мекендерді су басты, шаруашылыққа орасан материалдық шығын келді.

 

Бүгінде «Сардобадан» жеткен судың күші біршама азайды. Кешегі күні Мақтаарал ауданының орталығы - Мырзакент ауылының Қали есімді тұрғынымен хабарласқанымызда ол бізге бұған байланысты былай деді:

 

«Қазір облыс басшылығы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Барлық жерде автобустар қойылған, адамдарды Атакентке тасымалдауда. Ауылда негізінен ер-азаматтар қалдық. Үй мен мал-мүлікке қарайтын адам керек қой. Қалай болғанда да мен үйден кетпеймін. Адам мен мал шығыны бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені аудан орталығына су екпіндемей, жайылып жақындауда. Кей жерлерде ол ауылға 200-250, 500 метрдей таяп қалды.

 

Жаңа әзірде барып, төңіректі шолып қайттым. Бірер тұста су ортасынан шыға алмай тұрған жылқылар көрінеді. Жан-жақтың бәрі көлкіп жатыр, баяу болса да судың қозғалысы әзірге тоқтайтынға ұқсамайды. Бір тұста дамба қазылуда екен.

 

Егістіктің бәрі судың астында қалды. Бір ай қырық күнде пісетін қауындар өніп, қылтиып шығып-ақ қалып еді, рәсуа болды. Мақталық, басқа да егістіктер қазір су астында жатыр.

 

Ауданның Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас ауылдарын толықтай су алды. Тұрғындары басқа жаққа көшірілді. Ол ауылдарда қазір адам тұруы мүмкін емес, үйлер, қора-қопсылар мүжіліп, құлап жатыр.

 

Бізге қазір эвакуацияға дайын болу жөнінде ескертілуде. Құжаттарыңды, құнды заттар мен қажетті заттарды алып шығуың керек. Жұртты Атакентке апарып, мектептерге орналастыруда екен. Жергілікті тұрғындар да шама-шарқынша қол ұшын созып, үйлеріне паналай тұруға адам әкетіп жатыр деседі. Ол жаққа барғандарды тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етуде.

 

Біз судың беті қайтатын шығар деп үміттенеміз. Шынын айтқанда, алғашқы күндердегідей емес, жұрттың үрейі біршама басылайын деді».

 

Мырзакенттің тұрғыны осылай дейді. Ал ресми деректерде тасқын су салдарынан Мақтаарал ауданында 600-ден аса үйдің құлағаны туралы айтылуда. Материалдық шығын есептелуде екен. Қауіпті жерден көшірілген тұрғындарға қажетті жәрдем көрсетілуде.

 

...«Сардоба» су қоймасында орын алған апат салдарынан Өзбекстанда екі жасөспірім қаза тауыпты, 60-қа жуық адам ауруханаға түскен. Жалпы алғанда 17 мыңнан астам адамның медициналық жәрдемге жүгінгені жөнінде айтылуда. 70 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшіріліпті.

 

Жалпы, Өзбекстан «Сардоба» су қоймасын ертелі-кеш бір қалпына келтіретіні белгілі. Бірақ ол енді қауіпсіз бола ма? Біздің Түркістан облысының басшылығы да осы жағын жақсылап саралап, өзімізге қажетті шараларды қолға алатын шығар.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ