Жаңатұрмыстықтар неге ашулы? (видео)

04.05.2020
Қаралды: 177

Мамыр айы Түркістан облысының Мақтаарал ауданы үшін үреймен басталды. 1-мамырда нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан Өзбекстанның Сырдария облысында орналасқан «Сардоба» су қоймасының бөгеті жарылып, айналасындағы елдімекендерді су алды. Ағынның қатты болғаны соншалықты, ол Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын шайып кетті. Төтенше жағдай жарияланып, ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Мыңдаған үйге зақым келді, шаруалардың еккен егіндері су астында қалды. Тосыннан келген апаттан абдырап қалған адамдар киім-кешектерін, құжаттарын алып үлгерместен тұра қашты.

 

Аталмыш апат орын алғалы бері әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарап жатыр. Басқа аудан, облыстардан гуманитарлық көмектер жеткізіліп, халыққа таратылуда. Десе де мұндай көмекке жете алмай, бірнеше күннен бері қыр басында жатқан адамдар да бар екен. Олар – Жаңатұрмыс елді мекенінің халқы. «Ауылымызға ұры түсіп жатыр! Ал әкіміміз бізге ат ізін салған жоқ!» деп дабыл қағылғасын ауыл тұрғындарына хабарласып, мән-жайды сұрастырып көрдік.

 

 

«Екісі күні ауылымыздың әкімі Берік Әгенов «Уайымдамаңдар, су біздің ауылға жетпейді, беймарал демала беріңдер» деп бәрімізді сендірді. Ресми өкіл мәлімдеме жасаған соң ауыл адамдары еш қамсыз отыра бердік. Түннің бір уағында су ауыл іргесіне жетті деген ақпарат келіп, бәріміз жан сауғалап қаша бердік. Әкімдік тарапынан ешқандай көлік жіберілген жоқ. Өз бетімізше басымыз ауған жаққа жүгіре бердік. Сасқанымыздан киімдерімізді, құжаттарымызды алып үлгермедік. Малды қорадан айдап шығарғандары қырға қарай айдап кетті. Қалғандары қалды. Содан бері қыр басында отырмыз.

 

Таңға жуық ауылдың адамдары «Бөтен біреулер жүр екен, ұрлық жасалып жатыр» деп айтып келгесін ауылдың еркектері жиналып бардық. Шынында да бөтен біреулер жүр екен. Шамамыз келгенше алысып, оларды қуып шықтық.

 

Міне, бүгін төртінші күн, ешкім бізге «Қалайсыңдар? Не керек? Ашсыңдар ма, киім, көрпе-төсек бар ма?» деп келген жоқ. Аудан түгілі ауылымыздың әкімі де төбе көрсетпеді. Емізулі баласы бар аналарға қиын соғуда. Суықтап ауырып қалған адамдардың саны күннен күнге артып келеді. Дәрі-дәрмек керек, киетін киімдеріміз жоқ. Үйімізге барып, керек-жарағымызды алайық десек кешеден бері полиция күзетіп, біздерді өткізбей жатыр.

 

Біздің ауылымыздың аты Жаңатұрмыс деп аталады. Бірақ тіркелгенде Жантақсай деп жазылып кеткен. Іргеміздегі Жантақсай деген ауыл бар, ол жерге су жетпеген. Сондықтан болар, біз көмектен де, басқадан да қағылып отырмыз», - деп ашынды ауыл тұрғыны Мергенбай Әкім.

 

 

Осы жағдай әлеуметтік желіге жарияланған соң, Мақтаарал ауданы әкімдігінің ресми парақшасында: «Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылын алғашқы күні-ақ су басқан. Қазіргі таңда тұрғындардың бәрі эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілген. Ауылға кірер жолдың бойына блок-бекет қойылып, полиция тарапынан күзетілуде. Азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары толыққанды жүргізілуде. Сіздерге арызданып отырған кісілер су астында қалған мүліктерін аламыз деп дау шығаруда. Бұл әзірге мүмкін емес, қауіпті» деген мәлімдеме жасалды.

 

...Қалай болғанда да бұл апат мақтааралдықтар үшін үлкен соққы болды. Әсіресе су басқан ауыл тұрғындарының тірнектен жинаған дүниесінен, мал-мүлкінен, жеп отырған нанынан айырылуы үлкен қасірет десе артық болмас. Құдай тосыннан келген қасіреттен сақтап, жапа шеккен қарапайым халыққа сабыр берсін деп тілейміз.

 

А.БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ