Түркиядағы қазіргі жағдай қалай?

02.05.2020
Қаралды: 1728

Бүгінде Түркияға саяхаттап, жұмыс бабымен, білім алу мақсатында барушылар көп. Жерлесіміз Мырзахан Байболов та қазір осы ел астанасы - Анкара қаласында тұрып жатыр. Таяуда бізге онымен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

Вирусты 117 мыңнан астам адам жұқтырған

 

Таныстыра кетсек, Мырзахан Байболов Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Аққұм ауылында туып-өскен. Ол А.Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінде білім алған, сонда жастар ұйымының төрағасы болған, тәрбие, ұйымдастыру және жастар саясаты саласында еңбек еткен. Бүгінде ол Анкарадағы Қажы Байрам Уәли университетінде журналистика мамандығы бойынша докторантурада білім алуда.

 

Яғни, М.Байболов Түркияның қазіргі жағдайы жөнінде жақсы біледі десек болады. Сондықтан біз Мырзахан Байжанұлынан ондағы бүгінгі күндері коронавирусқа қатысты қалыптасқан ахуал жөнінде сұрадық.

 

«Түркияда алғашқы вирус жұқтырған адам 10 наурызда тіркелді. Ал індет салдарынан болған өлім оқиғасы 18 наурызда хабарланды. Бүгінде коронавирустың беталысы күнделікті жарияланып отыр. Түркияда 29 сәуірге дейін 117 мың 589 адам вирусқа шалдыққан. Індеттен көз жұмғандардың жалпы саны 3 081-ге жетті. Емделіп, сауыққандар саны - 44 мың 40 адам.

 

Жалпы алғанда, Түркияда қазір індетке қатысты жағдай тұрақталды деуге болады. Мысалы, 29 сәуірдегі мәлімет бойынша, бір тәулікте 2936 адам дертке ұшыраған болса, тиісінше, бір тәулікте 5231 адамның вирустан айығып шыққаны туралы айтылады. Вирустан көз жұмған науқастар санында да елеулі дәрежеде төмендеу байқалады. Жансақтау бөліміндегі ем қабылдаушылар мен жасанды тыныс алу аппаратына таңылғандар саны да азайған.

 

Елде індетпен күрес талаптары жағдай барысына қарай күшейтіліп отырды. Алғашқы кезеңде 65 жастан асқан адамдарға, ал сәуірдің басында 20 жастан кішілерге де көшеге шығуға тыйым салынды. Басқа азаматтар дүйсенбі-жұма аралығындағы күндері көшеге шыға алады. Дүкендер мен маркеттерге кіру және қоғамдық көлікті пайдалану үшін маска тағу міндетті. Ал маска мұнда ақысыз таратылуда. Ол үшін адамдар электронды үкімет сайтына кіріп, өтінім жолдайды. Сосын телефонына келген смс-код арқылы 5 дана масканы әр аптада дәріханадан тегін алуына болады.

 

Түркияда үлкен қалаларда карантин режимі енгізілген жоқ. Дегенмен соңғы үш аптада сенбі-жексенбі күндері коменданттық сағат енгізіліп, 31 үлкен қаланың азаматтары үйлерінде отырды. Мұндай тәртіп өткен аптада бейсенбіден басталды, бұл аптада жұмадан бастайды. Қалааралық көлік қатынасына шектеу енгізілді.

 

Наурыз айының соңында Түркия барлық халықаралық ұшақ рейстерін доғарған. Таксилер де күнаралық режимке көшкен. Такси көлігінің нөмірі тақ санмен аяқталса, ол бірінші күні, жұп санмен аяқталса, екінші күні жүретін жүйе енгізілді.

 

Карантин режимін бұзғандарға айыппұл салынады. Апта соңындағы коменданттық сағат кезінде ережені бұзғандарға салынатын айыппұлдың сомасы жоғары. Карантин талаптарына сай белгіленген ережені бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 392 түрік лирасы мөлшерінде айыппұл салынады. Қазіргі таңда 1 түрік лирасы 62 теңгеге шамалас дәрежеде», - дейді М.Байболов.

 

Ел басшысының өзі жәрдемге жеті айлық жалақысын аударыпты

 

Түркияда мектеп оқушылары сәуір айының соңына дейін қашықтан оқиды деп ұйғарылған екен, таяуда ол мерзім мамырдың соңына дейін деп ұзартылыпты.

 

«Мектеп оқушыларына телеарналар арқылы сабақ берілуде. Ұлттық Білім министрлігі сонымен қатар «EBA» (Eğitim Bilişim Ağı) жүйесін жасаған. Осы жүйе арқылы оқушылар онлайн режимде дәріс алуда. Ол жүйе үшін өткен айда 8 гегабайт интернет берілген болатын. Бұл айда 8 гегабайт интернет қолданысқа берілді. Сондай-ақ Рамазан айының құрметіне 81 миллион абонент кісі басы 1 гегабайт интернетпен тегін қамтамасыз етілді.

 

Ал жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне 16 наурызда басталған үш апталық демалыстан соң көшті. Бұл оқу жылы онлайн режимде білім алумен аяқталатыны туралы хабарланды», - дейді М.Байболов бұл жөнінде.

 

Бүгінде Түркияда коронавирусқа қатысты жұмысы тоқтап қалғандарға, тұрмысы төмен отбасыларға елеулі деңгейде көмектер көрсетілуде екен.

 

«18 наурыз күні ел Президенті Ердоған тікелей эфирде мәлімдеме жасап, «Экономикалық тұрақтылық қалқаны» бағдарламасын жариялады. Осы мақсатта 100 миллиард лира бөлінді. Жұмыс берушілердің қызметкерлерін жұмыстан үш айға дейін шығара алмайтыны туралы айтылды. Ақысыз еңбек демалысына шыға қалған жағдайда оларға күніне 39 лирадан төленеді.

 

Індетпен күрес үшін «Біз бізге жетеміз, Түркиям!» деп аталатын кампания басталды. Ердоғанның өзі аталмыш кампанияға 7 айлық жалақысын қосты. Бүгінгі мәлімет бойынша, бұл арнайы қорға 1 миллиард 876 миллион 383 мың 432 лира қаржы түскен.

 

Мемлекет 4 миллион 400 мың тұрмысы төмен отбасыға 1000 лира мөлшерінде (62 мың теңге шамасында) көмек көрсетуде. Халықтың бір-біріне көмек қолын созуы көптеп орын алуда. Мысалы, бір қалталы азамат жасырын түрде Түркияның әр қаласын аралап, дүкендердегі қарыз дәптерін сатып алуда екен. Ол жұрттың қарызын өзінің есебінен қайтаруда. Ондайлар бірнеше адам болуы мүмкін. Аты-жөні белгісіз азаматтарды түрік жұрты «Робин Гуд» деп атап жүр. Конвертке салып, тұрғын үйлердің есік-терезелеріне 1000 лирадан тарататын және балаларға 100 лирадан беретін жағдайлар да болып тұрады», - дейді Мырзахан Байжанұлы.

 

Ол жақта да алғашында бағаны қолдан қымбаттату жағдайлары болмай қалмапты. Дегенмен Ішкі істер министрлігі қатаң күрес жүргізіп, бағаның қымбаттамауын бақылауда екен. Яғни халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде аса қиындық туындап отырған жоқ.

 

Рамазан айына байланысты «Түрік Қызыл Айы» ұйымы мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізіп, оразада ғана болатын арнайы нан түрін тегін таратуда екен. Ал полиция, жандармерия мен патруль және төтенше жағдай қызметі өкілдерінен құралған «Вефа» деп аталатын әлеуметтік қолдау тобы елдің барлық аймағында көмек өтінген азаматтарға жәрдем беруде. Олар негізінен қарттарға көмектесіп, дәрі-дәрмегі мен азық-түлігін жеткізіп беруге қолғабыс жасайды.

 

Мамыражай күндер мамырда келеді деп күтілуде

 

«Түркияда сарапшылар пікіріне жүгіну жақсы жолға қойылған. Пандемияға байланысты әрбір жаңалық пен өзгерістен соң телеарналарда маман-сарапшылар тікелей эфирде сағаттап сөйлейді. Соңғы мәліметтерге сүйене отырып, Түркия қауіпті індетті еңсерді деуге толық негіз бар. Мамандардың айтуынша, пандемия шыңына жетіп, беті қайта бастаған. Десе де толыққанды жеңіске жету үшін уақыт пен төзім қажет.

 

Пандемияға байланысты туризм маусымы кейінге шегерілген еді. Түркияда жағдайды тұрақтандырып, коронавирусты толыққанды жеңудің 4 сатылық кезеңі жарияланған. Ол бойынша мамыр айында дайындық кезеңі мен жағдайды бақылау-бағалау жүзеге асады. Маусым айында басталатын екінші кезеңде туризм жанданады деп күтілуде. Қалааралық жолаушы тасымалы да жолға қойылып, ішкі туризмге жол ашылады. Мамырдың соңында ішкі-сыртқы әуе сапарлары да қалыпқа келтіріле бастайды деген ақпарат тарады. Ел Президенті Рамазан айты мерекесінде екі мейрамды қатар атап өтетін қуанышты хабарды жария етті. Яғни сол кезеңде сатылы түрде бұрынғы жағдайға оралу жүзеге аса бастайды. Алғышарт қадамдар қазірдің өзінде басталды», - дейді М.Байболов.

 

Ол кісі түріктердің Қазақ елін өздерінің атажұрты, ата-бабаларының көші бастау алған құтты мекені ретінде қадірлейтінін, қазақтарды құрметтейтінін айтады. Түркиядағы Қазақстан елшілігінің мәліметінше, бұл елде 18 мыңға жуық Қазақстан азаматы тіркелген екен. Оған қоса 2 365 білім алушы жастарымыз бар.

 

Ал Түркияға 1952 жылы барған қандастарымыз негізінен Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданында тұрады екен. Одан бөлек, қазақтар Нииде провинциясының Алтай ауылында және Маниса провинциясына қарасты Салихлы ауданында тұрады. Олар әртүрлі кәсіппен шұғылданады.

 

Азаматтары алдымен мемлекет қамын ойлайды

 

Біз Мырзахан Байболовқа Түркияның жай-күйіне қатысты көптеген сұрақтар қойдық, сауалдарымызға тұщымды жауап алдық.

 

«Түркияда шағын және орта бизнес дамыған, - дейді ол кісі. - Кәсіп ашатын адамға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді. Шаруасын дөңгелентіп отырған үлкен холдингтер де жетерлік. Солардың бірі - «YDA холдингі» демеушілік жасап, коронавирус індетімен күрес үшін Қазақстанға медициналық құрал-жабдықтар жібергенін білесіздер. Сондай-ақ түрік кәсіпкерлері елге оралуға тілек білдірген қазақстандық студенттерге демеушілік жасады.

 

Ауыл шаруашылығы дамыған, табиғаты қолайлы әрі жылыжайлар жұмысы жоғары деңгейде болғандықтан бұл елде дастарханнан көкөніс үзілмейді. Жеміс-жидек те мол болады. Ел билігі пандемияға байланысты ауыл шаруашылығы саласы бойынша несиені төлеу мерзімін пайызсыз түрде алты айға шегерді. Яғни шаруа қожалықтары алған несиелерін алты айдан кейін төлей бастайды және осы алты айлық мерзім үшін несиеге үстеме пайыз қосылмайды.

 

Мұнда білім беру мен денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған. Ол осы пандемия жағдайында анық байқалды. Денсаулық сақтау саласы індетпен күресте өзінің мықтылығын дәлелдеді. Ғылымы да пандемиямен күреске үлкен үлес қосты, бұл елде жасанды тыныс алу аппараттары шығарыла бастады. Әскери өндіріс те ғылыммен тізе қосып, қарыштап дамуда. Әсіресе пилотсыз әуе аппараттары көптеп жасалып, лаңкестермен күресте кеңінен қолданылуда. Университеттердің жанынан үлкен технопарктар құрылған. Ол жерде тың идеялар жүзеге асып, ғылыми жаңалықтар айналымға ендіріліп жатады».

 

Ал Түркияда жергілікті атқарушы билік өкілдері қызметке сайлау арқылы келеді екен. Сондықтан да олар сайлаушылардың алдында есепті жоғары деңгейде беруге ұмтылып, қызмет сапасын жақсартуға күш салады. Сирек кездесетін кей жағдайларды есепке алмағанда бұл елдің маңызды салалары пара алу мәселесінен тазарған.

 

«Әсіресе әскери борыштан жалтару мақсатында, университеттерде жоғары баға алу үшін пара беру жағдайлары атымен жоқ. Таныстыққа бұрып, жершілдік жасау жағдайлары ішінара болып тұрады. Дегенмен түрік азаматтары заңды қатты сыйлайды, алдымен мемлекеттің қамын ойлайды», - дейді М.Байболов.

 

...Бүгіндері Түркияда білім алып жүрген жерлесімізден біз осындай жайлар жөнінде білдік. Ел танып, оның жақсы жақтарынан үлгі алған кімге де болса артықтық етпейді ғой. Сол үшін де Мырзахан бауырымызға өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ