Президент Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды

02.05.2020
Қаралды: 660

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты өзінің Twitter парақшасында былай деді:

 

«Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарынан Түркістан облысының Жеңіс және Жаңатұрмыс ауылдарын су басты. Бүгін Премьер-министр Асқар Мамин мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл тұрғындарын эвакуациялау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуді тапсырдым», - деп жазады Мемлекет басшысы 

 

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамыр күні таңертең Өзбекстанда орналасқан Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы бірқатар елдімекенді су басты.

 

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толды. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

 

Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

 

"Замана"-ақпарат.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ