Қаза болған сарбаздың ата-анасына жаңа үйдің кілтін табыс етті

31.08.2016
Қаралды: 834

Осыдан шамалы уақыт бұрын Ақтөбеде лаңкестік оқиға болғаны белгілі. Соның салдарынан қаза тапқан ондаған адамның арасында Оңтүстік Қазақстан облысынан Досбол Сапар есімді жас жігіт те болды. 

Әскер қатарында өзінің азаматтық борышын өтеп жүрген Д.Сапар әскери бөлімге шабуыл жасаған лаңкестерді тоқтатпақшы болып алдарынан шыққанда оққа ұшқан.

Жақында Шардарада облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Асқар Оспанов Досболдың әкесі Еркінбекпен және анасы Жұлдызаймен кездесіп, оларға жаңадан салынған үйдің кілтін тапсырды.

Бұл үй Шардара қаласының жаңа ықшамаудандарының бірінен 10 миллион теңгеге сатып алынған. Бұған қосымша ол 2 миллион теңгеге тұрмыстық техникалармен, компьютер, басқа да қажетті жиһаздармен жабдықталыпты. Одан бөлек, бір бұзаулы сиыр мен он қой да сатып әперілген. Бұған қажетті қаржы облыстық ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен жиылғанын ішкі істер департаментің басшысы А.Оспанов мәлім етті.

Облыс әкімі  өз сөзінде Досболдың қазасына барша жұрттың қайғырғанын айтып, бұл шаңыраққа тек жақсылыққа келейік деген ниет білдірді. Ал әулеттің кенже ұлы Ербол: «Өскенді кім боласың?» – деген Б.Атам­құловтың сұрағына Досбол ағасы секілді әскери маман болатынын айтқанда облыс басшысы қолын алып тұрып, арманына жету үшін оған қолдау білдіруге уәде етті.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ