Көмек сұрайтындар неге көбейіп кетті?

28.04.2020
Қаралды: 422

Карантинге байланысты елдегі жұмыс орындарының уақытша тоқтауы мен жабылуы біраз адамның жағдайын тұралатып тастады. Әсіресе, тұрмысы төмен көп балалы аналардың күнкөрісі тіпті қиындап кеткендей. Бұл туралы алматылық белсенді Құрал Медеуов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жиі айтып жүр. Осы ретте біз ол кісіні әңгімеге тартқан едік.

 

‒ Құрал мырза, өзіңіз жиі көмек қолын созып жүрген жалғызбасты аналардың бүгінгі жайы қалай?

 

‒ Қазір жалғызбасты аналардың жағдайының күрт нашарлағаны сезіледі. Бұл осыдан бір ай бұрын басталды ғой. Бұған дейін де тұрмысы төмен біраз отбасыға азық-түлік таратып жүрдік, бірақ қазір сан жағынан өсіп бара жатыр. Осыдан біршама уақыт бұрын бір кісі маған: «Жағдайы нашар қырық шақты әйелді ертіп кел, мен осы жерден тегін азық-түлік таратайын», ‒ деп өзінің дүкеніне шақырды. Содан ойымда ештеңе жоқ, 30-40 әйелге айтқандай болғанмын, ертеңіне әлгі жерге 200-ден астам адам жиналыпты. Ақырында: «Бәріңізге бірдей бере алмаймыз», ‒ деп ашық айтуымызға тура келді.

 

Одан кейін де бір жігіт 20 шақты көп балалы әйелге тегін азық-түлік тарататынын айтқан болатын. Ол кезде де біз ойлағандай 20 емес, 50-60 адам жиналып, азық-түлігімізді жеткізе алмай қалдық. «Шақырып алып, түк бермедіңдер», ‒ деп ренжіп кеткендер де болды.

 

Біз негізінен азық-түлікті көп балалы, асыраушысы жоқ, пәтер жалдап тұратын, соңғы ақшасына нан алып, ары қарай не істерін білмей отырған отбасыларға тасимыз. Бірақ үйінде еркегі, басында баспанасы бар жанұялардың өзі көмек сұрап, бізге хабарласып жатады. Өкінішке орай, оларға өздерінен де жағдайы төмен жандардың бар екенін түсіндіруге тырысып, бетін қайтаруға тура келіп жатыр.

 

‒ Көбіне көп қай жақтардан хабарласады?

 

‒ Біз қазір Алматы қаласы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Дегенмен басқа аймақтардан да хабарласатындар аз емес. Жақында бір әйел Жетісайдан қоңырау шалды. Бес баласы бар, айына 53 мың теңге жәрдемақы алады екен. Өзі пәтер жалдап тұратын көрінеді. Басқа кіріс көзі жоқ. Сол секілді Нұр-Сұлтан қаласынан да бір келіншек: «Емізулі балам бар еді, ақшалай көмектесіңізші», ‒ деп бізге байланысқа шықты. Азын-аулақ ақша аудардық.

 

Лалахан деген келіншектің жолдасы бес жылға сотталып кеткен. Өзі төрт баламен қалған. Балаларының алды 5-6-сынып оқиды. «Үйде бәрі таусылды. Пәтерақымды төлей алмай жатырмын», ‒ деген соң оларға да шамамыз келгенше азық-түлік апарып бердік. Әлеуметтік желіге жариялаған соң оған біраз адамдар қаржы жағынан қол ұшын созған көрінеді.

 

Тағы бір келіншек жалғыз қызымен, мүгедек әкесімен бірге пәтер жалдап тұрады екен. Ажырасқан. «Жейтін ештеңеміз қалмаған соң амалсыз көршілерден сұрадық. Олар үйіндегі азық-түлігімен бөлісті. Карантин болмағанда ешкімге бұлай қол жаймас едім. Жұмыс істеп, ақша тауып жүрдім. Карантин қысып қойды. Көшеге шыға алмаймыз. Шықсақ полиция ұстайды. Үйде отырмыз. Жәрдем сұрап жазбаған жерім қалмады. Әзірге сізден ғана көмек келді. Мемлекеттен де бір тиын алмаймыз», ‒ деп отыр.

 

Жуырда тағы бір әйел хабарласты. «Қызым кішкентай, сүт ішу керек. Сүт алуға жағдайым жоқ, қымбаттап кетті», ‒ дейді. Күніге 200 теңгеге сүт ішеді екен. Оған да азын-аулақ қаражат жібердік.

 

Айта берсек, елде мұндай әйелдер өте көп. Тіпті, бұрынғыдан әлденеше есе артық. Біз оларға шамамыз келгенше азық-түлік жеткізіп береміз. Арада екі апта өткен соң: «Өткенде бергендеріңіз таусылды. Тағы да жәрдемдесе аласыздар ма?», ‒ деп қайта қоңырау шалады. Рас, бергеніміз бір жылға жететіндей мөлшерде емес. Бірақ біз үнемі бір отбасыға көмектесе алмаймыз. Өйткені айналамызда одан да басқа қол созып қарап отырғандар қаншама.

 

Баспана жағы да әйелдерге қиын болып тұр. Қазіргі карантин кезінде пәтерақысын төлей алмай, қиналып отырғандар жетіп артылады.

 

‒ Дегенмен, бұл тек карантиннің зардабы деуге келмейтін шығар?

 

‒ Жанға бататыны ‒ әйелдердің көбі жалғызбасты. Жолдасы қайтыс болса түсінер едім, бірақ біразы ажырасқандар. Күні кеше Алматыдағы «Шаңырақ-1» мөлтекауданында тұратын бір келіншекке бардық. Жасы небәрі 26-да, бес баласы бар, жолдасымен айрылысып кеткен. Өзі пәтер жалдап тұрады екен. Қалай күн көріп отыр десеңізші?! Кейде мен бұған жоғарыдағыларды кінәлаймын. Егер де елде идеологиялық жағынан дұрыс тәлім-тәрбие жүргізілсе, ажырасқандар саны мұншалықты көп болмас еді деп ойлаймын.

 

‒ Азық-түлік алуға қажетті қаражатты қайдан аласыздар?

 

‒ Біз осы күнге дейін азық-түлікті белсенділердің өз арасында жиналған ақшаның есебінен алып келдік. Әлі де солай. Сонда да сыртымыздан сөз айтатындар табылады. Өткенде әлеуметтік желідегі бір топта: «Құрал әйелдерге мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдерін апарады», ‒ деп жазыпты. Осы күнге дейін бір де бір үйге сүт өнімін алмаппын. Біздің беретініміз ‒ картоп, пияз, сәбіз, макарон секілді нәрселер.

 

Жақында Дания елінде тұратын қандасымыз бізге аздаған қаражат аударды. Ол ақшаға да әйелдерге азық-түлік алдық. Ол кісі бұл жайында мүмкіндігінше көбірек видеолар түсіруімді сұрап отыр. Айтуынша, Дания әлем бойынша қайырымдылықпен айналысудан ең алдыңғы қатарлы мемлекет екен. Олар жылда бюджетінің белгілі бір пайызын, яғни миллиардтаған долларды қайырымдылыққа бөлетін көрінеді. Алдағы уақытта сол ақшаны Қазақстанға да бөлдіргісі келетінін айтуда. Әлгі видеолар сол мақсатта қажет болатын көрінеді. Әрекетке ‒ берекет!

 

‒ Құрал мырза, уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Көпке көмегіңіз тие берсін!

 

Сұхбаттасқан ‒ М.ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ