Түркістан облысында 25 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

28.04.2020
Қаралды: 193

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде іске асырылатын жобалар туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасына» сәйкес, өңірде жаңа ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік-мәдениет нысандары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүзеге асырылмақ.

 

Инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын қайта жөндеуден өткізіп, елді мекендерді абаттандыру көзделген. Осы мақсатта Түркістан облысында 460 инфрақұрылымдық жобалар бекітіліп отыр. Оның ішінде 48 нысан Түркістан қаласын дамыту жоспарына бағытталған. Ауқымды жұмыстар барысында өңірде 25 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Іс ілгері қадам басып, жобалар жүзеге асқан соң, екі мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құру көзделген. Азаматтардың орташа жалақысы 85 мың теңгеден төмен болмайды.

 

Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібіне сәйкес, аудан, қалаларда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын мердігерлерді анықтау жұмыстарын жүргізу басталды. Мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін инфрақұрылымдық жобалардың басталуын, тиісті жұмыс орындарына жұмыссыздардың тартылуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ең бастысы жұмысшылардың қауіпсіздігін қадағалау мақсатында, барлық қауіпсіздік шаралары қамтылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп отырады.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ