Карантинді тәрбиеге пайдаланып қалайық

25.04.2020
Қаралды: 273

Карантин кезінде амалсыздан үйде отырмыз. Іш пысады, жалығасың. Осы кездері кейбір үйлерде жанжал шығып, арты орны толмас өкінішке ұласып жатқанын да естудеміз. Мұның бәрі төзімділіктің төмендігінен, сабырдың жоғынан, ашуды ауыздықтай алмаудан екені анық. Ал мұндайда адам ақылға ерік берсе, арада көп өтпей-ақ сабасына түсіп, өз қылығының ең алдымен өзіне зиян тигізе жаздағанын ұғынар еді.

 

Осы орайда адамды барша ізгі амалдарға үндейтін, жақсы істерге баулитын, кеше ғана басталған қасиетті Рамазан айының маңызы ерекше. Мұсылман баласы ораза тұтқан кезде мұның бәрін терең түйсінеді, өзінің санасына ұялаған болымсыз ойлардан, бойына біткен жаман мінездерден арылуға тырысады. Біле білсеңіз, бұл деген – керемет уақыт, Алланың адамға берген ұлы нығметі. Біз содан құр қалмайық!

 

Адамның бар ақыл-ой, іс-әрекетін ми басқаратынын білеміз. Сол ми дұрыс жұмыс істесе, біз көп адаспаймыз, өкініп, опық жемейміз. Қартайғанда да көпшілік жұрт жиі айтатындай «әдемі қартайған» болады екенбіз. Ал мұны қайсыңыз қаламайды екенсіз?

 

Өкінішке орай, мұндай бақ қалағанның бәрінің басына бірдей қона бермейді. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда, қалыпты қартаю, алжымай қартаю әлемдегі әр бес адамның біреуіне ғана бұйыруы мүмкін екен. Мұндайлар ел-жұртқа сыйлы, өмірі өнегелі болып қалыптасады. Ал кей адам ерте қартайып, мінезі балаға ұқсап, өкпелегіш немесе томаға-тұйық болып, енді бірі өзінікін ғана дұрыс көретін, ашушаң, қазымыр, мылжың болып кетеді. Ондайларға өзгелер көп жуи бермейді, кейбірінен тіпті айдаладан қашатын болады.

 

Адамның қандай жан екенін сипаттайтын жақсы-жаман осы мінездер онда бірден қалыптаса салмайды, бойына жылдар бойы сіңеді. Біреу ақылдыға, дана, данышпанға айналады, енді біреу өзгеге көрсетер түк те өнегесі жоқ іші қуыс бір пендеге айналады. Ақыл адамға өзіндік үйрену, дағдылану, іздену, бойға сіңірумен келсе, ақымақтық, болымсыздық адамды білдірмей алады екен. Яғни жаман мінездер жасырын ушығатын қатерлі кесел сияқты, оған ерік берген адам уақыт өте келе өзінің қандай бейбаққа айналып кеткенін білмей де қалады. Өмірінің соңында көзі ашыла қалса да «әттең-ай» дегенінен еш пайда жоқ, болары болды, бояуы сіңді. Оның енді өзге түгілі, өз ет жақындарына да қадірі жоқ.

 

Ал енді ойланып көріңізші, сіз өзі қандай адамсыз? Бойыңызға жақсы мінез сіңіре алыпсыз ба? Жаман мінезіңіз, болымсыз қылықтарыңыз бар ма екен? Ойланасыз ба, ойлансаңыз, басыңызға көбіне қандай ойлар келеді?

 

«Бас» деп отырғанымыз – ми. Ол – сіздің сана-сезіміңізді, іс-әрекеттеріңізді басқарып отыратын орталық. Сол ми қазір қалай жұмыс істеп жатыр? Карантинде үйден шықпай отырсыз, қазір немен айналысудасыз? Күндеріңіз онсыз да ортайып қалған азық-түлікті опырып, құры тамақ ішіп, ұйықтап, басқа да табиғи қажеттіліктерді өтеумен ғана өтіп жатқан жоқ па? Өзіңізге пайдалы қандай шаруамен айналысудасыз? Әлде жұртқа зияны шаш-етектен тиетін жаман істермен танылудасыз ба?

 

Өкінішке орай, бәрімізді үйге қуып тыққан коронавирус бүгінде бойымызға біраз жаман мінездерді жұқтырып та жатқан сияқты. Кейбіреулердің «уақыт өткізу үшін» деп арақ-шарап, сыра ішетінін естудеміз. Көп адам жұмысым тоқтады, не істеймін деп үйінде теледидарға таласып, телефон құшақтап жатыр. Кей сөздерге сенсек, осындай себептермен іш пысқаннан отбасында ұрыс-жанжал шығаратындардың қатары артыпты.

 

Сондықтан да біз мұндай жаман нәрселердің қармағына түспес үшін миды жұмыс істетіңіз демекпіз. Ми «ұйықтап» қалмасын. Пайдалы, танымдық нәрселер оқыңыз, оны отбасы мүшелеріне айтып беріңіз, оларды да оқуға, білуге ынталандырыңыз. Тіпті болмаса жұмбақ жасырысып, сөзжұмбақ шешіңіздер. Басқа уақытта ойға келе бермейтін өлең, ән сөздерін жаттап алсаңыз, ол да жақсы емес пе? Қазіргідей қол боста одан да күрделі нәрселерді жаттап, үйреніп алуға болады.

 

Осындай әрекеттер отбасы мүшелерін жақындастырады. Сонда берекені қашыратын түсініспестікке, ұрыс-керіске орын да қалмайды. Жақын адамның қадіріне жетесіз, санаңыз өзгереді. Отбасын әбіржітіп, жексұрынға айналғаннан бұл мың-миллион есе артық емес пе?

 

Яғни қазір миды шынықтыруға уақыт молынан жетеді. Миы дұрыс жұмыс істейтін адамның бойында жақсы қасиеттер қалыптасады, ол орынсыз ашуланбайды, өзінің әрбір ісіне есеп бере алады.

 

Ал бойына барша жаман мінезді сіңіріп алған адам қайтеді? Ол өзге түгілі, өз жақындарына да сүйкімсіз, өзін өзі орға итермелеген ақымақ болып шықпай ма? Сондайдан сақтасын!

 

...Карантиннен шама-шарқымызша өзгеріп шығуға тырысайық, ағайын! Бұл күндерді өзімізді, балаларды тәрбиелеуге тиімді пайдаланайық. Өйткені басқа кездері оған аса мән бермейміз, тәрбиемен айналысуға уақытымыз да, құлқымыз да «жетпей» кететіні рас қой.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ