Атығай Бекқұлов: «Ол бізге Оңтүстік Африкадан келген індет»,

30.08.2016
Қаралды: 1679

Өткен жылы еліміздің батыс аймағында киіктердің көптеп қырылғаны белгілі. Биыл Сыр өңірінде түйелер өліп, тағы бір жерде сиырлар арам қатып жатыр. 

Біреулер мұны ғарыш кемелерінен шыққан гептилдің әсері десе, екіншілері ол болжамдарды жоққа шығаруда. Ал сарыағаштық мал дәрігері Атығай Бекқұлов (суретте) ірі қаралардың қырылуына байланысты редакцияға былай деп хат жазыпты:

«Бүгінде шет елдерден мал тасымалдау көбейіп кетті. Бұл дұрыс шығар. Бірақ сақтанатын тұстары да жоқ емес. Малмен бірге бізге түрлі індеттердің де келетіні анық. Олардың арасында емі жоқ қауіптілері де бар. Соның бірі – нодуляр, ірі қараның тері қабынуы. Бұл – өте жұқпалы ауру. Теріде әртүрлі ірілі-ұсақты бөртпелер пайда болады. Ауру тез тарайтыны сондай, аз уақытта жүздеген малға жұғады, кез келген шаруашылықты орасан экономикалық шығынға ұшыратады. Ол шаруашылықтар мал шығынынан бөлек, басқа да шығындарға ұшырайды, мал азады, тері мен еттің экспорты төмендейді.

Бұл ауру алғаш рет өткен ғасырдың басында Оңтүстік Африкада шыққан. 1946-жылы Мозамбикте, араға 13 жыл салып Мадагаскарда тіркелген. Аурудың биологиялық қоздырғышы әлі зерттелмеген. Міне, осы індет бізге де келіп жатыр. Оны көп мамандар біле бермейді. Әсіресе жастар жағы бейхабар.

Ауру тасымалдаушысы осындай сыр­қатқа шалдыққан мал болып табылады. Ол бірінен екіншісіне қансорғыш жәндіктер мен кенелер арқылы жұғады. Малдың дене­сіндегі бөртпелер қы­шымайды, қолмен бас­қанда ауырмайды. Малдың ыстығы 40-41 градусқа дейін көтеріліп, ол жем-шөп жеуден қалады. Бұл ауруды емдейтін вакцина жоқ.

Одан құтылудың бір ғана жолы – мал тұратын қорада тазалық ережелері сақталуы керек. Жаз айларында қораны қидан тазалап, кемі екі рет залалсыздандыру жұмыстары жасал­ғаны дұрыс. Мұндай сырқат шыққан шаруашылыққа сырттан мал қосуға немесе басқаға мал беруге тиым салынады. Ауырған малды өртеп, 2 метрлік тереңдікке көмеді

Бүгінгі таңда малдың қырылуының себебі осында жатыр. Ал бұл көпшілік үшін ашылмаған құпия болуда».

Мал дәрігері Атығай Бекқұлов осылай дейді. Ол кісі – кеңестік кезеңде Сарыағаш, Мақта­арал аудандарында мал дәрігері болған білікті маман. Бүгінде Сарыағаш ауданындағы «Санжар» шаруа қожалығының төрағасы.  Биыл көктемде басқалардың жүздеп қойлары қырылғанда бұл кісі біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында бір қой да шығын бермепті. Әкімдер осындай азаматтардың тәжірибесін көптеп пайдаланса, жұрттың одан ұтары аз болмас еді-ау.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ