Әлемде қанша вирус бар?

22.04.2020
Қаралды: 171

Қазір бәрімізге де осы сұрақтың жауабы қызық болып тұр. Шынында да, әлемде қанша вирус бар өзі? Бұл сұраққа ғалымдар да дәл жауап бере алмайды. Себебі вирус дегеніңіз тозаңнан мың есе кіші, микроскоппен де көріне бермейтін өте майда, бірақ тірі ағза. Микробиологтар оны сырты ақуызбен қапталған тірі ген, дәлірек айтсақ, генетикалық код дейді. Біреулер оның он мыңнан астам, тіпті миллионға жуық түрі бар десе, енді бірі біздің айналамызда әлі анықталмаған алты мыңға тарта түрі жүр деп санайды. Ал қалғандары оның құбылуы, өзгеруіне байланысты белгі беретін «балалары» көрінеді.

 

Қысқасы, бұл мәселеге келгенде ғалымдардың пікірі сан түрлі. Сондықтан әлемде нақты қанша вирус барын тап басып айту мүмкін емес. Белгілісі – адаммен бірге айналада көзге көрінбейтін өте ұсақ, бірақ сонысына қарамай өте қауіпті тіршілік иесі бар. Айналамызда бізден өзге аузы-мұрны, аяқ-қолы, тіпті тұрақты кескін-формасы жоқ тіршілік иесі бары ең алғаш 1892 жылы белгілі болған. Оны орыс микробиологы Дмитрий Иванов анықтапты. Мұның өзі күтпеген жерден, кездейсоқ жағдайда орын алған: бізге жеткен деректерге қарағанда, ол темекі жапырақтарының теңбіл тартуы себебін зерттеу үстінде белгілі болыпты. Ал вирус деген ұғымды 1899 ғылымға алғаш рет Голландия ғалымы Мартин Бейеринк енгізген. Яғни адамзаттың бұл іліммен тыңғылықты айналысып келе жатқанына енді ғана ғасыр толды. Осы жүз жылда адам мен вирус арасында көзге көрінбес майдан жүріп жатыр: адам оны ауыздықтап әлек, ал жасушасыз тіршілік иесі қалайда қонып, еніп алып, тіршілігін жалғастыратын, жан-жағын жайпайтын жасуша іздеумен келеді. Көзге көрінбейтін бұл соғыста адамның әлеуеті мықтырақ. Дегенмен тез құбылып, жылдам бейімделетін, гендік коды жиі өзгеретін жау да әр кез өзін мойындатып тұрады: соңғы жүзжылдықта онға жуық эпидемия жарияланды. (Оған дейінгісін еске және есепке алған жоқпыз). Зика, Эбола, шошқа, сосын құс тұмауы деп жатқанымыз осы тіршілік иесінің құбылуына қарай қауіпті қарқынға ие болған түрлері.

 

Бәріміз білеміз, вирус өте ұсақ, оны микроскоппен 300 мың есе үлкейтіп қана көруге болады екен. Жасушаға жеткенде ол өте тез көбейеді, ауру тудырады. Жасушадан тысқары ортада, мәселен, есік тұтқасы, үстел үсті, лифт бастырмасы сынды түрлі жерде де кездеседі. Дегенмен оның өміршеңдігі ұзаққа созылмайды, ары кетсе бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін ғана созылуы мүмкін. Жалпы, вирустар төмен температура, ылғалды орта мен тұманды жақсы көреді, осындай жерде ұзақ сақталады және тез көбейеді дейді. Көпшіліктің күн ысыса вирус жойылады деп үміттенуінің себебі осы. Дегенмен вирустың бәрі бәрі 30-40 градуста өледі деу қисынға келмейді. Мұны да түсінуіміз керек.

 

Жоғарыда вирустың адамға белгілі және белгісіз сан түрі бар екенін жаздық. Түрленіп, құбылуына қарай бұдан былай да адамзат оның сан түріне кезігуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал одан сақтайтын амал – екпе жасату. Вакцина вирустың түріне, тегіне қарай жасалады. Сондықтан бүкіл вирус атаулыдан аман сақтайтын құдіретті және санқырлы жалғыз вакцина жасау, өкінішке қарай, мүмкін емес. Мұндай «құдірет» адамның өз вирустарын, сонымен қоса өзін де өлтіріп жіберуі ықтимал. Ал «өзіңіздікін» сақтап, өзгені жолатпау үшін, әрине, тазалық, арақашықтық керек. Үнемі! Өйткені COVID-19 ғана емес, біз қаптаған вирустың ортасында, солармен бірге, қатар өмір сүріп жатырмыз. Ал олардың қанша түрі бары белгісіз, яғни коронавирус сияқты індетіп інге тығатын тағы қаншасы бой көрсететінін ешкім дөп басып айта алмайды.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ