Карантин кезінде де отбасын ойрандауда

22.04.2020
Қаралды: 153

Кеше қажетімізді алу үшін дүкенге барған едік. Сонда ол жерге учаскелік инспекторлардың «отбасында зорлық-зомбылық көрсеңіз, хабарласыңыз» дегендей тұрғыда буклет таратып кеткені жөнінде естідік. Бұл бізге ой салды.

 

Әңгіме кейбіреулердің ішімдікке тойып алып, әйелін, балаларын жәбірлейтіні жөнінде болып отыр. Қазіргідей жұмыс уақытша тоқтап, жаппай карантинде отырған уақытта кім өзінің отбасына зәбір көрсетеді екен деп ойлағанбыз. Сосын Шымкенттің Абай аудандық полиция бөліміндегі танысымызға хабарластық.

 

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық карантин кезінде де тиылмай тұр, -- деді бізге жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция майоры Гүлвира Бектемісова (суретте). – Араққа тойып алып, әйеліне қол жұмсайтындар қазір де бар. Кеше ғана полицияға үш баланың анасы, 39 жастағы әйел шағымданды. Көлік жөндеумен айналысатын күйеуі арақты күнде ішеді екен. Үйіне оңдырып табыс әкелмейді, оның үстіне әйелін жәбірлеуді әдетке айналдырған. Бұл жолы да жарын жазықсыздан көкала қойдай етіп соққыға жығып, үйінен қуып шығыпты. Біз ол әйелді «жедел жәрдеммен» ауруханаға жібердік. Алайда ол өзінің жәбір көргені үшін тиісті арыз жазбай, ауруханадан кетіп қалыпты.

 

Бізге осындай жағдаймен карантиннен басқа кездері де көптеген әйелдер шағымданады. Оларға заңды көмек көрсетуге тырысамыз. Бірақ әрқашанда осы, жеме-жемге келгенде жәбірленуші өзінің жазған арызын қайтып алады. Қазір де күнде осындай жағдайлар болып жатыр.

 

Арақ ішіп алып, әйелін соққыға жығатындардың басым көпшілігі – 25 – 40 жас аралығындағы азаматтар. Ұрыс-жанжалдың негізгі себебі – тұрмыстық жағдай, материалдық жетіспеушілік. Сұрастыра келгенде түпкі себептің осы екенін білеміз. Кейбірі өзінің бойына сіңіп кеткен жаман әдетін қоя алмайды. Ал кейбірі арақты күйзелістен ішетін сияқты. Бірақ бұл жағдай бұзақылықты ақтамайды ғой. Арақ ішкесін тыныш жата алмай, үй ішін әбіржітетіндер бар. Бізге бүгіндері сондайлардан жапа шеккен әйелдер күн сайын шағымдануда. Тіпті өткенде бір әйел бір күнде үш-төрт мәрте полиция шақырды».

 

Полиция қызметкері осылай дейді. Жәбір көрген әйелдер көп жағдайда соңғы сәтте күйеуінің сотқарлығын кешіреді екен. Бірақ полиция онымен қоя салмайды. Егер қатты мас болса, әйелін жәбірлеушіні айықтырғышқа тоғытады. Сосын оған «Қорғау нұсқамасы» деп аталатын хаттама толтырады. Сөйтіп оны бір ай мерзімге профилактикалық есепке алады. Егер осы уақыт аралығында ол бұзықтығын қоймаса, сотқа ерекше талап түсіріледі. Сот шешімімен оған 3 айға немесе 6 айға ерекше талап қойылады. Яғни оның әйелімен қарым-қатынасы шектеледі, ол онымен бір үйде тұра алады, бірақ сөйлеспейді. Егер осы мерзім ішінде ол тәртіп бұзса, полиция оны әкімшілік сотқа береді. Сот оған қандай шара қолдану керектігін шешеді. Отбасын жәбірлейтін адам сосын полицияның бақылауында болады.

 

«Мұндай оқиғалардың кезінде ауыр қылмыс та орын алып тұрады. Мысалы, былтырғы жылы үш айда сондай үш оқиға тіркелген. Яғни әйеліне ауыр және орташа дене жарақатын салған адамдар қылмыстық жазаға тартылды. Бір айта кетерлігі, биыл бізде ондай оқиғалар тіркелген жоқ», -- дейді Г.Бектемісова.

 

...Қысқасы, арақ ішіп алып, отбасына сойқан салатындар карантин кезінде де бой көрсетуде екен. Тапқан-таянғанын араққа жұмсауымен қоймай, өз отбасын әбігерге салатын мұндайларға Құдай сана беріп, сабасына түсірсе дейміз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ