Дәріханаларда сауда саябырсып қалыпты

22.04.2020
Қаралды: 176

Карантин кезінде дәріханалардың жұмысы тоқтамай жүріп тұрғаны белгілі. Бірақ оларда сауда саябырсып қалған сияқты. Біз Шымкенттің «Жоғарғы Отырар» шағын ауданындағы «Ынтымақ» дәріханасының директоры Зебер Марқабаевамен әңгімелескенде осындай ой түйдік.

 

«Дәріханамызда қазір үш сатушы мен бір тазалықшы еңбек етуде. Сатушылар ауысыммен, жұмысқа бір тәулікке түсіп, екі тәулік демалады. Барлығы да отбасылы қыздар болғасын, күнделікті қажетіне табыс тапсын деп шештік. Бірақ оларға бұрынғыдай кесімді жалақы төлей алмай отырмыз. Өйткені дәріхананың кірісі азайды. Сондықтан ақыны күнделікті түскен табыстан төлеп тұруға келіскенбіз.

 

Бұрын бізде егу бөлмесі жұмыс істейтін, сырқаттанған адамдар өздеріне дәрігер тағайындаған екпелерді осында келіп салдырушы еді. Бірақ 2-сәуірде санитарлық-эпидемиологиялық станцияның арнайы қаулысымен, барлық дәріханалардағы егу бөлмелері жабылған. Сондықтан бізге қазір адамдар негізінен маска мен залалсыздандыру құралдарын алуға, ішінара бас, тіс, асқазан ауруларына, қан қысымына қатысты дәрі алуға ғана келеді, бірақ олар аз. «Укол» салдыруға деп келетіндерге емханаға немесе ауруханаға баруы керегін айтамыз. Негізі біздегі сауда күннен-күнге төмендеп барады», - дейді Зебер Қошқарқызы.

 

Елімізде коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланған соң, бетпердеге (маска, тұмша) сұраныстың күрт артқаны белгілі. Бірақ алғашында Шымкентте оны табу аса қиын болды. Бір айға жуық уақыт жұрт дәріханалардан маска іздеп аяғынан тозған еді.

 

«Қазір ондай дүрлігу жоқ. Дәріханалардан масканы да, заласыздандыру заттарын да табуға болады. Қала әкімдігі «Экофарм» компаниясында маска тігуді жолға қойған соң, жағдай жақсарды. Бірақ алғашында бізге қиын болды, кезекке тұрып, тапсырыс берген заттарды одан түнгі сағат 2-3-терде барып әкеліп жүретінбіз. Сол кезде, мысалы, бір мәрте әкелген 2 мың масканы үш күнде сатқан едік. Қазір күніне 100 шақты маскадан сатудамыз. Осыдан екі күн бұрын 500-ін әкелгенбіз, соның 200-дейі сатылды. Маскаға қазір сұраныс азайды, өйткені оны үйінде отырып-ақ дәкеден немесе матадан тігіп алып жатқандар бар», - дейді дәріхана директоры.

 

З. Марқабаеваның меншігіндегі бұл дәріханада қазір жуып, үтіктеп, біраз уақытқа дейін қолдануға болатын 140 теңгелік маскалар сатылуда. Сондай-ақ 1 литрі 4 мың теңге тұратын физикалық ерітінділер сатылады, олардың қосымша спрейі барының бағасы 5 мың теңге тұрады. Арнайы құтышадағы 50 миллилитрлік антисептиктің бағасы - 360 теңге. Дәріханаға оның 30 миллилитрлігі де түсіп тұрады. «Ынтымақ» дәріханасына бұл заттар бүгінде қаладағы түрлі компаниялар мен фирмалардан жеткізілуде.

 

Кешегі күні Шымкентте қоғамдық көлік қозғалысының тоқтатылғаны белгілі. Дәріхана жұмысына оның да өзіндік кедергісі тиген. Бірақ бұл мәселе тез арада шешімін тауыпты.

 

«Қыздардың жұмысқа келуі қиындаған еді. Дегенмен фармацевтика қауымдастығының басшысы Хадиша Берденқызына рахмет, жұмысымыздың түбегейлі тоқтап қалмауына көмектесті, яғни қыздардың жұмысқа шыға беруіне рұқсат әперді. Қазір оларды жұмысқа жеке көлікпен әкеліп, ауысымын өткергесін үйіне жеткізіп салудамыз», -- дейді Зебер Қошқарқызы бұған байланысты.

 

Ол кісі дәріханадағы тазалықшының еңбегін ерекше атап өтті. «Ол еденді, арнайы төсенішті, есік тұтқаларын сағат сайын жуып-тазалап, залалсыздандырып, тыным таппайды. Оған қоса дәріханаға келгендерді ішке тәртіппен кіргізіп, сыртта күтетіндер болса, оларға ара қашықтықты дұрыс ұстауды ескертіп дегендей шаруаларды да қоса атқарып жүр. Сатушы қыздарым да жұртқа сапалы қызмет көрсетеді, бізге алғыс айтушылар көп. Клиенттеріміз кейде іздегенін дер кезінде тауып бере алмай қалсақ та оған түсіністікпен қарайды», -- дейді дәріхана директоры.

 

...Жалпы, дәріханалардың жұмысы бүгінде азық-түлік дүкендеріндегідей қызу жүріп жатқан жоқ. Өйткені адам азықтанбай тұра алмайды, бірақ ауырса да дәрі ішпей, «укол» салдырмай-ақ тіршілігін жүргізе береді ғой.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ