"Қара жорға" биі Ухань науқастарына көмектесті ме?

21.04.2020
Қаралды: 240

Әлеуметтік желілерде Ухань каласында орын алған қызық видео шарлап жүр. Онда қазақ дәрігерінің "қара жорға" биін билеп, айналасындағы басқа да дәрігерлер мен адамдардың оған қосыла билеп жатқаны көпшілікті таңқалдырды. Осы бүкіл интернет желісіне тарап кеткен видеоға байланысты, Қазақстанға Қытайдан келген дәрігерлер делегациясының мүшесі, пульмонолог дәрігер Цю Гаунфенг науқастарға осылайша психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығы жоғары екенін айтты.

 

Оның айтуынша, оқшауланған адамдар жүйкесі жұқарып, шаршайды. Сонымен қатар, олардың жүріс-тұрысына тыйым салынады. Сол үшін пациенттермен сөйлесіп, жаттығу жүргізіп тұрған дұрыс. Қытай дәрігері мысал ретінде қазақ дәрігерінің «Қара жорға» биінің Уханьдағы коронавируспен ауырған науқастарға қалай көмектескенін айтып берді.

 

 

«Науқастармен видеобайланыс арқылы сабақ өткізіп, үнемі байланыста болған жөн. Әр пациентпен жеке күніне 2 рет тыныс алу жүйесін жақсартатын жаттығу жасап, би билеу керек. Бізде модульді ауруханалардың бірінде ұлты қазақ дәрігерлердің бірі «Қара жорға» биін билеуді үйретті. Бұл пациенттерді эмоциялық жағынан да, физикалық жағынан да бір серпілтіп тастағаны рас. Осы биден кейін пациенттердің көпшілігі біразға дейін еңселері тік, көтеріңкі көңіл күймен жүрді», - деді дәрігер Цю Гаунфенг.

 

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда коронавирус дертімен күресуде тәжірибе алмасу үшін келген Қытай дәрігерлерінің онлайн сабақтары әлі де жалғасып жатыр.

 

"Замана"-ақпарат.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ