Күйеуіне арақты қойдыра алмай арпалысып келеді

30.08.2016
Қаралды: 4165

Бүгінде ауру атаулы да, оны емдейтін дәрілердің де түр-түрі көбейіп кеткен. 

Соның ішінде  сау адамды жынды қылатын, құрдымға өзі ғана емес, әйел, бала-шағасын қоса сүйрейтін аты жаман ауру – маскүнемдік болып тұр.

Мен бір әйелді жақсы танимын. Күйеуі көптен бері ішеді. Ажырасып кетпейсің бе дегендерге: «Ол ең оңай жолы ғой. Оның ішкеннен басқа отбасыға зияны жоқ. Қайтсем де осыны адам қыламын», – деп тыраштанатын. Байғұс әйел жалғыз өзі жұмыс істеп, отбасыны асырағанымен қоймай, азғантай айлығын ары-бері тартпақтап күйеуіне арақ қойдырамын деп оны біресе тәуіптерге оқытады, біресе дәрігерлерге көрсетеді. «Қаратқан қарап қалмас» дейді ғой, қарата берейінші, Құдай ниетіме жеткізіп, ішуін қойып кетсе жаман емес», – дейді өзі. Бірақ қанша жерге қаратса да нәтижесі жоқ, күйеуі ішуін қоймайды. Арақ қойдырамын деп алдаған алаяқтардың қаншама жемі болды. 

Жақында сол әйел: «Арақ қойдыратын дәрі бар екен, интернет арқылы тапсырыс бердім. Құдай қаласа, менің де айым оңынан туатын күн алыс емес шығар. Бала-шағам өсіп қалғанда ажырасып кетті деген аттан аулақ, күйеуімнің арақты қойғаны, бала-шағамыздың қызығын бірге көргеніміз жақсы ғой», – деп қуанды. Ниетіне жетуіне тілектестігімізді білдірдік. Бірақ сол әйелдің қуанышы көпке созылмады. 25 мың теңгеге алған дәрісі араққұмар күйеуіне түк те әсер етпепті. Ол арақты қою орнына, керісінше, бұрынғысынан да қатты ішіп кетіпті. Соны мұңая жеткізген ол: «Менің алданып қалғанымды газетке жазшы, тым құрығанда өзім сияқты сорлап жүрген  әйелдер менің қателігімді қайталап жүрмесін. Одан қайта соған кететін ақшаны бала-шағасына жұмсасын», – деді.

Ол қандай дәрі, қалай тапсырыс бердің деп сұрағанымызда интернетте көп адамдар сол дәріге жақсы «отзыв» қалдырғанын, Ресейден шығатын сол дәріге қазақстандық дәрігерлердің оң пікір бергеніне сенгенін айтты. Егер дәрігерлер оған жарнама жасамаса, сенбес едім, ақшамды құртпас едім деп отыр. Бұған не дейсіз?

Қысқасы:

 «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Ақылың мен білімің екі жақтап», – деген дана Абайдың сөзін бағдаршамыңыз етіп алыңыз да,  ешкімге сенбей, тура жүре беріңіз демекпіз. Яғни шын мәніндегі сапалы өнімді жарнамалайтындардан бөлек, олардың атын жамылатын, тіпті жоқ жерден не болсын соны мақтап, жарнамалайтындар да бар екен. Осыны есте сақтасаңыздар екен.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ