Көкөністі сода қосылған сумен жуыңыз

21.04.2020
Қаралды: 95

Естеріңізде болса, біз вирустың пластик, шыны, полиэтилен сынды заттардың бетінде бірнеше сағаттан бес күнге дейін сақталатынын жазған болатынбыз. Бұл дегеніңіз, дүкенге барғанда, азық-түлік салынған пакетпен бірге үйіңізге инфекция әкелу қаупі бар деген сөз. Осы жағдайды айта келе, ұзақ жылдар бойы жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істеген ресейлік дәрігер Ольга Шарапова өзі үнемі қолданатын мына тәсілдермен бөлісіпті:

 

«Полиэилен пакет немесе қағаз қаптаманы дүкенге барар алдын сода қосылған суға малынған шүберекпен сүртіп алыңыз. Мен әдетте 1 литрлік банкаға қораптағы соданың төрттен бір бөлігін салып, оған жылы су құйып, ерітінді жасап қоямын. Асүйдегі ыдыс, пышақ, тақтай, үстел үсті, дүкенге алып баратын пакетті түгел осы ерітінді арқылы тазартамын.

 

Алма, мандарин, лимон, қиыр, қызанақ, редиска секілді жеміс, көкөністерді де алдымен осындай сумен тазартып, соңынан таза суға шайып алыңыз.

 

Үйді сулы шүберекпен тазалау туралы бәріміз білеміз. Бірақ осы дұрыс екен деп, еден, қабырғаларды хлорлы сумен жиі тазарту дұрыс емес. Ондай жағдайда кепкен соң ауаға таралатын хлор тамшылары, ұшқындары тыныс жолдарына түседі. Бірден болмағанмен, біртіндеп оның зияны болмай қоймасы анық. Оның орнына мен сабын мен сода аралас су қолданамын.

 

Коронавирустың ауа-тамшы жолымен жұғатынын білеміз. Бұл вирус тамшылары ауада жүр деген сөз. Сондықтан үйді желдетемін деп терезені жиі аша бермеңіз. Мұны, мүмкін болса, аптасына екі рет қана, онда да вирус белсенділігі азаятын түскі уақытта 10-15 минутқа жасаңыз. Терезені ашпас бұрын жақтауларын содалы сумен сүртуді ұмытпаңыз, - дейді О. Шарапова.

 

Дәрігер текке айтпайды ғой. Мутацияға өте бейім, Уханьнан шыққаны екі жүзге жуық өзгеріске ұшырап үлгерген COVID-19 вирусы шашта ұзақ сақталатыны, көзді уқалағанда да жұғатыны, кейбір жағдайда ешқандай белгісіз бұғып жататыны да кейіннен анықталып жатыр емес пе? Мұның бәрі вирустың өзгеріп, құбылынан секілді. Билік өкілдерінің мейлінше үйде болу мен азық-түлікке бару сынды себептермен далаға көп шықпауды қайта-қайта тапсыруы осыдан.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ