Арманына жеткен Ақниет

30.08.2016
Қаралды: 1730

Кеше ғана атасының соңынан томпаңдап еріп жүрген менің кішкентай  қызым биыл мектеп бітірді. 

Астанадағы Евразия Ұлттық универ­сите­тіне грант­пен оқуға түсті. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Дәл қазір қызымның  балалық шағындағы  тәтті қылықтары  мен марқұм атасының немересіне деген мейірімі есіме түсіп  отыр.

Атасының еркесі

Ақниет  туылғанда атасы жетпіске толған еді. Ол кісі жетпіс жасымда көрген немерем деп Ақниетті қатты жақсы көретін, еркелігінің бәрін көтеретін. Ол кезде ауылда, қазақы үйде тұрушы едік, терезесі төмен болатын.  Екі жасында анық сөйлеген қызым терезеден сыртқа қарап, атасын аңдып тұратын. Үйдің артында сиыр қора мен шөп қора бар. Атасының негізгі тірлігі сол жақта. Сиырдың астын тазалап болған соң шөп турайды. Кейін тураған шөбін қозыларға салмақ болып, шөп қорадан шыға бергенде Ақниет те үйден атып шығады. Себебі қозы тұратын қора жақта азық-түлік сақтайтын қойма бар.  Атасы солай қарай беттегенде  бұл үйден жүгіріп шығып: «Ата, үш жаңғақ бер!» – дейді екен. Атасы қоймадан жаңғақ алып, оны өзі шағып береді. Таңертеңнен кешке дейін атасы қораға қанша рет кірсе, Ақниет те сонша рет жаңғақ жейді. Әр жегенде үшеуден. Сосын бас­қа тамаққа қарамайды. Оны уайымдаған  әжесі: «Үш жаңғақ десе, үшеуін шағып бере салмай, біреуін беріп алдасаңшы, тамақ жемей қойды ғой», – деді бір күні. Сонда атам: «Алдайтын адамды тапқан екенсің! «Біреу, екеу, үшеу» деп санап алады ол», – деп күлген еді.

Ақниет те атасын қатты жақсы көретін. Атасы да таңертеңнен кешке дейін немересінің айтқанын істеуден шаршамайтын.

«Алтын балыққа» тілегін айтқан

Ақниет 1-ші сыныпты Түркістандағы Майшай Әбенова мектебінде оқыды. Әліппе тойы өтіп жатқанда психолог апайы балаларға ойын ойнатты. Ол қолына ойыншық балық ұстап: «Балалар, менің қолымда «Алтын балық» тұр. Кім осы балықты ұстап, тілегін айтса, тілегі орындалады. Кәне, кімде қандай тілек бар? Қолымызды көтеріп айтамыз», – деп жан-жағына қарады. Ақниет бірінші болып қолын көтеріп, рұқсат сұрағандай болып маған қарады. Мен басымды шайқадым. Себебі сол кезде басымызда баспанамыз жоқ, пәтер жалдап тұратынбыз. Үйлі болайық десе, бас­қалардың алдында ұялып қалармын деп ойлағанмын. Мен рұқсат бермегесін ол қолын түсіре салды. Бір оқушы Жаңа жылда Аяз атаны көргісі келетінін, тағы бірі тәтті жегісі келетінін айтты да, зал тынышталып қалды. Менің қызым қолын бір көтеріп, бір түсіріп, жарылып кете жаздап әзер шыдап отыр. Онысын көргеннен кейін айта қойшы дегендей басымды изеп едім, ол асығыс  орнынан тұрды да, «Алтын балықты» қолына қыса ұстап: «Мен мектепті өте жақсы бағаға бітіріп, грантпен оқуға түскім келеді», – деді біреу үйретіп қой­ғандай. Ал психолог апайы: «Сен мектепте өте жақсы оқып, міндетті түрде грант­қа оқуға түсетін боласың. Алтын ба­­лық сенің тілегіңді орындайды», – деді оның сенімін күшейтіп.

Сол жылы біз Шымкент­ке көшіп келдік те, Ақниет 2-ші сыныптан бастап Шымкенттегі Ахмет Байтұр­сынов атындағы №50 мектепте оқыды. 8-сыныпта  Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысты.  Мұнда да сабағын үздік оқып, түрлі олимпиадаларға қатысып жүрді.

¬ызымның  әр жетістігін көріп, қуанған сайын мен ата-енемнің немересіне деген қамқорлығын есіме түсіріп, шүкіршілік етемін. Көкем де, апам  да балық жемейтін. Бірақ алты-жеті айлығынан бастап Ақниетке беретін. Оның балықты жақсы көретіні сондай, атасы мен әжесі, әкесі үшеуі қылтығын алып үлгере алмай қалатын.

Жасынан асып, жүретін кезінен бастап үйден жаңғақ үзілген жоқ. Әр айда зейнетақысын алғанда апам Түркістанға базарлауға баратын. Сонда Ақниетке арнайы  жаңғақ пен тәтті күлшелер әкеледі.  Оған ешкім тиіспейді.

Қариялардың қамқорлығынан қашпаңыз

Қызымның мектепте жақсы оқып, бүгінде грантқа оқуға түсуін мен ең бірінші ата-енемнің немересіне деген мейірімінің, қамқорлығының арқасы деп ойлаймын.

Атасы мен әжесі қанша еркелетсе де Ақниетке кәмпит, шоколад, балмұздақ жегізбейтін. Тәтті тағамдар тәбетін байлайды дейтін. Есесіне, айран, сүт, құрт береміз. Әжесі қызым күшті болып өссін деп ерінбей, қазанға бидай қуырып, оны қол диірмен­мен тартып, талқан жасап беруші еді. Апамның немересіне арнап құлпынай еккені, ең алғаш­қы жемісін өз қолымен теріп әкеліп, аузына салғаны да күні бүгінгідей есімде. «Ертең-ақ қызым бауға кіріп, өзі теріп жейтін болады» деп еді-ау сонда.

Ақниеттің тамақ рационында бауыр мен балық, ет, жұмыртқа да болатын. Әжесі  тамақты қуырмай, қайнатып істегенімді дұрыс көретін. Мұның бәрі бала ағзасының дұрыс дамып-өсуіне пайдасын тигізгені сөзсіз. Марқұмдардың жаны жәннатта болғай!

Жалпы, ата мен әженің қамқорлығында болған бала өзіне сенімді, тәуекелшіл, алғыр болып өсе ме дей­мін. Себебі өзім  білетін атасы мен әжесінің қолында өскен балалардың көбінде осындай қасиеттер бар. Ендеше, жас аналардың құлағына алтын сырға, балаларыңызды ата-әжесі бауы­рына салғысы  келсе, оған қарсы болмаңыздар. Баланы күтіп-баптауды, оның жанына не керектігін бізге қарағанда олар жақсы біледі.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ