Лондонда тұратын Нұрқанат

18.04.2020
Қаралды: 818

Әлемді дүрліктірген коронавирус кеселінен Ұлыбритания да өзіндік әрекеттер жасап қорғануда. Осы орайда біз бұл ел астанасы – Лондон қаласында тұрып жатқан шымкенттік Нұрқанат Сүттібаевпен хабарласып, оған бірер сұрақтар қойған едік.

 

– Нұрқанат, аман-есенсіздер ме? Сіз ол жаққа қашан, қалай барып қалған едіңіз? Қазір немен айналысудасыз?

 

– Мен мұнда отбасыммен бірге бір жарым жылдан бері тұрып келемін. Қазір осындағы «Эрнст энд Янг» компаниясында кеңесші болып жұмыс істеп жүрмін.

 

– Компанияларыңыз немен айналысады?

 

– Әлемдік компанияларға, корпорацияларға жұмысын оңтайландыруға, табысты еселеп, шығынды азайтуға қатысты кеңестер береміз, бизнесті автоматтандыруға көмектесеміз. Көп елдерден, Қазақстаннан да біздің кеңестерімізге, көмегімізге жүгінетіндер бар. Басқа да бағдарламалар бойынша жұмыс істеудемін.

 

– Ол жақта қазақтар көп пе? Араласып тұрасыздар ма?

 

– Лондонда қандастарымыз баршылық, өзара араласып-құраластық бар. Әлеуметтік желілер арқылы да байланыс жақсы жолға қойылған.

 

– Қазіргі жағдайларыңыз қалай?

 

– Қазір бұл елде жұмыстың көбі қашықтан істелінетін болған. Соған үйреніп, жұрт қатарлы жүріп жатырмыз.

 

– Жалпы, Лондондағы жұрттың ахуалы қалай? Онда коронавирусқа қарсы күрес қалай жүруде?

 

– Карантин жарияланған. Тұрғындардан үйден шықпау талап етіледі. Отбасы мүшелерімен бір ауық аз уақытқа сыртқа шығып тұруға болады. Бірақ үш адамнан артық топтасуға болмайды. Өзгелермен ара қашықтық екі метрден жақын болмауы тиіс. Жалпы, мұндағы жұрт аса қажеттілік болмаса, үйінен шықпауға тырысады.

 

Халықтың басым бөлігі оптимистік көзқараста, үрейге берілу байқалмайды. Алғашқы кездері маркеттерде бір аптадай тауар аздығы байқалды, ал қазір бәрі де жеткілікті. Адамдар дүкенге кезек сақтап, араларын екі метр қашықта ұстап кіреді. Іште он-он бес адам жүрсе, сыртта соншасы ретімен кезек күтіп тұрады.

 

Бұл жақта алғашында жасы ұлғайған адамдарға бірден көңіл бөлінді, оларға барлық жағдай жасалды. Оларға азық-түлік жеткізу жағы тез арада жолға қойылды. Ал қазір қажет еткен басқа адамдарға да керегін үйіне жеткізіп беру іске асып жатыр. Бірақ бірінші кезекте қамқорлық қарттарға жасалады. Яғни коронавирус жұғу қаупі жоғары санатқа жататындықтан олар үнемі назарда тұрады.

 

Бұл жақта да алғашқыда залалсыздандыратын заттар, арнайы шығарылған сабын, гельдер жетіспейтін. Бірақ арада көп өтпей бәрі де жолға қойылды. Қазір қажет заттардың барлығы табылады.

 

Кей-кейде бұл жақта да тәртіп бұзушылар болып тұрады, ондайларға айыппұл салынады. Бірақ ондайлар тым көп емес.

 

Жалпы, халық жұмысты қашықтан жүргізуге үйреніп қалды. Студенттер мен оқушылар да қашықтан білім алып жатыр. Балалардың үйде іші пыспас үшін ұлттық телеарналарда ата-аналарға не істеу керегі жөнінде ақыл-кеңес беретін бағдарламалар көрсетіледі.

 

Қысқасын айтқанда, мұнда үйден шықпай отыру жағы болмаса, басқадай жайсыздықтар жоқ. Жұрт жұмысқа барарда жарты сағат, бір сағат метрода шығындалатын уақытын үнемдеп, жұмысын үйде отырып істеп, өзіне пайдалы шаруалармен айналысып жатыр.

 

– Ол жақта коронавирусқа шалдыққандарды қалай анықтайды?

 

 Адам өзінің денсаулығына қатысты қандай да бір жайсыздық сезініп, мазасы кетсе, алдымен емханаға телефон шалып, құлағдар етеді, ондағылардан кеңес алады. Сосын ол жердегілер қажет деп тапса, науқастың үйіне арнайы «жедел жәрдем» көлігін жібереді. Аурудың басқаға жұқпауы үшін осы ең тиімді жолы деп қабылданған. Науқастың емханаға өзі баруына немесе оны туыстарының апаруына жол берілмейді.

 

Дегенмен мұның да бір кемшін жағы бар, шақыртылған «жедел жәрдемдегілер» науқастың ауруын коронавирус емес деп бағалап, екі адам дерті асқынып қайтыс болды. Дегенмен 8 миллион тұрғыны бар Лондонда мұндайды аса қорқатындай шығын санамайтын сияқты. Ең бастысы аурудың жаппай таралып кетуіне жол бермеу керек деп ескертілген. Бұл тұрғыда ғалымдардың айтқанына құлақ асады. Халық көп, тығыз орналасқандықтан карантинді қашан жариялау, оны қашан тоқтату сияқты мәселелерде ғалымдардың кеңестері басшылыққа алынады. Көп шаруа ғалым-профессорлардың жасаған сараптамалары негізінде атқарылуда.

 

 Ал жұмысы тоқтап қалғандарға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

 

 Бір ғана саланы айта кетейін. Шағын және орта бизнесте істейтіндердің лажсыздан ақысыз демалысқа кетуі керек болса, олардың айлық жалақыларының 80 пайызын мемлекет төлеп беретін болып шешілген. Бұл 2500 фунттай ақша, біздің валютаға шаққанда 1 миллион 300 мың теңгедей болады. Мұндағы мақсат – жұмыссыздар санын көбейтпеу. Сондай-ақ карантин біткен кезде жұмысшыларды таппай қалмас үшін де осындай қадамға барып отыр.

 

Мұнда үлкен компаниялар да карантин кезінде салықтан босатылған. Бірақ олар салыққа тиесілі қаржыны кейін төлейтін болады. Осы сияқты басқа да жеңілдіктер, көмектер қарастырылған.

 

 Коронавирусқа қатысты қымбатшылық орын алып жатқан жоқ па?

 

– Англияның экономикасы дамыған, бұл ел мұнай, газ сияқты шикізаттарға тәуелді емес. Өзінен өнімді көп шығарады, өзге елдерден де жеткізеді. Жағдайы долларға, мұнай бағасына қатысты қиындай қоймайды. Мұнда кейінгі кездері ет және кейбір тауарлар болмаса, жалпы алғанда, басқа заттар көп қымбаттаған жоқ. Бізде валюта бағамы өзгерсе шетелден әкелінетін тауарлар бірден қымбаттап кетеді ғой, ал бұларда ондай емес. Ақшаларының құны долларға шаққанда аса төмендеген жоқ.

 

...Қысқа қайырғанда, біз жерлесіміз Нұрқанат Сүттібаевтан осындай жайлар жөнінде білдік. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, Нұрқанат – Түркістан облысындағы Төлеби аудандық «Төлеби туы» газеті редакторының орынбасары, әріптесіміз, журналист Орынбасар Сүттібаевтың ұлы. Оның кезінде әншілік өнерімен белгілі болған келіншегі Жұлдыз Ауданбаева стилист-имиджмейкер ретінде қыз-келіншектерге онлайн имидж-консультация береді. Бүгінде олардың отбасында Елнұр және Бекнұр есімді ұлдар өсіп келеді.

 

Нұрқанат кезінде «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып, өнеркәсіптік инженер мамандығы бойынша білім алған. Оқуын бітіргесін Астанада, министрлікте еңбек еткен, Алматыда тұрған. Бүгінде Лондонда уақытша тұрып жатыр. Ұлыбританияға тәжірибе жинақтау мақсатында барған. Сол жақта екі-үш жыл тұрған соң Қазақстанға оралып, өзінің жиған тәжірибесін елімізді дамыту мақсатына жұмсамақ. Өзінің жеке жобасы бойынша қазақ бизнесін халықаралық дәрежеге шығармақ ниетте. Біз оның осы ниеттеріне жетуіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ