Онлайн-сабақтар қалай жүріп жатыр?

17.04.2020
Қаралды: 485

Бүгінде еліміздегі оқу орындары мен мектептерде білім берудің қашықтықтан жүргізіліп жатқаны белгілі. Ал оның барысы, тиімділігі қандай, бұл істен жұрт қандай ой түюде? Осындай сұрақтарды біз шымкенттік бірнеше азаматтарға қойдық.

 

Айдын Байдыбекова, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті техникалық мамандықтарға арналған жоғары математика және физика кафедрасының доценті:  Біз студенттерді қашықтан оқытуда «ZUM» бағдарламасын пайдаланып жатырмыз. Ол – жақсы құрастырылған, жетілдірілген бағдарлама. Маған өте ұнады. Алғашында бір аптадай қиындықтар болды, бірақ жұмысты меңгеріп алдық. Өткізілетін сабақты алдын-ала жоспарлап, жүйеге енгізіп қоямыз. Идентификациялық нөмірімізді, парольді береміз, студенттер сол арқылы бағдарламаға кіргесін теориялық, практикалық сабақтарды өтеміз. Еш қиындығы жоқ. Басқа аумақтарда, Өзбекстанда тұратын студенттеріміз де осы бағдарлама арқылы дәріс алып жатыр. Қалада барлық жағдай жасалған, тек ауылдарда тұратын кей студенттердің кейде желіге кіре алмай қиналатыны болмаса, басқадай кемшіліктер байқалмайды. Ондайларға тапсырманы «Уатсаппен» жібереміз. Сабақ үлгерімін пайыздық көрсеткішпен бағалап отырамыз.

 

Жалпы, онлайн-оқуды жұрт жаппай меңгеріп жатыр. Бұрын ертең-арғы күні деп, оншалықты мән бермей жүргендер қазір амалсыздан үйреніп алды. Алдағы уақытта олар соның пайдасын көретін болады. Бұл жақсы ғой.

 

 

 

Шырын Мұсабекова, Шымкенттегі №28 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі:  Балаларды қашықтан оқытуға 13-наурыздан бастап кіріскенбіз. Қазақ сыныптары  «Дарын-онлайн», орыс сыныптары «Білім-лэнд» білім беру платформаларына тіркелген. Қазір жұмыс өте жақсы жүріп жатыр. «Дарын-онлайн» бұрын ақылы негізде болған екен, қазір қалыптасқан жағдайға байланысты тегін қызмет көрсетуде. Ондағы өте жақсы бір нәрсе – жоғары сынып оқушылары үшін «Дарын-бонус» деп аталатын бонустар беріледі, бала оны 10 мыңнан асырса, 15 мыңға жеткізсе, мектепке, сынып жетекшісіне, өзіне Алғыс хаттар беріледі. Біздің бір оқушымыз 15 мың бонустан асырып, республика бойынша төртінші орында тұр, қазір одан да жоғарылаған болуы мүмкін. Ол кейін ұлттық бірыңғай тест тапсырғанда пайдасын береді, «Дарын-онлайн» ақылы қызметке көшкен кезде оған жеңілдіктер жасайды. Бастауыш сыныпта 5 мың, «Дарын-бонус» жинағандарды да марапаттап отырады. Сондықтан балалар бұған өте қатты қызығып қатысып жатыр.

 

Мұның бәрі еліміздегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асуы тездетілуіне де өзіндік қозғау салып, үлкен мүмкіндік жасап отыр. Біздің мұғалімдер, оқушылар бәрі компьютерді жақсы меңгерген, электронды түрде жұмыс істей алады. Мектептегі іс-шаралар, мұғалімдер кеңесі де онлайн түрде жүргізілуде, бәріне «ZUM» жүйесі арқылы үйде отырып-ақ қатыса береміз. Жұмыс өте тиімді.

 

Ата-аналар да осылай жұмыс істеуге төселіп қалды, балаларына көмектеседі, сол арқылы мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік бар. Біз орындалған тапсырманы тексереміз, оны «Күнделік.кз» электронды журналында бағалаймыз, жаңа тапсырмалар береміз. Осы арқылы ата-аналар ұстаз жұмысын тереңірек түсініп, алғыстарын білдіріп те жатыр.

 

Қалада қашықтықтан оқытуға жасалған жағдай бар. Ал кей ауылды жерлерде бұған қатысты қиындықтар болып жататынын естудеміз. Келешекте сондай кемшіліктерді жоюда бұл да бір жақсы мүмкіндік. Жарияланған төтенше жағдай, қашықтан оқытудың басталуы бұл саладағы кейбір олқы тұстарды да көрсетіп берді.

 

Жалпы, қашықтан оқытуда мұғалім мен балаға, ата-анаға қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Бұл үшін біз Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовке алғысымызды білдіреміз.

 

Гүлсана Әбденова, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 4-курс студенті:  Мен университеттің музыкалық білім факультетінде оқимын. Елімізде коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланған 16-наурыздан бері қашықтан білім алудамыз. Цифрландырудың тиімді жақтары баршылық қой, дегенмен менің бір аңғарғаным – оның мәдениет саласына қатысты артықшылығынан гөрі кемшілігі басымдау сияқты. Мысалы, студенттердің хор, оркестр сияқты салалардағы дайындығы төмендеп кетті. Әркім әр жақта болған соң оларды бір жерге жинау қиын. Қашықтан оқуды, материалдарды онша меңгере алмай жатқандар бар. Қашықтан оқыту білім сапасына кері әсер етіп жатқан болуы да мүмкін сияқты. Мысалы, мұғалімдер студенттің «шпаргалка» қолданып жатқанын көріп-біле алмайды дегендей...

 

Біз сияқты бітіруші курс студенттерін ойландырып жүрген бір жай бар: диплом аларда емтиханды қалай тапсырамыз деген сұраққа әзірге жауап болмай тұр. Карантиннің қашан бітетіні де белгісіз.

 

Ал артықшылықтарын айтар болсам, қашықтан оқыту кезінде уақыт үнемделеді, жолға шығын жұмсамайсың. Мен қазір Шымкенттемін, ата-анамның жанындамын, үйдегі тыныс-тіршілікті көзбе-көз біліп, шама-шарқымша көмегім тиіп жатыр. Менде қазір 4-сыныпта оқитын сіңлім Әлияның сабағына жәрдемдесуге мүмкіндік бар. Оларға қазір тіпті қиын. Мысалы, математикадан бір есеп шығарса, оны суретке түсіріп, мұғаліміне жібереді, қате болса, ол кері қайтарады, соны түзетіп, қайтадан жіберуі керек. Ал бұған аз уақыт кетпейді. Олар бір күнде өткізілетін бірнеше сабақ пен үй жұмысын орындауы тиіс. Сондықтан балаларға көмектесу керек болады, әйтпесе олар сабақты игере алмайды. Дарынды балалар, озат оқушылар болмаса, үлгерімі төмендерге, онымен қоса ата-аналарға қиын. Әсіресе мектепте бірнеше баласы барларға оңай болмай тұр.

 

Жалпы, бұл күндер ғаламторды пайдалануға және басқа да жайларға байланысты кейбір кемшіліктерді ашып көрсетіп берді, келешекте олар түзеледі, тиісті қорытындылар жасалады деп ойлаймын.

 

Нұрай Мұхаметқали, Шымкенттегі А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің 10 «А» сынып оқушысы: Біз «Дарын-онлайн», «Білім-лэнд», «Уатсап» желілерін пайдаланып онлайн-білім алудамыз. Бұлай оқу тиімді екен, уақыт үнемдеуге болады, сабаққа өзің қалаған уақытта дайындалуға да мүмкіндік бар. Тапсырмалар жеңіл, түсініктірек. Уақыт жеткілікті, үлгере алмаймын деп қорықпайсың. Берілген тапсырма бойынша интернеттен мәліметтер жинап, тереңірек ізденуге де болады. Дегенмен тұрмыстық, материалдық жағдайларға байланысты кей балаларға қиын тиюі мүмкін. Бірақ оларға да ұстаздарымыз барынша жағдай жасауға тырысып жатыр.

 

Бізде интернет жақсы жұмыс істейді. Өзім қашықтан сабақ оқуды меңгеріп алдым. Мектепте телефонды пайдалануға болмайды, тек оқулық арқылы дайындаласың, ал интернетте мүмкіндік басқаша. Біз осы арқылы көп нәрселер үйренудеміз, болашақта оның пайдасы молынан тиері анық

 

Дегенмен бәрібір де мектептің орны бөлек қой. Оны қазір достарымның көбі айтып жүр. Мектепті, ұстаздарды сағындық.

 

Менің анам Раушан Лесова да мұғалім, ол ағылшын тілінен сабақ береді. Шәкірттеріне үйден білім беріп жатыр. Анамның онлайн-сабақты қалай өткізіп, қиналып жүргенін көріп, олардың да мектептегі жұмысты дұрысырақ көретінін сезінемін. Жалпы, біз ғана емес, ұстаздар қауымы да мектепті сағынып жүрген шығар деп ойлаймын. Мына карантин жағдайы тезірек аяқталып, сабағымыз басталса екен деген тілегіміз бар.

 

...Біз сұхбаттасқан жандар осылай дейді. Яғни бүгінде білім беру саласында қашықтан оқыту қызу жүріп жатыр. Оған оқушылар мен студенттердің де, мұғалімдер мен ата-аналардың да біршама төселіп қалғаны байқалады. Ол аталған іс-шараның артық-кем тұстарын да айқын көрсетуде. Жұрт өнер үйреніп қана қоймай, бір-бірінің қадірін де тереңірек түсіне бастаға сыңайлы.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ