Аспапта ойнауды онлайн үйретеді

16.04.2020
Қаралды: 204

Шымкент қаласындағы «Жазира Дала» деп аталатын музыкалық орталығы бұрын-соңды тек қана офлайн қызмет көрсететін. Қазіргі карантин жағдайына байланысты аталған мекеме онлайн жүйеге көшті. Бұл туралы бізге осы өнер ордасының негізін қалаушы Гүлжазира Төлебаева айтып берді:

 

«Иә, қазір біз онлайн оқытуға көштік. Байқасақ, мұның тиімді жақтары көп екен. Адамдар күндізгі сағат 9.00 мен кешкі 21.00 аралығындағы өздеріне қолайлы кез келген уақытта үйде отырып-ақ қалағанын үйрене береді. Рас, қашықтықтан бұлай білім алу көпшілікке үйреншікті жағдай болмағандықтан әу баста күмәнді көрінді. Оқушыларымыздың тарапынан «алып кете аламыз ба?» деген қорқыныштар да басым болды. Бірақ, жұрт қазір мұның өте ыңғайлы екенін түсініп жатыр. Мұнда да сабақ көзбе-көз үйретіледі. Мұнда да өзара байланыс бар дегендей. Бастысы интернет болса болғаны.

 

Біздің онлайн оқитын оқушыларымыз тек Шымкенттен ғана емес, Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Атырау секілді өзге қалаларынан да табылады. Сонымен қатар алты жасар Аяулым атты бүлдіршініміз Кувейт елінен білім алуда. Ол вокалды үйреніп жатыр», ‒ дейді Гүлжазира ханым.

 

Орталықта вокалмен қатар, домбыра, баян, гитара, фортепиано курстары оқытылады. Сабақ аптасына 2-3 рет 1 сағаттан әр оқушыға жеке өтіледі екен. Онлайн оқу бағасы 10 мың мен 25 мың теңгенің аралығын қамтитын көрінеді.

 

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Жазира Дала» музыкалық орталығының оқушылары ‒ аспапта ойнау және ән айту өнерін меңгергісі келетіндер. Олардың қатарында мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар ғана емес, ересектер де бар. Гүлжазира Төлебаева орталықтың үйренушілерді шығармашылыққа баули отырып, болашақта олардың жанды ансамбльдерде ойнап, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне жол ашатынын айтады. Десе де, аталған өнер ордасының өз жұмысын орта жолдан тоқтатып тастамауының бір себебі осында жатса керек.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ