"Жинаған азық-түлігіміздің түбі көріне бастады..." - дейді шаштараз болып нанын тауып жүрген шымкенттік әйел

16.04.2020
Қаралды: 278

Шымкенттің «Жоғарғы Отырар» шағын ауданындағы әсемдік салонында шаштараз болып жұмыс істейтін Жамал Бөгенбаева есімді келіншек бар. Шашты жұқартқызып, боятып-әрлетіп дегендей, оның қызметін пайдаланып тұрамыз. Ашық-жарқын мінезді Жамалмен бүгін арамызда телефон арқылы қысқаша әңгіме өрбіді.

 

- Жамал, жағдайларыңыз қалай?

 

- Жағдай сол, жиғанымызды ішіп-жеп, карантин тезірек бітсе екен деп армандап отырған жайымыз бар.

 

- Бәріміздің арман сол ғой. Сізге тілектеспіз. Жұмыстарыңыз тезірек басталса екен. Шашымыз өсіп кетті...

 

- Иә, көп клиенттеріміз солай деп хабарласып жатыр. Салонда істейтін қыздардың да төзімі таусылды, жұмысты қашан бастаймыз деп күн сайын телефон шалады.

 

- Жұмысты қашан бастайсыздар енді?

 

- Карантин мерзімі мамыр айына дейін ұзартылды ғой. Қашан рұқсат беретіндерін білмей отырмыз.

 

- Жалпы, қазіргі тұрмыс-тіршіліктеріңіз қалай? Отбасыда қанша адамсыздар? Қаржы, азық-түлік жеткілікті ме? 42500 теңге әлеуметтік көмекті ала алдыңыздар ма?

 

- Біз отбасыда 5 адамбыз. Күйеуім мүмкіндігі шектеулі 2-топ мүгедегі, жұмыс істемейді. Екі ұл, бір қызымыз бар. Кенжеміз 15 жаста. Үлкен ұл мен қызға, маған жұмысы уақытша тоқтаған жандар ретінде әлеуметтік көмек шыға ма деп өтініш жібергенбіз. Маған кеше 42 мың 500 теңге тағайындалғаны туралы хабарлама келді. Бірнеше күн бойы қалай болар екен деп уайымдай күтіп едік. Бергеніне шүкір деп қуанып отырмын. Ал балалардың өтінішіне әзірге жауап келген жоқ.

 

Тұрмыстық жайға байланысты алған несиеміз бар еді, оның төлемін кейінге шегеріп берді, бірақ оны бәрібір де төлеуіміз керек қой. Өзім жұмыс істейтін жерге елде төтенше жағдай жарияланған соң-ақ келушілер азая бастаған. 1-сәуірден бері жұмыс тоқтады. Күнделікті табыс түсіріп тұратын кәсіп тоқтағасын жағдай қиындап кетті. Алдында шама-шарқымша азық-түлік жинап алғанмын, бүгінде оның да шеті көріне бастаған. Күніміз қалай болар екен деп уайымға батып жүр едім, енді өзіме тағайындалған әлеуметтік көмек көңілге медеу болып тұр. Ақшасы тезірек қолға тисе екен.

 

- Негізі сіз жұмысыңызды кәдімгідей-ақ сағынып қалған сияқтысыз. Айтыңызшы, шаштараз кәсібі өзіңізге қаншалықты ұнайды?

 

- Жұмысымды сүйемін деп айтып жатады ғой, мен де расында өз кәсібімді сүйемін. Көрсетілген қызмет сапасына қатысты шағым естіген кезім жоқ. Шын жүректен алғыс айтушылар көп. Шашын ретке келтіргізгендер, әсіресе қыз-келіншектер жағы рахметін жаудырып жатады. Әйел заты қуанғанда құлпырып шыға келеді ғой, соған қарап өзім де бір марқайып қаламын. Өзімді дәрежем өсе түскендей сезінемін. Көпшілікке қуаныш сыйлағанның өзіндік ләззаты болады.

 

- Бұрын күндік табысыңыз қанша еді, құпия болмаса...

 

- Күндігіне кем дегенде 5 мың теңге табыс түсетін. Кейде одан аз болады. Әр кезде әрқалай. Кейінгі кездері жұмыс жақсы жүріп, одан да көбірек ақша тауып жүр едім негізі. Мына карантиннің киліккені қиын тиіп тұр.

 

...Шаштараз келіншекпен арамызда осындай әңгіме болды. Сөз арасында білгеніміз - Жамал теміржолшының қызы екен, ол сегіз балалы отбасында туып-өсіпті. Шымкенттегі политехника техникумын технолог мамандығы бойынша бітірген. Бірақ 1990 жылдардағы дағдарысқа байланысты мамандығымен жұмыс істей алмапты. Кейін саудамен айналысқан. Тұрмыс құрғаннан кейін Шымкенттегі «Аягөз» салонында шаштараздыққа оқыған, бірнеше жыл жұмыс істеп, шеберлігін шыңдаған. Бүгінде әсемдік салонын жалға алып, жеке жұмыс жүргізуде. Қол астында бес-алты адам еңбек етеді екен.

 

«Шаштараз боламын дегендерге кәсіптің қыр-сырын оқытып та жүрмін. Ақылы түрде, әрине. Шәкірттерімнің қатарында өмірден өз орындарын тауып, салон ашқандары бар. Кейбірін таныстарыммен келісіп, жұмысқа орналастырып та жүрмін. Бір шәкіртім қазір өзімнің қолымда еңбек етуде», - дейді ол.

 

...Қысқасы, Жамал мен оның қарамағындағы бес-алты адам қазір карантиннің салдарынан үйінде жұмыссыз отыр. Ал бүгінде амалсыздан үйінде қамалып, басы қауғадай болып, «прическасының» сәні кеткен, шашының бояуы оңған талай жан олардың жұмысы басталуын асыға күтіп жүр. Біз осындай жандардың шаштаразшылармен қауышатын күні тезірек келсе екен дейміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ