Ауа райы: сәуір тәуір бола ма?

15.04.2020
Қаралды: 204

Биылғы сәуірдің есте қалар құбылысы – алғашқы онкүндікте қар жауып, күннің күрт суытуы болды. Қазір де қара суықтың күші қайтыңқырамай, жаппай карантинде жатқан жұрттың уайымын үстемелеп тұр. Осы орайда республикалық «Қазгидромет» болжау орталығы Түркістан облыстық филиалымен хабарласып, ондағы мамандардан алдағы ауа райына байланысты болжамдар жөнінде сұрадық.

 

Мекеме директоры Махамбет Жазықбаев бізге былай деді: «7-сәуірде ауа жылуы 25 градусқа дейін барған еді. Кейін күн райы бірден суытты. «Қазгидромет» ауа райын зерттеу орталығының 7-сәуірден бастап толассыз жаңбыр жауып, оның соңы қарға ұласатыны туралы алдын-ала берген апталық болжамы тура шықты. Біз бұған байланысты 3-сәуірде жұртқа ескертіп хабарлағанбыз. Ал қазіргі суықтың беті 15-сәуірден қайта бастауы тиіс. 20-сәуірге қарай күн райы 27—28, 30 градусқа дейін жылиды деген болжам бар».

 

Филиал мамандарынан естігеніміз, кешегі 8-сәуірде жауған қарды біздің өңірге Арктикадан, солтүстік-батыстан соққан суық циклон ала келіпті. Бірақ ол кездегі суықтан 12-сәуірден бергі суықтың күші басымырақ болған. Яғни циклонның екінші толқыны жүріп өткен. Ай соңына қарай осыңан ұқсас құбылыс Түркістан облысының таулы аумақтарында тағы да бір мәрте қайталанатын сияқты. Сосын күн жылиды. Бұл жөнінде бізге аталған орталық филиалындағы жетекші инженер-синоптик Жанар Жәрменова айтып берді.

 

«Қазгидромет» 12-сәуірден бастап Оңтүстікте тағы да жаңбыр жауатыны туралы болжаған болатын. Орталықтың бұл болжамы да тура шықты. 15-сәуірден күн жылына бастайды, ауа температурасы біртіндеп 15-20 градусқа, кей жерлерде 25-30 градусқа дейін жылиды деп күтілуде. Дегенмен үшінші онкүндіктің орта тұсына қарай субарктикалық циклон Оңтүстік өңірге тағы да жауын-шашын әкелмек. 24-26-сәуір аралығында жаңбыр жауады, соның салдарынан бір-екі күнде ауа салқын тартады, таулы, тау бөктеріндегі аудандарда күн суытады деп болжануда. Ал айдың соңын ала күн райы қайтадан жылына бастайды», -- дейді Ж.Жәрменова.

 

Болжам бойынша Оңтүстік өңірде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болмак. Тек таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда ғана ылғал қалыптан артық түседі. Сондай-ақ 25-26-сәуір аралығында солтүстік-батыстан қуаты секундына 25 – 26 метрге жететін жел тұрады деген болжам бар.

 

...«Қазгидрометтің» алдағы ауа райына байланысты болжамдары осындай екен. Сөз соңында «Қазгидромет» орталығы Түркістан облыстық филиалының директоры М.Жазықбаевтың көпшілікке ұсынған бір жаңалығы жөнінде айта кетейік.

 

«Бүгінде «Қазгидрометтің» экологиялық ахуалға байланысты «AirKZ» мобильді қосымшасы жұмыс істейтінін жұрттың біле жүргені дұрыс. Оны интернеттен қалта телефонына жүктеп қойып, қала, облыс, республика аумағындағы ауа құбылыстарын үйде отырып-ақ біліп алуға болады. Экологиялық ахуал, яғни ауа құрамындағы зиянды элементтер мөлшері қалыпты ма, әйтпесе олар шектік мөлшерден қаншалықты асып тұр – соны біле аласыз, ауа температурасы, ылғалдылығы, жел жылдамдығы сияқты параметрлердің бәрін біліп отыруға мүмкіндіктер туып отыр. Қала мен облыс аумағындағы тиісті автоматтандырылған бекеттер үзіліссіз жұмыс істейді, мәліметтер сағат сайын жаңартылып отырады», -- дейді ол кісі. Яғни ауаның құбылыстарын алдын-ала біліп отырғысы келетіндер үшін «Қазгидромет» осындай да мүмкіндіктер жасап отыр екен.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ