Мюнхенде тұратын қазақ ол жақтағы қазіргі ахуал туралы айтып берді

15.04.2020
Қаралды: 300

Германияда тұратын қандасымыз Сүлеймен Шаткам ағамызды білмейтін қазақ кем де кем. Иранда өмірге келіп, саяси қуғынға ұшырауына байланысты неміс жеріне қоныс аударған ол қырық жылдан бері Мюнхен қаласында тұрады. Елден жырақта өмір сүргенмен, Сүлеймен ағаның мұндағы қандастарымен қарым-қатынасы тығыз: Қазақстандағы таныс-туыстарымен күнделікті телефон арқылы хабарласып тұрады. Кешегі сейсенбі күні біз де Сүлеймен ағаға қоңырау шалып, Германиядағы жағдай туралы сұраған едік.

 

Баварияда бәрі қалыпты дейді

 

«Мен ақпан айында Шымкентке бармақ болғанмын. Бірақ әлемді алқымнан алған індетке байланысты бұл сапар кейінге шегерілді. Қазір Германияда 58.112 кісі ауру жұқтырған. Бұл мен сізбен сөйлесіп отырған сәттегі (сейсенбі – 14-ші сәуір) көрсеткіш. Одан 3263 адам көз жұмған. Соның ішінде мен тұратын аймақ – Баварияда вирусты 569 кісі жұқтырыпты.

 

Бавария өте үлкен аймақ қой. Германияны дамытып, асырап отырған осы Бавария. Индустриялық жағынан дамыған, орталыққа көмектесіп отырған осы облыс. Ол ішкі экономикасында ешкімге тәуелсіз аймақ. Мұнда 14 миллион халық бар. Астанасы – Мюнхен. Онда 1,5 миллион халық тұрады. Мен қырық жылдан бері осы қалада тұрамын.

 

Бізде тұрғындарға мүмкін болса далаға шықпаңдар деп ескертілген. Адамдар тек қана азық-түлік алуға шығады. Оның өзінде 1,5 – 2 метр арақашықтық сақталуы тиіс. Далада көңіл көтеру, серуен-сейіл құруға болмайды. Неміс халқы тәртіпке бағынған ұлт қой. Заңды түрде не айтылды, олар соны мүлтіксіз орындайды. Тәртіп бұзып, айтқанды орындамайтын шет елден келген замандастар болмаса, немістердің өзі тәртіпке өте мықты, тиянақты халық.

 

Елдегі жұмыс хоум-офис тәсіліне көшкен. Үйден істеуге мүмкіншілігі бар адамдардың бәрі қашықтан жұмыс атқарып жатыр. Ал адамдармен тікелей байланыста жұмыс жасайтын мамандар – дәрігерлер, клиникалар, полиция қызметкерлері мен күзет – бәрі өз қызметінде.

 

Бағаға келсек, анау айтқандай көтерілген жоқ. Шөп-шалам (көкөніс) құнында сәл өзгеріс бар. Негізгі азық-түліктердің бағасы сәл көтерілді-ау деймін, бірақ көзге бататындай емес. Табылмай, тапшыға айналып, ең қымбатқа айналған – әжетхана қағазы. Ол неге қымбаттап кеткенін нақты білмеймін. Індет деп ірге бекіткен сәтте Америка халқы алдымен қару- жараққа жүгірді ғой. Ал біздің елде сол қағаз сұранысы жоғары болып шыға келді. Бір кезде дүкеннен соны таба алмай да қалдық», – дейді С. Шаткам.

 

Қызылордамен құда болыпты

 

Біз хабарласқан сәтте ол кісі немерелі болып, қуанып отыр екен. Жалпы, Сүлеймен ағаның екі ұлы бар. Олардың есімін қазақтың мақтан тұтар осы азаматтарына тартсын деп Олжас және Абай деп атаған. Атасына немере сыйлаған соның кішісі – Абай екен.

 

«Абай кеше кешке бізді қуантып, ата-әже атын берді, немерелі болдық. Бұл үйдегі келін түрік ұлтынан. Балалар өздері бір-бірін қалап, солай шешім қабылдаған соң біз батамызды бердік. Ал үлкенім – Олжас Қазақстанда білім алды. Елмен қатынасымыз үзілмесін деп Олжасты он үш жасында Алматыға апардым. Олжасым ол жақта Қазақ Түрік лицейінде оқыды. Одан кейін КазҰУ-де Халықаралық қатынас бойынша білім алды. Оны бітірген соң елде боламын, елдің шашбауын көтеремін деп біраз уақыт Атырауда жұмыс істеді. Сосын Түркияда бір жылдай тұрып, білімін жалғастырып, түрікшесін дамытып, кейін Мюнхенге қайтып келді. Екі жыл бұрын үйленді. Құдамыз Қызылордадан. Келінді қазақтың бар салт-жоралғысымен түсірдік: құдалар қызын Қызылордадан ұзатты, құдалық пен тойды біз Алматының төрінде жасадық. Келіннің мамандығы заңгер. Осы жерде немісше оқып үйренді, қазір жоғары білімін жалғастыруға дайындалып жатыр.

 

Екі ұлдың да еншісін бердім. Әрқайсысы өз отанымен өз шаңырағында өмір сүріп жатыр. Екеуі де қызметте, мына жағдайға байланысты жұмысты үйлерінен істеп жатыр. Олармен әзірге қарым-қатынас құра алмай отырмыз. Тек телефонмен байланыстамыз», – деп Сүлеймен аға отбасы туралы да айтып өтті.

 

Наурызды жылда тойлайды

 

Мюнхендегі қандасымыз биыл пайғамбар жасы – 63-ке толып отыр. Бірақ оның зейнетке шығуына әлі бірнеше жыл бар. Бұл елде зейнет жасы – 67 екен. «Мен неміс темір жолында істеймін, күзетті басқарамын. Жұмысым сол. Бұрын біздерде транспорт полициясы болған. Қазір ол жекеменшікке ауысып, күзетке аударып жіберді. Теміржолдың сақшылығын жасаймыз», – дейді ол.

 

Бірақ кейіпкерімізді тіршілігі жұмыс пен үй арасында жалғасқан қарапайым жан деуге болмайды. Сөзге шешен, өзі сергек, қоғамдағы болып жатқан жайларды да назарынан тыс қалдырмайтын ол көпшіл жан. Біз жыл сайын Мюнхендегі қандастардың бас қосып, Наурыз тойын тойлағанын естіп жатамыз. Сүлеймен Шаткам осы шараның басы-қасында жүретін жандардың бірі. «Жылда жергілікті ағайындармен, мұсылман бауырлармен бірге бауырсағымызды пісіріп, наурыз көжемізді қайнатып, концерт ұйымдастырамыз. Бұл мерекеге жылда міндетті түрде атамекеннен – Қазақстаннан әртістер шақырушы едік. Бұған қол ұшын созатын азаматтар бар, елшілік те жәрдем беретін. Биыл да Наурызды тойлаймыз деп барлық шараларды ұйымдастырдық. Алматыдан музыкалық мектептің 9-10 жастағы алты баласын шақырып қойғанбыз. Жағдай мынадай болып, бәріне тиым салынды ғой. Бірақ алаңдайтын ештеңе жоқ, Алла амандығын берсе, қандастар шілде айында бас қосатын шығармыз. Мұны наурыз тойы деп айта алмағанымызбен, керемет бір басқосу болатыны анық.

 

Мен Мюнхенге келген 1980 жылдары мұнда 13 қазақ отбасы бар еді. Қазір оның саны 100-ге жуықтады. Бірақ мұндағы қазақ азаматтарының бәрі ана тілін біледі деп айту қиын. Сөйлесетін, араласатын ортаң болмаса ол қиын нәрсе ғой. Жасы үлкен аға буын болмаса, бізден кейінгі ұрпақ қазақша білмейді деуге де болады. Бір жағынан мұндағы қазақтардың басым көпшілігі Түркиядан келген ағайындар. Олардың негізгі ортақ тілі – түрікше. Енді ішінде қазақша сөйлейтіндер бар, бірақ аз», – дейді ол. Ал өзі қазақшаға ағып тұр, тіпті өзіңді сөзден жаңылыстырады.

 

Мюнхенде тұратын қандасымыз осылай дейді. Ол Қазақстанға жылына 2-3 рет келеді екен. Бұйыртса, алдағы жазда Шымкентке келмек. Сүлеймен ағамен телефондағы сұхбатты сол кезде жалғастыратын болып қоштастық.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ