Қазақ тілін білмейтін Кимге кім көмектесер екен?

30.08.2016
Қаралды: 2065

Жуырда редакцияға Шардара ауданынан бір оқырманымыз хабарласып, аудандық ауруханадағы жансақтау бөлімінің аға дәрігеріне қатысты шағым айт­ты. 

Жақын адамына дәрігерлердің дұрыс қарауы үшін өз есімін атамауымызды өтінген азамат былай деді:

«Бәріміздің де сауатымыз бар. Теледидар көріп, газет оқимыз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын білеміз. Биылғы көктемде Президент Н.Назарбаев бір жиында: «Орысша сұрақ қойған адамға қазақша жауап беріпті. Бұл не сонда? Прокуратура қайда қарап отыр? Басқаларға сабақ болуы үшін мұндайларды жұмыстан босату керек», – деген болатын. Осы сөз кейбіреулердің қолтығына су бүркігендей. Осыны қалта телефондарына көшіріп алып, керекті жерінде пайдалануды ойлап жүргендер де бар секілді.

Елбасының сөзінен кейін әлеуметтік желіде наразылық күшейгенде сол кездегі Президенттің баспасөз хатшысы, кейін министрлік лауазымға көтерілген Дәурен Абаев: «Елбасының айтпақ болғанын дұрыс түсініңіздер. Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі қазақша сұрақ қойғандарға орысша жауап берушілерге де қатысты», – деп түсінік берген болатын. Бірақ Елбасының сөзін жаттап алғандар Д.Абаевтың айтқанына пысқырып та қарамайтын секілді. Мысалы, жуырда менің бір туысым аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Жағдайын сұрасақ, аға дәрігер Татьяна Ким бізге орысша сөйлейді. Арамызда ес білгелі қойдың соңында жүрген, бір ауыз орысша білмейтін ағамыз бар еді. Т.Ким оған да орысша жауап берді. Орысша түсінбейді дегенімізді құлағына ілген де жоқ

Шардарадағы 80 мың халықтың 99 пайызы қазақтар екені белгілі. Басқа ұлттың өкілдері жергілікті халықтың тілінде сайрап тұр. Қазақ тілінде сөйлемейтін тек Татьяна Ким ғана. Әлде 80 мың шардаралық тұрғындар бір дәрігер үшін орысша үйреніп, орысша сөйлеуі керек пе?

Сонда орысша сұрағандарға қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылуы керек те, қазақша, яғни мемлекеттік тілде берген біздің сұрағымызға басқа тілде жауап бергендерге ешқандай шара көрілмейді ме? Олай болса, Ата заңымыздағы  қазақ тілі мемлекеттік тіл деген бапты алып тастау керек шығар. Іс жүзінде орындалмайтын заң кімге керек?»

Шардаралық азамат, міне, осылайша ашынып отыр. Өткен аптада Шардараға жолымыз түскен еді. Сонда аудандық аурухананың жансақтау бөліміндегі аға дәрігер Татьяна Кимге аталған мәселе жөнінде бірнеше сұрақ қойдық. Ол өзінің мемлекеттік тілді мүлде білмейтінін айтты. Сөзіне қарағанда, Шардараға Өзбекстаннан көшіп келгеніне 41 жыл болыпты. Қазақтардың ортасында тұрса да оның осынша уақытта бір ауыз қазақ сөзін үйренбегеніне қайран қалдық. Егер ол осы кезге дейін Өзбекстанда тұрғанда өзбек тілін үйренбеуі мүмкін бе еді? Әрине, жоқ. Олай болса, ол неге қазақ тіліне шекеден қарайды?

М. ҰЛЫҚБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ