Шымкенттің өзі де жер дауынан кенде емес

30.08.2016
Қаралды: 1299

Бүгінде Оңтүстікте ешкімге жер телімі беріліп жатқан жоқ. Әрине, бұл ресми мәлімет. Себебі кезінде облысты басқарған Асқар Мырзахметов: 

«Бірінші су, жол, газ, жарық тартып алайық. Жер содан кейін беріледі» деп шешім қабылдаған болатын. Содан бері сегіз жыл өтті. Әлі күнге бос жат­қан жерге халықты орналастыру үшін коммуникация тартылып жатқанын көргеніміз жоқ.

Қарапайым тұрғындар жер сұраса шенділер жаттанды сөз айтудан аспай келеді. Бірақ соған қарамастан жердің берілгені туралы естіп қаламыз. Тіпті мектеп немесе аурухана салынады деген жерлер де біреулердің меншігіне өтіп кетіп жатса керек. Бұл жөнінде қоғам белсендісі Жанысбек Өтеген (суретте) былай дейді:

«Елімізде жерге қатысты дау күшейген тұста республикада Жалпыұлттық «Алаш жолы» қозғалысы құрылған болатын. Соның бөлімі біздің облыста да жұмыс жасап жүр. Төрағалыққа Шаруа Пірмат мырзаны сайлағанбыз.

Жуырда бізге қаладағы «Ынтымақ-1», «Ынтымақ-2», «Жаңақұрылыс» елді мекендерінің тұрғындары Есболат Әбуов пен Қасым Найманбаевтан екі арыз түсті. Оның көшірмесі облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа, облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреевке және облыс прокуроры Ибраһим Имановқа жазылған. Біріншісіне – 16, екіншісіне 19 адам қол қойған арыздың мазмұны төмендегідей:

«Елді мекендер ортасынан мектеп, балабақша, стадион және аурухана салу үшін қалдырылған 17 гектар алқапты билік орындары халықпен санаспай, біздің сыртымыздан жеке құрылысқа сатып жатқанын естідік. Осы мәселе туралы шағымданғанымызда Абай ауданы әкімдігіндегілер бізді жер дауына араластырмаңыздар деп шығарып салды.

«Алаш жолы» қозғалысының мүшелері! Жер үшін шырылдап, жазықсыз түрмеге түсіп жатқан сіздердей азамат ұл-қыздарымыздан араша сұраймыз. Бізге ауадай қажет әлеуметтік нысандар сатылып, жердің әкім-қаралардың құлқынының құрбаны болып кетуіне жол бермеуіңізді сұранамыз».

Міне, арызды зерттеу барысында біз біраз нәрсеге көз жеткіздік. Қолымызға түскен топографиялық сызбада мектеп пен аурухана салынады деген алаң ортасынан бір жеке тұлғаға кадастрлы нөмірі 2053339 жер телімі бөлінгені көрініп тұр. Бұдан кейін сызбада көрсетілген сол және басқа да жер телімдері жеке тұлғаларға қашан және қандай мемлекеттік мекеменің құзырымен берілгенін немесе беріліп жатқанын сұрап облыс әкіміне хат жазып, оған Ш.Пірмат, Ж.Сейтінбет, Ө.Ақжігіт, И.Әлсерке, Ж.Әбішев, Л.Байжанов және мен болып барлығы жеті адам қол қойдық.

Біздің хатымыз қалалық әкімдікке жіберілсе керек, көп ұзамай қала әкімдігінен жауап келді. Онда жердің бұрынғы әкімдер тұсында заңсыз берілгені, енді оны қайтарып алу үшін құжаттар дайындалып жатқаны туралы айтылған».

Қысқасы, Оңтүстікте танысы мен ақшасы барлар қалаған аумағынан жер теліміне қол жеткізеді деген сөз шындық секілді. Қарапайым халық жылжымаған кезегін күтіп әлі жүр. Ал танысы барлар жерді алып жатыр. Сонда тұрғындар «Алаш жолы» қозғалысына арызданбаса мектеп салынады деген жер жеке адамдардың қанжығасында кете беруі керек пе еді?

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ