Дәрігерлер арасында коронавирус жұқтырғандар неге көбейіп кетті?

14.04.2020
Қаралды: 128

Елімізде коронавирус індетімен күресіп жатқан медициналық қызметкерлеріміздің де арасында бұл індетті жұқтырып алғандар көбею үстінде. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова аталмыш оқиғалар неліктен жиілеп кеткені жайлы онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында баяндап берді.

 

«Қазақстанда коронавирусты жұқтыру жағдайы неліктен медицина саласының қызметкерлері арасында өршіп барады? Осы мәселені Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты департаменттері зерттеген болатын. Мысалы, дертті жұқтырудың алғашқы жағдайы Алматы қаласындағы балалардың инфекциялық ауруханасында тіркелді. Сондағы аумақтық департаменттің мәліметіне сүйенер болсақ, онда медицина қызметкерлері тәулік бойы стационарда жүрген. Сол мезетте ауысымдардан кейін дәрігердің тұратын әрі демалатын орны жасақталмаған болатын. Осылайша дәрігерлер амалсыз стационарда қалуға мәжбүр болған», - деді Людмила Бюрабекова. Сонымен қатар дәрігерлердің жұмыстан шаршауы, жұмыстың 10 сағатқа созылуы, кей жағдайда жеке сақтық құралымен қамтылмауы немесе оны дұрыс пайдаланбау жағдайлары да анықталған.

 

«Қарағанды облысында да жұмыс режимінің бұзылу фактісі тіркелді. Ол жақта да дәрігерлер тәулік бойы жұмыс орнында болған. Ондағы дәрігерлердің де біразы жеке сақтық құралдары мен дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілмеген белгілі болды.

 

Атырау облыстық ауруханасында COVID-2019 ауруы бойынша күдікті болып түскен аяғы ауыр әйелге дәрігерлер лайықты деңгейде абайлап қарамаған. Медицина қызметкерлері осылайша өзін қорғау тәртібін орындамаған. Нұр-Сұлтандағы коронавирустың ошағы саналатын үш медициналық ұйымдағы (ондағы дәрігерлер коронавирус жұқтырған пациенттерді емдеуге жұмылдырылмаған) дәрігерлер басқа жерде коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болған», - деді ол.

 

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен, дәрігер-инфекционисттің шағымы бойынша «Мерке» емханасында да арнайы тексеру жұмысы жүргізілді.

 

«Шағым бойынша түскен факттардың бәрі де расталды. Аталған тексерістің қорытындысы бойынша, Жамбыл облысының басшылығы емхананың басшысы мен бас есепшісіне қатысты шара қабылдады. Сол секілді басқа өңірлерде де қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан, істерді сот органдарына жібердік. Алматыдағы департаменттің тексеру қорытындысымен сот органдарына 6 жеке медициналық ұйымның лицензиясын тоқтату туралы шағым берілді», - деді ол.

 

Людмила Бюрабекованың сөзінше, медициналық қызметкерлердің арасында вирус жұқтырудың басты себептері – медициналық ұйым басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың персоналды қорғау шараларын дұрыс орындамауы, атап айтқанда жеке қауіпсіздік құралымен, дезинфекциялық құралмен қамтамасыз етпеу, нұсқаулықтарды дұрыс жүргізбеу, нысандардың техникалық жай-күйі (таза және лас аумақ деп бөлінбеуі), еңбек режимінің бұзылуы, сондай-ақ қауіпсіздік құралдарын дұрыс пайдаланбауы (кию, шешу) болып табылады.

 

«Карантин нысандарында медициналық қызметкерлердің демалу жағдайларының шарты мемлекеттік комиссияның хаттамасында нақты көрсетілген болатын. Алайда бұл тапсырма бүкіл аймақ орындамай отыр. Тек үш өңір – Ақтөбе, Жамбыл және БҚО облыстары медициналық қызметкер үшін осындай жағдайды жасауда», - деп өз сөзін аяқтады.

 

"ЗАМАНА".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ