Карантин кезінде қандай бизнес тиімді?

09.04.2020
Қаралды: 309

Төтенше жағдайға байланысты бірқатар сауда орындары, кинотеатрлар, мейрамханалар, басқа да көпшілік жиналатын орындар жабылып, қожайындары шығынға батып жатса, «басы істейтін» пысықтар карантин кезінде үйде қамалып отырса да табыс таба алады. Саралап көрейікші, төтенше жағдай кезіндегі карантин қандай кәсіп иелерін пайдаға кенелтеді?

 

Жеткізіп берумен айналысатындар

 

Дәрі-дәрмек, азық-түлік, тіпті киім-кешекке дейін жеткізіп беру қызметін ұсынатын курьерлердің жұмысы қызды (әрине, дезинфекциялық талаптарды мұқият орындаса). Кейбіреулері жұмыс істейтін адам жетпей жатқандарын айтады.

 

Онлайн курстар

 

Қашықтықтан оқытатындарға да сұраныс артты. Түрлі тіл үйрететін курс­тарды айтпағанда, фитнеске дейін онлайнға көшіп жатыр. Енді «түпсана» жайлы тренинг өткізетіндер үшін үйде отырып сабағына қатысатындар қатары артады.

 

Қор биржасы

 

Мұнайдың бағасы түсіп кеткен соң іле-шала ондағы акцияларын сатып жібергендер (ұсақ инвесторлар ғана емес, ірі ойыншылар да) жаппай валюта саудасына кірісіп кетті. Біраз «серфинг» жасап, пайда тауып жатқандар да бар.

 

Такси

 

Ірі қалаларда қоғамдық көліктер жүрісін азайтқан соң, таксистердің жұмысы қызды. Тіпті дайын тамақты таксимен алдыратындар да бар.

 

Дезинфекция жасайтындар

 

Көпқабатты үйде қандалаға дезинфекция жасаймыз деп, көршілерін улап өлтіріп алған жағдайдан соң, бұлардың жұмысына тиым салынған сияқты еді. Енді үйлерді айтпағанда, көшедегі аялдамаға дейін залалсыздандыруға кіріскен кәсіп иелеріне сұраныс артты.

 

Тігіншілер

 

Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан ірі тігін цехтары үш ауысымдық жұмыс­қа көшкен. Одан бөлек, қолынан тігін тігу келмегендерді де «өзіміз үйретіп аламыз» деп, маска тігу үшін адам іздеп жатқандар көбейді. Тіпті күніне бірнеше сағат қана жұмыс істейтін – масканы тегін тарататын адамдар тапшы. Әкімші­ліктерден осы жұмыс үшін тапсырыс-тендер алып жатқандар да бар.

 

Авто жөндеу

 

Көлік жөндеу орындары ашық. Оларда қазір «сезон» деуге болады. Себебі көктем шыға қармен бірге еріп кететін асфальт бұл жерге жүргізушілерді қойша айдап тығуда.

 

Мемлекеттік тапсырыс

 

Қытаймен шекара жабылған соң, мемлекеттік сатып алу, жалпақ тілмен айтқанда, «госзакупкамен» айналысатын ағайындар тығырыққа тірелгендей еді. Үкімет олардың жұмысын да жеңілдетпек. Арасындағы маска, антисептик, тепловизор, тест т.б. медициналық жабдық жеткізушілердің тынысы ашылды.

 

Дәріхана мен азық-түлік дүкендері

 

Бұлар карантин тұрмақ, ұлы дағдарыста да жұмысын тоқтатпайды. Дәл қазір алушысы артқан бизнес түрі тап осы деуге болады.

 

Бала күтуші

 

Мектеп, балабақшалар жұмысын тоқтатқалы үйдегі кішкентайларға бас-көз болатын адам табылмай, «нянька» ізде­гендер көбейген. Соған сай тап қазір ба­ла күтушілерге деген сұраныс пен баға­сы өсіп тұр.

 

Ұзын-сонар тізімнің бір парасы осы. Басқа алып-қосарыңыз болса, айта отырыңыз!

 

(Әлеуметтік желідегі жазба).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ