Жаңадан көшіп келген көршісі үстінен арыз жазыпты

09.04.2020
Қаралды: 289

Сәруар апай зейнеткерлікке шыққанымен бос отырмай, балаларға көмек болсын деп аздап тары-талқан жасап сататыны бар. Сатады дегенде базарда тұрмайды, күнделікті істегені көрші-қолаңнан-ақ ауыспайды.

 

Той, садақаға деп тапсырыс берсе ғана молдау жасайды. Тары-талқаны дәмді, шайға салсаң иісі бұрқырап-ақ тұр. Содан ба, әйтеуір тез өтіп кетеді.

 

Жақында тарыға тапсырыс бермек болып барғанмын. «Соңғы кезде тарымен айналысуды қойдым», – деп отыр екен. Себебін де айтып берді, барлық бәле жаңа көршісінде екен. Жиырма жыл көршісі болған Мүнира үйін сатып көшіп кеткеніне үш айдай болған. Жаңа көршісі Исабек пен Гүлжамал да өзі қатарлас адамдар екен. Сәруар апай үйіне шақырып, шәй бергенде Исабек көршісі әңгімесін айтып жақсы отырған еді.

 

Енді, міне, соңғы кезде Сәруар апай тары салмақшы болып ауласындағы ошағын жаға бастаса келіп: «Өрт шықса менің де үйім кетеді, сіз тары сатып байып болған шығарсыз. Енді қоймасаңыз арыз жазамын», – деп сөйлеп кететінді шығарыпты. «Ойбуй, ошағым сенің аулаңнан алыс тұр ғой. Өзім де жел болса жақпаймын. Балалардың банкке қарызы бар еді, кейде айлыққа дейін қиналып қаламыз. Соған қосымша болсын деп жүргенім ғой, әйтпесе сериалымды көріп жатпаймын ба?» – деп апай түсіндіріп-ақ жіберген екен. Құдайы көршім ғой, арыз жазамын деп тек әшейін айта салған болар деп жүре беріпті. Сөйтсе бір күні аудандық инспектор келіп тұр дейді.

 

«Апай, үстіңізден арыз түсті. Бір ай қадағалауда боласыз», – деген. Өмірінде мұндайды көрмеген Сәруар апай шошып кетіпті. «Өмір бойы «Көрші ақысы – тәңір хақысы», – дегенді естіп өсіп едік. Көшіп кеткен Мүнира көршім жақын туысымдай болып кетіп еді. «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», – деп қалай біліп айтқан атам қазақ. Заман өзгерген жоқ, адам өзгерді-ау. «Тары сатып байыдың», – деген сөзін ұнатпап едім. Менен асып кетер деп қызған­ғаны ма, бұл қалай болып кетті өзі?» – деп апай қатты ренжіп отыр екен. Содан бері тары дайындауды қо­йыпты.

 

«Атың жаман болса сатып құтыласың, көршің жаман болса қайтіп құтыласың?» деген осы екен. О дү­ние­де де «көршіңмен қалай болдың?» – деп сұралады дейді ғой. Көршімен күндес болмайық, керісінше «Көршіңе кілем сыйла, бір шетінде өзің отырасың», – дегенді ұмытпайық...

 

З. ДӘУЛЕТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ