Маралдым маңызды іспен айналысуда

08.04.2020
Қаралды: 193

Алматыда көмекке мұқтаж жандарға жәрдем етіп жүрген «HOLA AІD» атты еріктілер тобы пайда болды. Олар зейнеткерлердің, мүгедек жандардың сұрағандарын ақысыз түрде үйлеріне дейін әкеліп береді. Біз осы жобаның ұйымдастырушысы Маралдым Бектұрғановамен сөйлескен едік.

 

– Әсіресе, қазіргі карантин кезінде қарт адамдарға үйден шығып, азық-түлік алу өте қиын. Сондай кісілерге көмегіміз болсын деп осы «HOLA AІD» жобасын жақында ғана бастап кеттік. Қарт кісілер, мүмкіндігі шектелуі жандар, көп балалы аналар бізге хабарласып, өздеріне керекті тауар түрлерін айтады да, қажетті соманы аударады. Біз сол ақшаға олардың сұрағандарын сатып алып, үйлеріне ақы­сыз түрде апарып береміз.

 

Көбіне-көп бізге азық-түлікке, дәрі-дәрмекке тапсырыс береді. Біз мұны адамдар үйде қалсын, сыртқа шықпасын деген мақсатта жасап отырмыз, – дейді ол.

 

Бұл – еріктілер жасап отырған жалғыз жәрдем емес. Олар осыған дейін де біршама ізгі істер атқарып келген.  

 

– «Инстаграм» парақшамызда оқырмандарымыз өте көп. Солардың арасынан көмек қолын созғысы келетіндер үнемі табылып тұрады. Мысалы, жуырда Алматы қаласындағы бір кофехананың атынан біраз азық-түлік келді. Біз оның барлығын теңдей бөліп, көп балалы үш отбасыға жібердік. 

 

Сонымен қатар, «HOLA AІD» еріктілері ұйымдастырған тағы бір қайырымдылық шарасы осыдан бір апта бұрын өз мәре­сіне жетті. Онда Алматыда тұратын Ұлы Отан соғысының 102 ардагеріне жеке адамдардың қайырымдылыққа деп өз еркімен жіберген қаражатының есебінен 2-3 аптаға жететін азық-түлік сатып алып берілді. Небәрі 20 сағаттың ішінде 3 миллион  200  мың теңге жиналып, бір апта ша­масында 102 қарт кісіге 30 мың теңге кө­леміндегі  азық-түлік алдық. Оның ішіне 3 килограмм сиыр еті, 3 кило тауық еті, сондай-ақ күріш, қант, шай, картоп, ұн, жұмыртқа, қарақұмық, т.б болды», – дейді Маралдым.

 

Жастардың жақсы істердің жанынан табылуы қуантарлық жағдай. Бұл халықтың қиындықта қашан да бірге екенін байқататындай...

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ