Көңілбайдың интернет-дүкені көңілден шығып тұр

08.04.2020
Қаралды: 190

Қазіргі карантин кезінде бұрынғыдай базар, дүкен аралап жүруге тиым салынғандықтан көп адам қалаған уақытында көшеге шыға алмай қалды.

 

Десе де, көптеген онлайн-кәсіпкерлер адамдардың бұл мәселесінің шешімін оңай тауып жатыр. Соның бірі – «Алло, не керек?» интернет-дүкені. Аталған жобаның авторы – Көңілбай Шүкенов. Қазіргі таңда «Алло, не керек?» жобасы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр екен. Біз бұл туралы Көңілбай мырзаның өзінен сұраған едік. 

 

– «Алло, не керек?» интернет-дүкенінің негізі 2016 жылы қаланды. Мұның басқалардан ерекшелігі – тауарлардың барлығы ешқандай делдалсыз, тауар өнді­рушілердің өзінен тікелей жеткізіледі. Сондықтан кей тауарлардың бағасы базар бағасынан арзанырақ. Жеткізіп беру де тегін.

 

Тауар өндірушілермен жұмыс істегенде тауардың сапасына өте қатты мән береміз және адамның денсаулығына зиянды өнімдерді сатудан бас тартамыз. Біз үшін тұтынушылардың сенімі маңыздырақ. Әрине, дүкенімізде тауардың барлық түрі сатылады дей алмаймын. Десе де, азық-түлік пен киім-кешек толығымен табылады.

 

Интернет-дүкеніміздің тағы бір артықшылығы – мұнда шақыру сілтемесі бар. Сол арқылы адамдар басқаларды да осы дүкеннен сауда жасауға шақыра алады. Шақырылған әрбір адамнан 3 пайыз кэшбэк түседі. Кешбэк дегеніміз – қайтып келген ақша. Егер клиенттеріміз өзінің туған-туыстарын, достарын тіркеп қойса, жинал­ған пайызды жетекшісі өзім болып табылатын «AMANAT HOME» компаниясы ар­қылы үй алу үшін алғашқы жарна ретінде пайдалануына болады немесе интернет-дүкендегі басқа тауар түрлеріне қол жеткізуге мүмкіндік жасалған, – дейді ол. 

 

Кәсіпкердің айтуынша, «Алло, не керек?» интернет-дүкені арқылы тауар сатқысы келетін адамдарға үлкен мүмкіндік берілген. Оларға үш нәрседе жеңілдік болады: жалға ғимарат алмайды, сатушылар қажет емес, жарнама жасамайды. Олар үшін жарнаманы халықтың өзі жасайтын болады. Себебі, жоғарыда айтып өткендей, кэшбэк жүйесі жұмыс істейді.

 

– Қазіргі заман талабы сол, көптеген кәсіп түрі онлайн жүйеге өтуде. Байқасақ, қазір нарықта тұтынушылар үшін талас болып жатыр. Сырттан келген маркетингтік компаниялар халықты өздеріне тартып алып қоюда. Болашақта сондай компанияларға төтеп береміз деген сенімдеміз.

 

«Алло, не керек?» – әлемде болмаған қазақстандық жоба. Қазір оның мобильді нұсқасын тестілеп жатырмыз. 5-6 айдың көлемінде бұл республика бойынша жұ­мыс істейтін үлкен интернет-дүкенге айналады. Сол мақсатта заңгерлерді де, маркетологтарды да, ІT мамандарын да жұмылдырып отырмыз. Мұны мен Қазақстан үшін өте маңызды жоба деп білемін, – дейді ол.

 

Расында да, үйде отырып, қалағаныңа тапсырыс бере алатын мұндай интернет-дүкендер халыққа өте ыңғайлы. Сондықтан «Алло, не керек?» секілді қызмет сапасына мән беретін сатушылар саны көбейсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ